“Шешінген судан тайынбас…”

Нұржан асқаров «Престиж капитал» ЖШС-нің директоры:

Биыл қаңтар айының ортасында өткен сайлау елдің есінен шыға бастаған сыңайлы. Бағы жанып, депутат атанғандар көңілді бір демдеп, іске кірісіп кетсе, ұтылып қалғандар да эмоциясын тежеп, ашуын басып, өкпе-наздарын артта қалдырған болар.
Осындай ұтылғандардың бірі, шағын несиелік ұйым «Престиж капитал» ЖШС-нің директоры Нұржан Икрамұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Шымкент қалалық мәслихатына үміткер ретінде тіркеліп, сайлауда ұтылып қалыпсыз. Қалай ойлайсыз, әділетсіздік орын алды ма? Әлде танымал тұлға ретінде халыққа таныла қоймадым дейсіз бе?

– Алдымен сайлауда маған қарсы өрескел көзге түсетіндей әділетсіздіктер орын алды деп айта алмаймын. Тәжірибем аз болғаны рас. Елге таныла қоймағанымыз да – шындық. Жалпы, әлем тарихында сайлауға байланысты түрлі оқиғалар орын алып жатады. Ұтылғандар арасында сотқа жүгінетіндері де, көтеріліс ұйымдастыратындары да, мәрттік жасап қарсыласын құттықтап жататындары да кездеседі. Бізге соңғылары дұрыс сияқты болды. Себебі, халқымыз бір ауыз сөзге тоқтаған ғой. Мәрттік жасау да – парасатты халқымыздың қанына сіңген жақсы қасиеттердің бірі. Командалас достарымызбен ойласа келе, біз де қарсыласымызды құттықтадық.

– Депутат болып сайлана қалғанда не істемек ойда болдыңыз? Қандай жоспарлар құрған едіңіз?

– Менің алғашқы базалық мамандығым – мұғалім. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін биология мамандығы бойынша 1994 жылы бітіргенмін. Мұғалім, қалалық білім бөлімінде химия-биология пәндерінің әдіскері, педагог мамандарды қайта дайындау орталығы директорының орынбасары, Ә.Науаи атындағы орта мектепте оқу-тәрбие ісінің орынбасары, №59 орта мектепте директор, №75 көпсалалы мектеп-гимназиясында директор қызметтерін атқардым. Бұл 1996-2007 жылдар аралығы еді. Осы кезеңде өмірден бір байқағаным, халық арасынан жылт етіп талай таланттар көрініп қалады. Олардың небір тамаша идеялары болады. Тап сол сәтте олардың қолтығынан демеп жіберсең, ең болмағанда, жақсы сөзбен қанаттандырсаң, олар талпынып өсіп кетеді. Ойлағандарына жетеді. Керісінше жағдайда тауы шағылып қалады. Мұны көріп, өкінесің. Мен №59 мектепте жүргенде 11-сынып оқушысы (қазір «Уақыт» газетінің редакторы) Т.Балтабаев «Өнеге» атты газет шығарған еді. Білген бойда қолдан келген жәрдемімізді жасадық. Міне, сол жігіт журналистика жолына түсіп кетті. Депутат болып сайлана қалсам, халқымның рухани өмірін зерттеп, таланттарды оқу орындарынан іздеп тауып, демеушілік жасасам деген едім. Биліктің назарын осы тақылеттес мәселелерге аударуды ойлағанмын. Әрине, бағдарламамда өзге де әлеуметтік мәселелер бар болатын. Халық қалаулысы деген мандатым болмаса да, мектептерге, балабақшаларға, т.б. нысандарға шама-шарқымызша демеушілік жасап тұрамыз.

– Алда әлі талай сайлау болары хақ. Сол кезде бағыңызды тағы да сынап көруді ойлап жүрсіз бе? Көрген жоқсыз ба?

– Шешінген судан тайынбас. Сайлау барысындағы іс-әрекеттер адамның көзін ашады. Билік, халық, қоғам ұғымдары әр қырынан айқындала түседі.

– Қырықтың қырқасына шыққан қылшылдаған жігіт екенсіз. Білім беру саласын тастап, бизнеске өтіп кетуіңізге не себеп болды?

