Шымкент шаһарының танымал дәрігері

392
0

42Адам жанының арашашысы болу – үлкен жауапкершілік пен қырағылықты, әділдік пен адалдықты талап ететіні сөзсіз. Шымкент қаласындағы №2 қалалық емхананың бас дәрігері Құрманбекова Гүлнәр Мамытқызы осы талап үдесінен шығу үшін 30 жылдан бері медицина саласында тер төгіп келеді. Қызық. Бала кезінде-ақ өзге құрбылары «үйшік», «бес тас» секілді ойындарды ойнап, доп қуып жүргенінде Гүлнәр апай қуыршақтарын бірінен кейін бірін тізіп қойып, өзі дәрігер болып ойнапты. «Әпкемнің ақ кофтасын киіп ап, бір қуыршағыма дәрігерге уақытылы қаралмағанына ренжіп, бір қуыршағыма дәрі жазып, әлекке түсіп жататынмын» — дейді, өткен күннің елесіне айналған бал шақтағы қызықтарын еске алып.

Сол бала арманы мектепті бітіргеннен кейін батыл да өжет мінезді ауылдың қарапайым қызын Алматы Мемлекеттік медициналық институтына жетелеп келді. Алып шаһарда бағыт-бағдарын айқындап алып, бар ынта-шынтасымен жауапты мамандықтың қыр-сырын игеруге, қатарының алды болуға ұмтылды. Ізденді. Сүйіп таңдаған мамандықтың шыңына шықсам деп армандады. Қолына диплом алған соң Гүлнәр апай өзге курстастары секілді қалада қалмай, далаға қайтты. 1983 жылы өзі туып-өскен қасиетті Отырар өлкесінен бастады еңбек жолын. «Жас келсе іске» деген. Жас маман жанын салып кірісті жұмысқа. Аз ғана уақыттың ішінде өз ісіне деген адалдығы мен біліктілігі жанына дауа іздеп келетіндердің көңілдерінен шығып, ауылдың абзал дәрігеріне айналды. Ауыл адамдарының басты байлығын қорғауға 16 жыл еңбек сіңіріпті. Еңбегі еленіп, аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасарлығына да көтерілді.
Ал 1999 жылдан бері Шымкент қаласындағы №2 қалалық емхананың бас дәрігері қызметін тапжылмай атқарып келеді. Басы ауырып, балтыры сыздап келгендердің барлығымен тіл табысу оңай шаруа емес, әрине. Ал біздің кейіпкеріміздің күлімсіреген көздері, жылы сөздері дертіне шипа іздеп келгендердің де, көмек сұрап келгендердің де жанын жадыратып, күш-қуат береді. «Негізі науқас адам Алладан кейін дәрігердің айтқанына имандай сенеді ғой. Содан да болар, жылы сөз, ыстық ықылас дәметеді. Кейде емделушіге «қорқатындай дәнеңе жоқ, біраз ем алып, өзіңізге күтім жасасаңыз, дертіңізден құлан-таза айығып кетесіз» деген бір ауыз жылы сөздің өзі қанат бітіреді, — дейді күлімдеген Гүлнәр апай.
Дәрігерлік мамандық – жауапты мамандық. Жан жүрегіңмен таңдамасаң болмайды. Қателік жіберуге қақың жоқ. Қазіргі таңда дәрігердің салдыр-салақтығынан өмір бойы темір төсекке танылып, өлім құшып жатқандар да көп. Гүлнәр апай алдымен кадрларының білім-біліктілігіне қатты мән береді. Ұжымдары ұйымшыл.  Сол себепті де ауызбіршілігі айрандай ұйыған аурухана қызметкерлеріне сырқаттардың айтар алғысы шексіз.
Еткен еңбектің жемісін көруден артық бақыт жоқ шығар, сірә. Гүлнәр апайдың марапаттары бір басына жетіп артылады. 2001 жылы ел тәуелсіздігінің  10 жылдығына орай шығарылған арнайы медальмен марапатталып, 2002 жылы «ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағына ие болды. 2004 жылы ҚР Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссияның өткізген «Әйел басқаратын ең үздік кәсіпорын» байқауында «Денсаулық сақтау саласы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. 2006 жылы  Президенттік сайлау науқанында белсенді атсалысқаны үшін ҚР Президентінің Алғыс хатына ие болды. 2008 жылы «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медалімен,  2010 жылы  айрықша игі де қайырымдылық  істері үшін «Сауаб» медалімен, ҚР денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағы  үздігінің төсбелгісімен, 2011 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Шымшаһардың қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне, көркеюіне қосқан қомақты үлесі үшін қала әкімінің тарапынан көптеген құрмет грамоталары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ОҚО бойынша департаменті тапсырған алғыс хаттары тағы бар.

