Талант қашан да тасада қалмайды

      Әдебиет әлемінің ауқымы кеңейіп келеді. Мәселен, өлеңмен бірге өсетін өскелең ұрпақ бүгінде патриоттық жырларға әуестенуде. Ал, ақын Әкім Ысқақ өзінің жарық көрген 1000 кітабын оқырмандарға тегін үлестірді.

Жуырда   Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Бөржар елді мекенінде елімізде бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, тұңғыш қазақ тілінде жазылған Заңның авторы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, 1997 жылдың еліміздің жыл адамы, ҚР жазушылар одағының мүшесі Әкім Ысқақ шығармаларынан кезекті XI республикалық байқау болып өтті. Айта кетейік, бұл бастамаға Бөржар ауыл әкімшілігі ұйытқы болды. “Көңіл қымбат” тақырыбы аясында өрбіген кешке келушілер де көп болды.
Жыл сайын жалғасын тауып жатқан шараға қатысушылар ең алдымен  ақын, қоғам қайраткері Әкім Ысқақтың атасы  Сұлтан Ысқақ атындағы мектепке арнайы ат басын бұрды. Гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Сондай-ақ, бұл әдеби кеш Қазақстанның еңбек сіңірген мектеп мұғалімі, ұлағатты ұстаз Сұлтан Ысқақтың 100 жылдығы құрметімен де ерекшеленді. Жастарды қазақ әдебиетінде қанаттандыратын байқауды белгілі тілші Анар Аспан, айтыскер ақын Ақмарал Леубаева, Оңтүстік Қазақстан мемлекетік институтының проректоры Сағынғали  Әбубәкіров ақ тілектерімен ашты. Бас демеушілікті “ҚАЗбілімжабдық” ЖШС-ның президенті, қаламгер досы Әбілқасым Сыздықов жасады.
Айта кететін жәйт, қазылар алқасының құрамында байқаудың бас демеушісі, белгілі кәсіпкер Әбілқасым Сыздықов, республикалық “Жан мен Тән саулығы” газетінің бас редакторы Аксәуле Алтынбекова, танымал жкрналист, жазушы Анар Аспан, ақын Құрмаш Жылқыбай, республикалық “Уақыт” басылымының бас редакторы Талғат Балтабай, айтыскер -ақын, сазгер Мұхтар Құралов болды. Бұ да болса — сайыстың әділ өткендігінің дәлелі.
Ақынның сөзіне жазылған “Сағындым апа” әнімен байқаудың шымылдығын ашқан жастар, аға өлеңдеріне жазылған көптеген әндерді әуелетті. Республикамыздың “Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” деп танылған талантты 32 өнерпазы қатысқан дода тартысты өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен ат терлетіп келген олар Әкім Ысқақтың еңбектерін нақышына келтіре орындады. Жиналған көпшіліктің жүрегіне жеткізе орындауда қызылордалық жас ақын, көркемсөз оқудан дес бермейтін Мөлдір Айтбай, Оңтүстік Қазақстан облысы, Шұбарсу ауылы, Шұбарсу мектебінің оқушысы Ерқасым Зұлпыхаров шеберлік танытты. Әдеби шара аясында ақынның жырларын жатқа айтып, көпшілкке танытты. Ауылдың аузы дуалы қариялары жастарға ақ батасын берді.
Осылайша, елдің түкпір-түкпірінен әдебиетке жаны жақындарды жинаған өнер сайысы мәресіне жетті. 1-орын дыОңтүстік қазақстан облысы, Шұбарсу ауылының өнерпазы Ерқасым Зұлпыхаров еншіледі. 2-орын Астанадан арнайы келген Айымкүл Барданова мен атыраулық Эльмира Бектайға бұйырды. Ал 3-орынды Қызылорданың үкілеген үміті Мөлдір Айтбай, шымкенттік Айдана Айнабек және Хабиболла Қасым, Сұлтан Бексұлтан, Айгерім Сапарбаева, Нышанбаева Тоғжан өзара бөлісті. Дәстүрлі байқау келесі жылы өз жалғасын табатын болады.

Мөлдір Бекеева, Оңтүстік Қазақстан облысы.

ПІКІР ЖАЗУ