– Жоғарыда биолог екенімді айттым ғой. Бұл ғылым кез келген заттың өсіп-өнуін эволюциялық жолмен қарастырады. Нарықтық экономика қоғамда берік орналаса бастаған шақта халықтың рухани жаңаруы да революциялық жолмен емес, осылай эволюциялық жолмен өтетінін түсіндім. Түсіндім де, елге пайдалы болудың жолы бизнес деп шештім. Оның үстіне 1996-1998 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Жеңіл өнеркәсіп экономикасы және менеджменті» мамандығы бойынша бітіріп алғаным да түрткі болды. Н.Назарбаевтың «алдымен – экономика, кейін – саясат» деген қағидасының дұрыстығын өмірдің өзі дәлелдеді емес пе?!

– Биолгия мен экология бір атаның балалары сияқты дүние ғой. Осы орайда қаламыздың экологиясы туралы не айтасыз?

– Біздің балалық шағымызда қаламызда көптеген өндіріс орындары жұмыс істеп тұрды. Шина зауытының ауласында, аймағында ащы түтін бұлттай төмен төніп, күйе ұшқындары жерге жауып тұратын. Үлкен кісілер мына «жеті басты жалмауыздан» құтылатын күн болар ма екен дейтін. Сірә, алып зауыттар саны жетеу болса керек немесе әрбірінің жеті-жетіден тұрбасы болған-ау… Қазір ол кезбен салыстырғанда, ахуал жақсарды. Бірақ ел үшін олар шығаратын өнімдер аса қажет екенін білесіз. Уақыт өзгерді. Әлемде зиянсыз жұмыс істейтін технологиялар пайда болды. Инвесторлар арқылы олар Шымкентке де келді. Экологияға мемлекет қыруар қаржы бөліп отыр. Соны тиімді пайдалану керек. Мемлекеттік қатаң бақылау қажет. Сонда Қарабастау аймағындағы мұнай өңдеу зауытының, қорғасын зауытының түтіндерін біржола ауыздықтауға болады. Қоқыс орнын да басқа аймаққа көшіріп, оны қайта өңдейтін кәсіпорындар ашуға да мүмкіндік жеткілікті.

– Сұхбат барысында туған халқымыздың рухани келбетіне алаңдайтын азамат екеніңізді байқадық. Осы орайда салт-дәстүр, тіл туралы ойларыңыз қандай?

– Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан өзіне тән салт-дәстүрі бар. Үлкенді сылай білетін парасатты халықпыз. Қонақжайлылығымыз әлемге аян. Қазір уақыт өзгерді. Біздің осы қасиеттеріміз де өзгерді. Бірақ формасы ғана өзгерді. Мазмұнын сақтап қалып отыр. Көп тіл білген өте жақсы. Менің қарындасым қазақ мектебін бітірді. Англияда оқып жүр. Ағылшын тілін орыс тілінен де жақсы біледі. Жазғы демалыста әкесінің рұқсатымен Гонконгке құрбысының үйіне бармақ. Ағылшын тілі арқылы ол дүниені шарламақ. Дүниетанымы артады деген сөз. Туған тілін де жақсы біледі. Қазақ тілі құрып барады дегенге мен келіспеймін. Қаны қазақ болып туғаны рас болса, қасиетті тілімізді ешкім ұмыта алмайды. Өзге тілге еліктеп, тілімізді шұбарлайтындардыкі, қазақша айтқанда, тәлпіштік. Интернет қазақша сөйлей бастады. Қазақ балалары техникалық мамандыққа жаппай ұмтылуы керек. Сонда елден емес, әлемнен ойып тұрып орын алады. Түбі техникалық пәндер де түгел қазақша болады. Оған қазірдің өзінде негіз жасалып та үлгерді. Қонаққа, өзегі талып келген өзгеге деген ықыласымыз ерекше. Біздің осы қасиетімізді басқаша ұғынатындар пайда болды. Яғни, олар мұны өздеріне деген ыстық ықылас деп емес, бейшаралық, қорқақтық деп санайтын сияқты. Өкінішті-ақ. Аллаға шүкір, қоғам олардың жолын кесіп тастап отыр.

– Бизнесін бекітіп алған соң кейбір азаматтар мемлекеттік қызметке ауысып жатады. Сізде ондай ой жоқ па?

– Маған ондай ұсыныстар түсті. Бірақ билікке ауыспаймын. Онда жұмыс істеу қазіргі таңда қиын болып кетті. Бір жағынан талап күшті, екінші жағынан сыбайлас жемқорлық деген кесел бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Сайлау ҚҰЛЖАНОВ.

ПІКІР ЖАЗУ