САРЫАҒАШТА ЖЫЛЫНА 6 МЛН. КӨШЕТ ӨНДІРЕТІН КӘСІПОРЫН БАР

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Жібекжолы ауылдық округіндегі «Agro Tur» шаруа қожалығы 1 гектар жылыжайда ерте көктемгі дақылдардың көшеттерін дайындаумен айналысады. Мұнда көшет түрлері мен санына шектеу жоқ. Яғни, қожалық жылына 5-6 млн. түп көшет өндіруге қауқарлы, — деп хабарлайды uakit.kz Түркістан Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Жобаның құны – 280 млн. теңгені құрайды. Мұндағы барлық құрал-жабдықтар Түркиядан әкелінген. Қожалық иесі Тұрсын Тасходжаев түрік әріптестерімен келісім-шарт түзіп, осы бір ауқымды жобаны іске асырған. Бір айта кетерлігі, мұндағы көшет егу, өсіру, күтіп-баптау, суару секілді жұмыстың бәрі компьютерленген. Яғни, соңғы үлгідегі автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді. Сол себепті қол күшін де аса қажет етпейді. Кәсіпорын бүгінге дейін 2 млн. түп көшет түрлерін өсіріп, саудалап үлгеріпті.
«Біздің жылыжайымыз соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сондықтан біздің мүмкіндіктеріміз де орасан. Бір мезетте бірнеше түп көшетті өсіруге тапсырыс ала аламыз. Қазіргі таңда біз Шымкент қаласы мен Түркістан облысының бірқатар аудандарының шаруаларынан тапсырыстар алдық. Олардың тапсырысын дер кезінде жеткізіп бердік. Алдағы уақытта Қазақстанның барлық аймақтарынан тапсырыстар алуды жоспарлап отырмыз», — дейді қожалық төрағасы.
Түркиялық маман Нихат Ергуннің осында жүргеніне 6 ай болыпты. Ол осындағы жергілікті мамандарға жылыжайдың қыр-сырын үйретуде екен. Түркиялық маман Сарыағаш өңірінің климаты кез-келген жылыжай түрін орналастырып, көкөністің барлық түрін отырғызуға қолайлы екенін айтады. Алдағы бір-екі жылда 1 гектар көшет жылыжайының тапсырыс орындау қабілеті 8-9 млн. түп көшетке дейін ұлғайуы мүмкін. Ол үшін еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыстар көптеп қабылдануы тиіс.

uakit.kz

ПІКІР ЖАЗУ