Төрт құбыланы түгендеп болып, енді бізге «трайбализм» қалды ма?

райымбек-202x300Сонау XVІ ғасырда өмір сүрген, халқының қат-қабат тарихында мәңгілікке қалған, аузы дуалы, сөзі уәжді, қазақтың бас биі Төле Әлібекұлының «жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген сөзі әлі де мәнін жойған жоқ. Дала ғұламасы ұрпағына осы ұлағатты сөзін қуанғаннан емес, жүрегі қан жылағаннан, халқының топқа бөлініп, атаға ыдырап, ынтымағы кетіп, жауына қарсы тұра алмаған кейбір сәттеріне қапа болғанда айтпағанына кім шүбә келтірмек?! Қай тайпадан, қай рудан шыққанын, ата мен бабаларының кім болғанын білгеннің артықтығы жоқ. Оны ешкім сөкет көріп, сені сөге қоймайды. Ол – ұрпақ сабақтастығы, қан тазалығы, туыстық қарым-қатынас үшін қажет. Оны «алтауы ала болып», алты тарапқа тартып, береке мен бірлікке, татулыққа сызат түсіру үшін пайдаланудың еш қажеті жоқ. Олай ету – ылаңға, бөлінушілікке, бұра тартуға бастайтын жол.

Оңтүстікте «ҚТ» мен «ДТ» деген бір сөкеттеу ат бар. Ол қазір де жойылған жоқ. Таратып айтсақ осы қос әріптің бірі «Қоңырат», екіншісі «Дулат» деген тайпа аттарын білдіреді. Бір қазақ жүздеген тайпаға, мыңдаған руға, түбі барып Ұлы, Орта, Кіші жүз дегендерге тіреледі. Мұның артын қазақ «шежіре» дейді. Шежіре бөлінудің емес, бірігудің, ынтымақтасудың, бір халықтың қандарының жақындығын аңғартады. Өткеніңді білу, тегіңді көңіліңнің тереңінде сақтап, оны кейінгілерге аманат етіп білдіріп кетудің еш айыбы жоқ. Ал осы рушылдықты қоздырып, біріне-бірі ала көз болып, шаптан түрту ол – жақсылыққа апармайтын, жамандыққа бастайтын, ынтымағыңа іріткі салатын жол. Елдің алдында жүрген, көптің көзінен қағыс қалмайтын, білімі мен білігі бір басынан артып халқына қызмет етіп, елдің сеніміне ие болып, көпті бастап жүрген кей азаматтардың осыны түсіне тұрып, түбі бір қазақтың құдығына түкіргендігі денеңді түршіктіріп, жаныңа жабырқаушылық ұялатады. Мен осыншама әңгімені «Уақыт» газетіндегі Гүлжамал Мұсаеваның «Біреуге бас қайғы, біреуге…» деген мақаласын оқығаннан кейін айтып отырмын. Артықтау кетсем алдын-ала ғафу өтінемін.
Сессия халық білетін бес азаматқа облыстың Құрметті азаматы атағын беру кезінде нілдей бұзылыпты. Сондағысы осындай құрметке ұсынылған бес бірдей азамат пен азаматшалардың бір жүзден шыққандығына байланысты екен. Айналайындар-ау, айналдырған 10 миллион қазақ бармыз мынау жердің бетінде. Құрттай құжынаған қытайлар айтпақшы, «бір-бірімізді түстеп танып», түбіміздің бір екендігіне қуанып, қолтығымыздан сүйеп, өзімізді-өзіміз демеудің орнына, жүзімізді түгендегеніміз қай сасқанымыз, депутат бауырлар-ау! Дауға кейіпкер болған Сайлаукүл Барақованың еліне сіңірген еңбегі аз ба? Олар өздерің секілді облыстық мәслихатта емес, сонау Сенаттағы орында отырған. Бір облыстың білім саласын басқарды, облыс әкімінің орынбасары болып абыройлы қызмет етті. Жасы зейнеткерлікке дәл жеткен күні кеңсесіндегі заттарын жинастырып, ұжымын шақырып, қоштасып, абыроймен қариялық демалысқа кетті. Көп еркектің қолынан келмейтін істі атқарып, бүкіл ғұмырлық еңбегін халқына арнап, атына кір жұқтырмай, абыройын асқақтатқан күйі әлі күнге дейін қоғам өмірінен тысқары қалмай келе жатқан Сайлаукүл апаларыңның істегенін қайсысың істедіңдер? Қайта қос қолдарың емес, қос аяқтарыңды көтеріп, дауыстарың жеткенше қуана қуаттап, ұсынысты қолдамадыңдар ма? Соған да парықтарың, шамаларың жетпеді ме? Мен әдейі аттарыңды атап, түстеріңді түстеп отырғаным жоқ. Онсыз да