Шенеунік тоғайса, иман азаяды ҚАЗАҚ: “ЕСТІМЕГЕН – ЕЛДЕ КӨП” ДЕЙТІН ЕДІ…

Ауыл шаруашылығы министрінің бұрынғы орынбасары Марат Толыбаев дейтін біреу фейсбуктегі парақшасында: “Қазақстанда көп әйел алуды заңдастыру қажет!” деген ұсыныс жазыпты. Бұған тендері мен теңдігі, танысы мен алысы бар бай-манаптар “мәләдес!” деп қутыңдасып, виски толы ұстасқандарын соғыстырған да шығар-ау… Ал, экс-шенеунік айылын жимай, бүгінгі таңда қазақ жерінде тоқал алудың науқаны қызып тұрғанын, сондықтан екінші әйелден туған баланы жетімсіретпей, қарым-қатынасты заңдастыру қажеттігін қамыға баяндапты. Өйткені, тоқалдан туғандардың мұрадан қағылуы – әлеуметтік те, моралдық та әділетсіздікке әкеліп соғып жатыр-мыс.
Ата-бабасының асыл дінінен оп-оңай бас тартып, өзінің атеист екендігін ескертіп, өз пікірінің исламға қатысы жоғын алға тартқан сабазың “гендерлік саясат” дейтін дерттен де аман болмаса керек, жанын салып: “Әйелдердің құқықтары шектелмес үшін, көп күйеуге тиюді де мақұлдаған жөн” деп көкіп кетіпті… Масқара! Бұл – бүгінгі қазақ шенеунігінің жарқырап көрінген дәреже-деңгейі һәм дүбәрә-дәргейі. Не қазақ емес, не орыс емес; не мұсылман емес, не христиан емес… Адасқан адам, арсыз болмыс, имансыз үрдіс…
Біздің Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзін-өзі зинақорлықтан тия алмаған пендеге: “Сен өзіңнің анаңмен, қызыңмен, қарындасыңмен немесе жұбайыңмен басқа бір еркектің зина жасағанын қалар ма едің?” дегенде, әлгі антұрған еңіреп-жылап қоя берген екен. Ал, біздің заманның сыбайлас жемқорлыққа қатысты дау-дамаймен аты шыққан шенеунігі Марат Толыбаев бұрнағы біртүрлі депутат Бақыт Сыздықовамен бәйгеге түсіп, әйелдерге бірнеше күйеу іздеуге кірісіпті. Баяғыда бір атамыздың: “Талай жындыны көріп едім, бірақ, мұндай нақұрысты алғаш рет кездестіруім” дегені осы болар…
Бізде қазір ауызы бар – ақылман, тілі бар – данышпан болып алды. Ешкім өз ісіне, сөзіне, кәсібіне жауап бермейтін дәрежеге жетті. Әркім әмбебеп (универсал) болғысы келіп әлек. Мысалы, егер пара берсе, адам дәрігері хирургтың орнына мал дәрігері ветеринар ота жасайтын уақыт жақындап келеді. Әйтпесе, қоңызын теріп, егінін салатын ауыл шаруашылығының заңды бір әйелі, екі баласы бар 47 жастағы экс вице-министрі “тоқал” деп тақылдап: “Менің 2-3 әйелдері бар таныстарым бар. Аттарын айтқым келмейді. Арасында тату махаббат, бәрі риза” – деп, азған уәж айтып, тозған қылық жасамас еді. Шындап келгенде, адасқан шенеунік өз мамандығы бойынша адамның емес, малдың демографиясымен айналысуы керек қой…
70 пайыздан астам мұсылман тұратын Қазақ Елінде шариғат талабының үстемдік еткені мақұл. Қасиетті ислам діні еркек пен әйелдің арасын мейлінше әділ ажыратып қойған. Бір әйел ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: “Уа, Алланың елшісі, менің күйеуімнің алдында қандай міндеттерім бар?” деп сұрайды. Сонда сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Әйел күйеуіне бағынады, оған қарсы келмейді. Оның рұқсатынсыз үйінен ешбір нәрсені садақа етпейді. Нәпіл ораза ұстағысы келсе, міндетті түрде оның рұқсатын алады. Ол оны түйенің үстінде отырған жерінен шақырса да, өзін ұстап қалмайды (яғни, сұрағанын береді). Оның рұқсатынсыз үйінен шықпайды. Егер де рұқсатсыз шығып кетсе, онда ол үйіне қайтып келгенге дейін оны аспан періштелері де, жер періштелері де, ашу періштелері де, рахым періштелері де қарғап, лағынетін жаудырып тұрады” деп жауап қайтарады.