Қала тұрғындарының түйткілді мәселерін шешуге себім тиер деген ниетпен  Шымкент қалалық мәслихатына үміткерлікке түсіп, үшінші, төртінші және бесінші шақырымының  депутаты болып  сайланған Гүлнәр Мамытқызына мұңын айтып келушілер көп бүгінде. Бірі мүгедек баласының, бірі әлеуметтік жағдайын, бірі жұмыссыздық мәселесін жеткізеді. Ешкімнің көңілін қалдырғысы келмейтін Гүлнәр апай мүмкіндігінше бәріне көмек қолын созуға тырысады. Былтырғы жылы сайлаушылардан 36 арыз түсіп, тиісті мекемелерге жолданып, шешімін тауыпты. Сайлаушылары үшін Гүлнәр Құрманбекованың есігі қашанда айқара ашық, іздеген жандар емханадан табады.
«Бұдан 10 жыл бұрын Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер болып, алғаш рет сайлауға түскенім әлі есімде. Ол жылдары қазынада қазіргідей қыруар қаржы жоқ еді. Десе де. бағдарламамды түзіп, халықтың алдында ол тірліктерді атқаруға уәде бердім. Атқаруға тырыстым да. Өзім түскен сайлау округінің жолдары асфальтталды, көпқабатты үйлердің ауласында ойын алаңшасы ашылып, көшелер жарықтандырылды. Бағдаршамдар орнатылды. Осылайша, халықтың маған деген сенімі нығайып, төртінші және бесінші шақырылымда да қолдау көрсетті. Өйткені көптің көзі ашық. Қай депутаттың қандай тірлік атқарғанын бес саусағындай біледі, бақылап отырады» – дейді Гүлнәр апай.
Жоқ-жітікке көмек қолын созуды азаматтық парызым деп білетін Гүлнәр Мамытқызы тұрақты комиссия төрағасы  және денсаулық сақтау саласының қызметкері ретінде,  сайлаушыларға тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық қызмет көрсетуді жақсартуға және көптеген тұрмыстық мәселелерді шешуге және Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне, ардагерлерге, тыл еңбекерлеріне, қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне медициналық қызметтер мен  тұрмыстық мәселелерді шешуге көмек көрсетуде. Бұдан басқа, талай-талай қайырымдылық шараларына белсене қатысып, талай түйткілдің шешілуіне себі тиген. Бірақ, «оң қолың жасаған жақсылықты, сол қолың білмесін» деген сөзді жанына мықтап түйген Гүлнәр апай «мен бүйттім, мен сүйттім деп» тындырған тірліктерін айтқысы келмейді. Дабыра қылу – оған жат.
Үйде балалары мен немерелерінің аяулы анасы, әжесі, емханада қаншама емделушінің жанына сая болып жүрген Гүлнәр Мамытқызын және өзі басшылық жасап отырған №2 ауруханасының ұжымы мен барлық медицина қызметкерлерін ке¬ле жатқан мерекелерімен құттықтаймыз. Ертелі-кеш тынбай, адам өміріне араша болып жүрген ақ халаттылардың еңбегі жемісті, абыройлы болсын деп тілейік!

Әйгерім БЕГІМБЕТ