бір облыс емес, бүкіл республика аттарыңа қанық болды. Оңтүстіктің абыройына қысқалдау болса да ұят келді. Анау Орынбай Рахманбердиев ағаларың кімнен кем? Мүслімбай Дайырбековті сендер сыйламасаңдар, өткен ғасырда Одақ таныған Брежнев пен Димаш Қонаевтай асылдардың өзі алақанына салып қадірлеген. Сонда оларға қарсы болған себептерің – Ұлы жүз тайпасынан шыққандығы ма? Әлде олар қазақ үшін емес, тек өздерінің жүзі үшін ғана тірлік жасады ма? Әнебір жылы Қонаевқа «қазақ емес, татар» деп айдар тақпақшы болған кейбір қазақтардың сандырағы сендерге не үшін үлгі болмақ?
Трайбализм… Бұл – ауру, оның зардабы мерезден де жаман. Тез жұғады, тасты да бұзады. Айналайын Пернебек қарағым, сен Елбасыға арнап Ашық хат дайындап, Оңтүстікті рушылдық жайлап кетті, атақтың бәрі бір жүзге беріледі деп, оны түзетуді Президенттен сұрамақ болыпсың. Онда Президентті де, Оңтүстік Қазақстандағы ол кісі тағайындаған облыс әкімін де Ұлы жүзден болғаны үшін орындарынан алып тастайық, сөйтіп Қоңыраттан қоялық. Осы дұрыс па? Біз өзіміздің аздығымызды айтып, егіліп жүрсек, сенің жүз түгендегенің қай сасқаның? Бірнеше шақырылымда Арыс ауданынан халқың облысқа депутат етіп сайлағанда, сол Арыстың бары мен жоғын түгендеп біттің бе? Басқа істейтін шаруа қалмағандықтан, енді трайбализмді ұрандатып жүрмісің? Елде рудың шотын шабудан гөрі, әлі атқарылмаған, кезегін күтіп тұрған, шешімін таппай жатқан қанша іс бар екендігін айтып берші. Құрметті азаматтардың саны бесеу ғана. Ал елдің мәселесін санап көрші. Саусағың жетпейді. Дәл өзіңнің қазақ үшін не істегеніңді айтшы, жанымыз сүйсініп қалсын. Бала дейтін бала емессіңдер, тірліктерің мынау. Аттарың тас жарады, депутатсыңдар, бір үлкен құрылыс фирмасының бастығы екенсің, ел елеңдейтіндей не тындырдың? Одан да өзіңнің жақсы істеріңді, сайлаушыларыңның аманатын, жерлестеріңнің ұсыныстарына лайық жасаған тірлігіңмен баршаны таныстырмаймысың? Президентке хат жолдамақ болыпсың, бейне бір ол кісінің рудың дауынан басқа жұмысы жоқтай… Одан да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қазақтың ертеңі үшін, тәуелсіздіктің мығымдығы, мемлекеттің дамуы үшін қызмет етіп, шырылдап, Президентке хат жолдасаң, Шымкенттен Арысқа барып бетіңнен сүйіп, арқаңнан қағып, алғысымды айтып, батамды беріп қайтар едім ғой, Пернебекжан!
Мүмкін адасқан шығарсың, ақылға кел, көкейіңдегі түйткілді ой сарабына сал, сөйт те, мынау қазаққа жақпайтын райыңнан қайт. Келесі сессияда басқа жүздердің Құрметті азамат болу жөніндегі несие уәдесіне өзіңнің жақсы ниетіңмен, қазақи ұлтжанды қаныңмен, асқақ арыңмен бар. Мен соған тілеулеспін, қазақтың бір марғасқа азаматы болып, аман жүр. Артық айтпаған шығармын деймін. Аға ретіндегі осы пікірім сенің қазақ деген атыңа бағдар сілтейтін кішкентай шам болса, мен соған масаттанамын!

Б.БАЙТӨРЕЕВ

Редакциядан: Біз ақсақалдың көңілден шыққан шынайы пікірін қоспасыз жария еттік. Өзіміздің пайымыздауымызша, бұдан артық дұрыс жолды, ұлтқа деген жанашыр пікірді ешкім айтпайды. Түсіне білген кісіге түйсігімен пайымдаған жанға айқын бағыт беріп тұр. Әлі де болса қазақтың бөлінгенін қаламай, нақтылы айтар ойы болса біз «тосын идеяның» авторы Пернебек Райымбекпен дидарласып, ұлт пен ұлтжандылық, қазақи қалып жөніндегі пікірін толық беруге дайынбыз. Біз ақты ақ, қараны қара деп, қара қылды қақ жаратындығымызды қауымның есіне салғанды жөн санаймыз. Айтарыңыз болса хабарласыңыз, құрметті Пернебек Райымбек мырза!

ПІКІР ЖАЗУ