“Мұсылман әйелдердің ішінде ең қайырлысы – Хуайлидтің қызы Хадиша” дегенде, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хазіреті Хадишаның болмысының пәк, ар-намысының таза, адамгершілігінің мол екендігін айтқан. Көргендігі, көркемдігі, ибалылығы мен дәулеті жөнінен ерекшеленетін Хадиша – жәһилия кезеңінің өзінде “тахира”, яғни, “пәк, арлы әйел” атағына ие болған абзал тұлға. Аллаһтың расулы мен хазіреті Хадишаның Қасым, Зейнеп, Руқия, Үммүгүлсім, Фатима және Абдуллаһ деген алты перзенті болды. Бұл отбасы Меккедегі ең бақытты, ең үлгілі шаңырақ еді. Пайғамбарымыз аяулы жарын “Хадиша Күбрә”, яки, “ұлы Хадиша” деп еркелететін.
Ұлы Хадиша адамзаттың мақтанышы, Әлемдердің Сұлтанын (с.а.с.) пайғамбарлықтан бұрын да сыйластығы мен сүйіспеншілігімен бақытты еткен, пайғамбарлық кезеңі басталғанда да оны қолдап, ең алғашқы мұсылман атағына ие болған асыл жар еді. Хазірет Хадиша Ислам шуағын жаю жолындағы Ислам тағдырының пышақ үстіндегі алғашқы жылдарында бар мүлкін Аллаһ расулының жолына жұмсап, қиын-қыстау күндерде оны шын ниетімен қолдап, көңіліне медеу болып, мұсылмандарға демеу берді.
Мүминдердің анасы Хадиша Күбрә Пайғамбарымыз Меккеден Мәдинаға көшерден үш жыл бұрын 65 жасында дүние салды. Хазірет Хадиша анамыз көз жұмса да, Пайғамбарымыздың оған деген махаббаты бір мысқал кемімеді. Топырақтың тозаңындай жақсылықты да ұмытпайтын Пайғамбарымыз (с.а.с.): “Аллаһ маған Хадишадай қайырлы жар сыйлады. Ел мені мойындамай күпірліктің күңсіген қоқсығын ақтарып жүргенде, ол иман келтірді. Жұрт түгел мені өтіріксінгенде, ол растап, қолдады. Басқалар менен не нәрсесін болса да аяп итіне жегізгенде, ол дәулетіне ортақ етті. Аллаһ Тағала тек Хадишадан ғана маған перзенттер нәсіп етті”, – деді.
Жәннатта інжуден жасалған салтанатты сарайдың өзі үшін әзірленгені туралы көзі тірісінде сүйінші хабар алған хазіреті Хадиша анамыздың өмірі мен қасиетін әпкелері мен әйелдеріне, қарындастары мен қыздарына үлгі-өнеге тұтудың орнына, “Әлімсақтан мұсылманмын, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің үмбетімін” дейтін қазақтың бүгінгі ұрпағының қайсыбір намыссыз еркектері байы бар қатынға бесінші күйеу болғысы келіп, ұятсыз ұрғашы іздеп жүр…

ПІКІР ЖАЗУ