ОҢТҮСТІКТЕГІ 1028 МЕКТЕПТЕ СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Шымкент қаласындағы №1 А.С.Пушкин атындағы мектеп гимназиясының «Соңғы қоңырау» салтанатты шарасына қатысты.

Салтанатты жиында сөз алған өңір басшысы барша оңтүстікқазақстандық бітіруші түлектерді құттықтап, білімді, биік парасатты және еліміздің үлгілі азаматы болып өсуін тіледі.

«Сіздер Елбасы армандаған «Мәңгілік ел» – идеясының құрылысшылары екендеріңізді ешуақытта естен шығармаңыздар. Мектеп пен жоғары оқу орындарында алатын білім арқылы сіздер еліміздің үлгілі азаматы болады деп сенемін. Қандай мамандықтың иесі болсаңыздар да бастысы, өз еліміздің патриоты болуды ұмытпаңыздар. Облысымыздың білім саласы 2016-2017 оқу жылында республикалық деңгейде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.  Мұның барлығы ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесі деп білемін. Атап айтқанда, оқушыларымыз республикалық олимпиадада 30 жүлделі орын мен 6 грантты иеленді. Жаратылыстану – математика бағыты бойынша «Ең үздік олимпиадалық команда – 2017» атағын жеңіп алса, түрлі халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында 50-ден аса жүлделі орындарға ие болды»,-деді әкім.

Жалпы бүгін облыстағы 1028 мектепте «Соңғы қоңырау» салтанатты шарасы өтті. 2016-2017 оқу жылында облыстағы  мектептерде 611 318 білім алса, оның ішінде 33112 оқушы мектеп қабырғасымен қоштасты.

Бітірушілердің ішінде 1370 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болса, 863 бала жалпы орта білім туралы үздік аттестат алуға ниет білдірді. Ал, 9-сыныпты бітіруші  46153 оқушының 3444-і негізгі  білім туралы үздік куәлікке үміткер болып отыр.

Айта кетейік, биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге 23760 бітіруші өтініш білдірді. Бұл түлектердің 71,8 пайызын құрайды. Сондай-ақ, бітірушілер 29 мамыр мен 9 маусым аралығында мектепте қорытынды аттесттаттаудан өткізілсе,  20 маусым мен 1 шілде аралығында ҰБТ тапсырады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