КӨШІРМЕ АҚША ЖАСАУДАН АЛМАТЫ КӨШ БАСТАП ТҰР

Былтыр елімізде 1319 жалған ақша жасалған. Олардың ішінде 1313-і  банкнот болса, 6-ы  монета болған. Көшірме ақшаларды Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер анықтаған.

Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратқан деректерге сүйенсек, 2019 жылы анықталған жалған банкноттардың саны 2018 жылмен салыстырғанда 6 пайызға азайған. Дәлірегі, 2018 жылы елімізде анықталған жалған ақшалардың саны 1408-ді құраған. Ол 6,4 млн. теңге сомасында болған. Ал былтыр анықталған 1319 дана жалған ақшаның жалпы сомасы 5 786 300 теңге көлемін қамтыған.

Өткен жылы анықталған 1319 жалған ақшалардың 420 данасы – 2000 теңгелік, 395 данасы – 5000 теңгелік, 283 данасы – 10 000 теңгелік банкноттарды құраған. Көшірме ақша жасау бойынша көш бастап тұрған өңірлер қатарында  Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы «үздік үштік» сапында тұр.  Қадағалау органы өкілдері былтыр бір ғана Алматы қаласында 937 жалған банкноттарды анықтаған.

«Уақыт» газеті.

Сурет: ашық дереккөз