Асқар МАМИН: «ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ САҚТАЛУЫН ҚАТАҢ БАҚЫЛАУ ҚАЖЕТ»

Үкімет басшысы Асқар Мамин зейнетақы мен жәрдемақы кешіктірілмей уақытында төленетінін айтты, деп хабарлайды uakit.kz Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.

«Біздің ортақ міндетіміз әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және жұмыспен қамту. Мемлекет әлеуметтік міндеттемелердің бәрін орындайды. Зейнетақы мен жәрдемақының бәрі уақытылы әрі толық көлемде төленеді»,- деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Ол еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне  жұмыспен қамтудың жол картасын әзірлеуді тапсырды.

«Осы ретте жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында инфрақұрылым жобаларын іске асыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу және елдімекендерді аббаттандыру жұмыстарын күшейту керек», — деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар әкімдіктермен бірге азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуын қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Бұдан бөлек, Асқар Мамин әкімдіктер мен министрліктерге бірқатар міндет жүктеді. Біріншіден, әкімдіктер әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруын қолға алуы тиіс. Бұл мақсатта тауар интервенциясын жүргізу үшін тұрақтандырушы қорлардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету керек.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, «Атамекен» палатасымен бірлесіп, отандық тауар өндірушілерінің үлесін арттыру бойынша жұмысты күшейтуі тиіс.


Отырыста отандық кәсіпорындардың тауары мен қызметіне сұранысты ынталандыру бойынша қолда бар ішкі резервтердің бәрін іске қосу қажет екені айтылды.

«Самұрық-Қазына» қорына, басқарушы холдингтерге бұрынғы келісімдерге сәйкес, өздерінің валюта нарығындағы іс-қимылын ұлттық банкпен келісу тапсырылды.

Ұлттық экономика және қаржы министрліктері бақылауды және тиісінше үйлестіруді қамтамасыз етуі керек. Ағымдағы міндеттемелерге қатысы жоқ шетелдік валютаны сатып алу операцияларын жүргізуге шектеу салу тапсырылды.

Басым емес инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімін кейінге ауыстырып, бюджет шығыстарының басымдықтарын қайта қарау қажет. Қаржы министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір апта мерзімде ұсыныс әзірлеу жүктелді.

uakit.kz

ПІКІР ЖАЗУ