«УАҚЫТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАРЫСТЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

331
0

Қазақстан Республикасының өз тәуелсіздігінің жария еткеніне ширек ғасыр толуы мерекесіне байланысты бүкіл ел аумағында түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Жасампаздықтың жарқын күніне орай Шымкент қаласында «Тұғырлы Тәуелсіздік» атауымен байланыс және ақпарат қызметкерлерінің арасында кіші футболдан республикалық турнир өткізілді.

Дүбірлі доп додасын Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы, «Ернияз» медиа-групп компаниясы, «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы мен Қазақстан Журналистер Одағының ОҚО филиалы ұйымдастырды. Турнирге «Оңтүстік Қазақстан» және «Уақыт» газеттерінің, «Қазақстан-Шымкент», «ОN-kz», «Блогерлер», «Фейсбук-юнайтед», «Созақ», «Ернияз» және Қызылорда облысының «Ақмешіт», астаналық «Хабар» телеарнасы мен Алматы, Тараз қалаларының құрама командалары қатысты.
Республикалық турнирді Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев ашып, тілшілер қауымын құттықтай отырып, денешынықтыру және спорт саласын күнделікті жұмыс барысында ұмыт қалдырмай, салауатты өмір салтын бұқара арасында насихаттауда ақпарат құралдары өкілдерінің үлгі болып жүргендігіне тоқталды.

Ұйымдастырушылар 12 команданы төрт топқа бөліп, әр топтан екі ұжым келесі айналымға өтті. Кіші футбол жарысының бәсеке барысында барынша тартысты болды. Тәртіп бұзған ойыншыларды төреші сабырға шақырып, ескерту беріп, тіпті базбірін алаңнан қуды. Жартылай финалға «Ернияз», «Ақмешіт», «Тараз» және «Уақыт» командалары шықты. Ендігі мезет төрт мықтының арасындағы айқасқа ұласып, бас жүлдеге деген талас қыза түсті. Тараздықтардың жолы болмай, уақыттықтардан 3:0 есебімен жеңілсе, ернияздықтар ақмешіттіктердің жолын кесті. Ең соңғы бірінші орын үшін талас 4:2 есебімен «Уақыт» газеті командасының еншісіне бұйырып, «Ернияздың» жігіттері екінші орынды қанағат тұтты. Кубок «Уақыттың» үш жылдан бері түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлдеге іліне алмай жүрген жігіттеріне бұйырды.
Жеңімпаз командалар мен жекелеген номинация үздіктеріне арнайы сыйлықтар мен грамоталарды облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев тапсырып, жарыстың дәстүрлі түрде жалғасын табуына тілектестігін білдірді.

Қ.ҚАЛИЕВ.