ҰБТ-дан республикалық рекорд

210
0

тестЕлбасымыз Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіздігіміздің алғашқы қадамынан бастап білім саласына үнемі айрықша көңіл бөліп келеді. Біздің қазақ жаратылысында біреудің затына, жеріне көз алартып көрмеген ғой, қайта өзіндегі барды қонағына, өзгеге ұсынуды жөн көріп тұратын қасиетімізді бүгінде бүкіл әлем танып болды. Сонан болар нарық заманында өзгелермен бой теңестірудің жалғыз жолы, білімді терең де, сапалы игеру болып отыр. Президентіміз осыны өз саясатының басты бағыты етіп алды.


«Қазақстан-2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттік жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында білім саласындағы бағытын батыл ойлармен белгілеп берді. «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары жоғары елге айналуымыз керек»,-деп мәселені төтесінен қойды.
Осы жерде ҰБТ сынағы әркімнің ойына еріксіз оралады. Елімізде ол толық аяқталды. Нәтижелер жарқырап эфирге шықты. Сапалы білім  таразысы — ҰБТ. Осы күні бұл шындыққа ешкім таласа алмайтын болды. Сонымен білім беру жүйесіндегі аламан жарыста көш соңында қалып, шаң қапқандар да, озып кетсе көз тиер, қалып қойсақ сөз тиер деген қағидатпен ортада жүргеніне шүкір еткендер де, оза шауып бәйге алғандар да белгілі болып отыр.
Біздің айтпағымыз соңғылары, оның ішінде де республикалық рекорд жасағандар туралы болмақ. Рекерд емей, немене, Жетісайдағы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияны 70 бала бітірсе, бәрі түп-түгел ҰБТ-ға барса, олардың 29-ы «Алтын белгіні» иеленіп, 8-і «Үздік аттестатты» иеленсе…
Білім ұясының орташа балы — 107,64 болса,… Ал, енді рекорд емес деп көріңізші!
Тағы бір таңқаларлығы — директорымыз зейнеткер. Мұны да рекорд деуге келеді. Себебі, жас пен жасамыс директорлардың жағдайын кестеге көз салсаңыз түсіне қоясыз. Алпысқа келгеннен ақыл сұрама деген тырнақша ішіндегі мақал бұл жерде тура мағынасында тұр.
Облыс бойынша 335 шәкірт оза шауып бас бәйгеге лайық болыпты. Осы балаларға өткен жұма күні облыс басшысы А.И.Мырзахметов өз қолымен «Алтын белгілерін» тапсырды. Осынау салтанатты жиында аталмыш мектеп директоры Ө.Ж.Қозыбаққа Асқар Исабекұлы марапаттарын тапсырып тұрып, бір мектептен 29 баланың «Алтын белгі» алуы облыс бойынша, тіпті республикада айрықша атап өтер құбылыс екенін жеткізді.
Сонымен 2004-2013 жылдар аралығында 635 оқушы осы мектепті бітіріпті. Олардың 83-і «Алтын белгі» иегері атанса, 65-і «Үздік» үлгідегі аттестат алып шыққан. Яғни, әр төрт баланың бірі жүлдегер деген сөз. Сонау 2005 жылдан бері жыл сайын барлық бітірушілер түгел ҰБТ сынағына қатысып келеді. Рекордтың түпкі сыры міне қайда жатыр…
Ел жұрттың назарын өзіне аударып, осындай тамаша нәтижеге қол жеткізіп отырған ұжым басшысы Өмірхан Жүндібайұлынан табыстың түпкі сыры туралы айтып беруін өтіндік. Ол балаға, кәсіпке деген сүйіспеншілік пен тынымсыз еңбектің нәтижесі деп қысқа қайырды. Сөздің емес, істің адамы екені осыдан-ақ  көрініп тұрды.
Мектептегі барлық оқушы үнемі директордың назарында тұрады десек, бұл — артық айтқандық емес. Балабақшадан соң бірінші сыныпқа келгендерден өздеріне лайық тест алынады, сөйтіп оларды бір деңгейлеп алады да,  жетілу эволюциясын бақылап отырады. Басшының 1, 4, 9, 11 сынып оқушыларымен көбірек жұмыс істейтіні белгілі болды. Бітірушілерден жыл бойы байқау тест сынақтары жүйелі жүргізілетіні белгілі. Осындай сынақтардың нәтижесі тек қана директор жанында қаралады.  Оған 9, 11 сынып оқушылары, пән мұғалімдері, тіпті ата-аналарда қатысып отырады. Әрине, мұнда жіберілген қателерді жою жөнінде жеке-жеке кеңестер беріледі және бақылауға алынады. 10 сыныпты бітіргендер жаз бойы өз еріктерімен, ата-аналарының келісімімен негізгі пәндер бойынша тегін кеңес ала алады.
Мұғалімдерге шығармашылықпен жұмыс істеу мүмкіндіктері толық жасалған. Мұндағылар өз мүмкіндіктеріне қарай 20 сағаттан 27 сағатқа дейін жүктемемен еркін жұмыс істей алады.
Мұғалімдер жұмысқа конкурстық негізде қабылданады. Осы жолдардың авторы осындай таңдаудың біріне куә болғаны бар. Бір математика пәні мұғалімінің орнына үш үміткер келіп отырды. Комиссия төрағасы, мектеп директоры оларға оқушыларға арналған 25 сұрақтан тұратын тест кітапшаларын таратып берді. Мектеп бағдарламасын білетін мұғалімді онан әрі тәрбиелеп алуға болады, — деді. Өкінішке орай, олардың ешқайсысы көңілдегідей нәтиже көрсете алмай кері қайтты.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттік жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында: «Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде істеп, машығын меңгеруге дайын болуға тиіс» — деген жолдарын келтіре отырып, газетіміздің сәуір айындағы бір нөмерінде былай деп жазыппыз.
Иә, мұнда білім алып, өмірге жолдама алған әрбір шәкірт Елбасы тапсырмасын орындауға дайын. «Уақыттың» айтқаны айнымай  тұп-тура келді. Олай болса, құрметті ата-ана, балаларыңызды осы мектепке орналастыруға асығыңыз.

С.ҚҰЛЖАНОВ,
Мақтарал ауданы