Жемқорлық футболды да жайлапты

коллаж

Шымкенттегі «Ордабасы» футбол клубының айналасында үлкен шу шықты. Команданың төрт бірдей бұрынғы басшысына миллиондаған қаржыны жымқырды деген күдік түсіп отыр.


Қаржы полициясының мәліметінше, олар соңғы жеті жыл бойы Бартекеев деген біреудің есеп шртына 6 миллион теңге аударып келген. Бұл азамат алғашқыда футбол клубына жаттықтырушы, кейіннен менеджер болып тіркелген. Осы факті бойынша қазір «Ордабасы» ФК-ның бұрынғы директоры, екі экс-президенті мен менеджерінің үстінен қылмыстық іс қозғалып отыр.

ОҚО экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке жүгінсек, Оңтүстіктің қаржы полицейлері 2014 жылдың 30 наурызы күні «Ордабасы» клубының бұрынғы директоры Б.Байботаев пен Ж.Бартекеев дейтін азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғапты. Бұрынғы директор Бартекеевті басында жаттықтырушы, кейіннен менеджер етіп қағаз жүзінде ғана жұмысқа қабылдаған экс-директорға 2007 жылдың сәуір және маусым айлары арасында және 2007 жылдың қарашасы мен 2008 жылдың қарашасы арасында Бартекеевтің жеке есеп шотына заңсыз жолмен ақша аударған деген күдік түсіп отыр. Оларға бюджеттің 335 823 мың теңгесін қолды еткен деген айып тағылған.
Қылмыстық іс «Ордабасы» футбол клубының бұрынғы президенті Евгений Шкаринге қарсы да қозғалып отыр. Қаржы полицейлерінің мәліметінше, Шкарин мемлекеттің 582 мың теңгесін ысырап еткен, яғни ол да Бартекеевтің есеп шотына қаржы аударып отырған. ОҚО ЭҚжСЖҚКД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Е.Шкарин Бартекеевтің клубта жұмыс істемейтінін біле тұра оның есеп шотына ақша аударған.
Футбол клубының бұрынғы директоры Бақыт Байботаев та дәл осындай жолмен мемлекеттің 300 мың теңге қаржысына қол сұққан, ал, клубқа ең үлкен залалды бұрынғы президент Қ.Әбдірайымов алып келген. Ол жымқырған қаржы үш миллион теңгеден көп екен.
Жалпы, елде футболды дамытуға бөлініп жатқан қаржы аз емес. Солай бола тұра қазақ футболының бойына қан жүгірмей-ақ қойды. Футбол – спорт қана емес, ол елдің, аймақтың намысы. Қоғамда қазақ футболы қайткенде дамиды деген мәселе өткір тұрғанда Шымкентте футболдан да пайда тапқысы келгендер осындай жемқорлық әрекетке барыпты.

Қ.ЖАРАС

ПІКІР ЖАЗУ