Ел Сізден салиқалы  жауап күтіп отыр,  Ерімбетов мырза!

Ел Сізден салиқалы жауап күтіп отыр, Ерімбетов мырза!

Баспасөз – елдің көз алдындағы ақпараттық құрал. Сондықтан біз осыдан бір айға тарта уақыт бұрын ОҚО Қаржы полициясының бірінші басшысы ретінде көптің көкейінде жүрген 13 сауалды түйіндеп, сіздің назарыңызға ұсынған едік, Серікбай Ерімбетов мырза. Содан бері сізден ешқандай жауап ала алмай отырмыз.

Қазір сізді кезекті еңбек демалысында деп естідік. Ақпарат құралын қадірлейтін және оған құрметпен қарайтын азамат ретіндегі біздің түсінігімізді жоққа шығармай, сол сауалдарға нақтылы ой-пікірлеріңізді білдіретіндігіңізге әлі де сенімімізді жоғалтқымыз келмей отыр. Мұны бір ғана редакцияның емес, газеттің қалың оқырманының да талабы мен тілегі деп қабыл алғаныңыз жөн. Өзіңіз Маңғыстау облысының прокуроры қызметін атқарған кезде Жаңаөзен қаласындағы қайғылы оқиғаның алғашқы нышандары сезіле бастаған кез еді. Бірақ өте ұзаққа созылған, соңы жамандықпен аяқталған жағдайға сол кезде жете мән берілмеді. Рас сіз ол қызметтен сол жаңаөзендік оқиға орын алардан бір жылдай бұрын басқа қызметке ауысып кеттіңіз. Өзіңіз қазір басқарып отырған облыстық Қаржы полициясы жөнінде ел арасындағы пікір алуан түрлі. Барлық нәрсені өз тарапыңыздан ашып айтып, елдің көкейіндегі көп сауалдарға нақты тұжырыммен таяу мерзімде жауап береді деген ойымызды сіздің қаперіңізге тағы бір салып қойғанды жөн санап отырмыз. Жариялылық, ашық пікір, келелі ой қамтылған сіздің жауабыңызды жақын күндері «Уақыт» газетінің бетінде жария етсек деген ізгі ниетімізді арнайы жолдап отырмыз.
Сіз басқаратын мекеме жөнінде «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы, ОҚО мәслихатының депутаты Өмірзақ Мелдехановтың мақаласындағы айтылған фактілерге байланысты ел ішінде түрлі пікірлер айтылуда. Сондықтан сіз көптің көкейіндегі сауалдарды жұмбақ күйінде қалдырмай, нақты жауап бергеніңіз мекеме үшін, сіз үшін, ел үшін аса тиімді болатындығын назарыңызға қайыра бір салып отырмыз. Сіздің ашық пікіріңізді көпшілік күтіп отырғандығын ұмытпағаныңыз жөн болар.

«Уақыт»

ПІКІР ЖАЗУ