Жеңісбек ДУЛАТОВ, ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры: «Кәсіпкер, ең алдымен, саудагер болу керек»

232
0

4L4W9757-Edit

«Біздің сұхбаттың» бүгінгі кейіпкері – бірде шенеуніктермен шекісіп жүрсе, тағы бірде монополистермен тартысып жүреді. Әрине, айтысса, жеке басының қамы үшін емес, кәсіпкерлер үшін айтысады, тартысса да солар үшін тартысады. Шенеуніктің шекпенін киіп жүргендер жарты жылдық, жылдық есептерінде Оңтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерліктің «керемет» дамып жатқанын оп-оңай, мақтанышпен тізіп шықса, кейіпкеріміздің көзқарасында, кәсіпкерлік саласында «керемет» ештеңе жоқ. Кәсіп еткісі келген адамның алдынан әйтеуір бір кедергі шығады. Ол қандай кедергі? Бұл туралы ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңісбек Дулатовтың өзі айтсын…

«Монополистер кәсіпкерлерді пайдаланып жүр»

– Біздің арамызда Кәсіпкерлер палатасы мен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысын айыра алмайтындар көп. Қарап отырсақ, екеуі де жоба ұсынады, екеуі де кәсіпкерлерге қызмет көрсетеді…
– Келешекте Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы палатаның қарамағына өтеді деген жоспар бар, ал қазірше екі мекеме бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Сырт көзге айырмашылығы жоқ егіз мекеме секілді көрінгенмен, функцияларымыз әр басқа. Біріншіден, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы кәсіпкердің жобасын жүзеге асыруға көмектеседі. Ол үшін бизнес-жоспар жазады, құжаттарын рәсімдеумен айналысады, оларды оқытады. Кәсіпкерлер палатасының жұмысы ауқымды. Біз кәсіпкерлікті дамытуға қатысты заңдарға өзгерістер енгізуге ықпал етеміз. Кәсіпкерлердің проблемаларын тыңдап, жеке заң немесе құжаттарды рәсімдеу механизмін, нормативтік актілерге өзгертулер енгізуге ұсыныс береміз. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы дайын заңдармен, дайын механизммен жұмыс істесе, біз сол механизмді өзгерте аламыз. Екіншіден, жер комиссиясы, қала құрылысы, салық комиссиясы дейтін толып жатқан комиссиялар құрамында біздің өз мүшелеріміз бар, аталған салалар бойынша шешілмей жатқан сұрақтарды жұмыс барысында шешуге мүмкіндігіміз бар. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында ондай мүмкіндік жоқ. Құжат рәсімдеуде кәсіпкерлер оларға сенім хат беріп, сол бойынша құжаттардың заңға сәйкес дер кезінде рәсімделуін қадағалайды. Ал, кәсіпкерге жер беруге, несие беруге бола ма – біз комиссиялар құрамында отырып, оны өзіміз бекітеміз.
– Заңдарға өзгеріс енгізуге ықпал етіп отырмыз дейсіз, бүгінге дейін Кәсіпкерлер палатасының арқасында қандай заңдарға өзгерулер енгізілді?
– Бүгінге дейін құжат рәсімдеу, салық, кедендік салық, екінші деңгейлі банктердің несие пайызын төмендету және жеңілдетуге қатысты 140-тан аса ұсыныс бердік. Бір ғана мысал айтайын, бүгінгі заң талабы бойынша кішігірім дүкен салғыңыз келсе де, үлкен завод ашқыңыз келсе де бірдей құжат жинау керек. Біз осыған қатысты типтік жоба жасап жатырмыз. Оны қысқаша түсіндіріп көрейін, коммерциялық нысан салу үшін жер алғың келсе, экология, санэпидстанса, өрт сөндіру секілді қызметтерден рұқсат аласың, құрылыс бастау үшін осы мекемелерден тағы да рұқсат алуың керек, құрылыс аяқталған соң үшінші рет тағы да рұқсат алу үшін құжат жинауға тура келеді. Біз осыны жеңілдету жолын қарастырып жатырмыз. Жер алып жатқанда ол жерге не салатыныңды білесің, мақсатың – анық. Сол кезде рұқсат алып, бір рет құжат жинаса жетпей ме?! Ал, сәулет бөліміне жерді пайдалану мақсатын көрсетіп ескерту жіберсе болды. Құрылыс аяқталған соң ГАСК-дан маман шақырып, құрылыс сапасын, оның жобаға сай салынғанын көрсететін құжат алса, әрі қарай әділет басқармасына меншік құқын растау үшін рәсімдеуге өткізеді. Рұқсат алу үшін әлгі мекемелерге қайта-қайта жүгірмеудің жолын қарастырып, заңға өзгеріс енгізу үшін осындай ұсыныс жасап отырмыз.
Бізде құжат рәсімдеудің өз механизмі қалыптасып кеткен, бір мекемеге құжат өткізсе, оны пәлен күн күтеді, оны алып келесі мекемеден рұқсат алуға тапсырады. Оны күтеді. Одан келесісіне барады. Сөйтіп бір мекеме мен екінші мекеменің арасын жол қылып жүргенде арада айлар ғана емес, жылдар өтіп кетеді. Біз осының мерзімін қысқарту үшін әр мекемеге жеке-жеке құжат тапсырып, бірер аптаның ішінде бәрінен қатар рұқсат алу жағын қарастырдық. Құжаттарды рәсімдеуде осындай «жеңіске» жеттік.
Экономика саласы бойынша заңдарға өзгертулер енгізуді ұсынып жатырмыз. Мәселен, мақта саласын дамыту үшін заңда бірқатар кедергілер бар. Кәсіпкерлер палатасы Үкіметке «Мақта туралы» заңның 15-бабын алып тастауды ұсынды. Егер осы бап алынса, мақта саласын дамытуда бірқатар кедергі жойылады. Тағы бір мысал. Басқа жақты айтпағанда, Оңтүстікте темір-терсек жинап, оны Қытайға жіберіп, табыс тауып жүрген азаматтар бар. Олар біздің темір-терсекті қайта өңдеп, өзімізге пәленбай есе қымбат бағасымен сатады. Біз Үкіметке осы мәселе бойынша мораторий жариялауды ұсындық. Өйткені, Шымкетте темір-терсекті өңдеп, одан құрылысқа қажетті арматура секілді материалдарды шығаратын «Ferrum-Ftor» секілді бес компания бар, Сондықтан, шикізат өзімізге де керек. Өзімізде жасалған отандық өнім әрі сапалы, әрі бағасы да әлдеқайда арзан. Әрі мұндай мораторий отандық өндірісті дамытуға серпін береді.
– Сіз мақта туралы заңға өзгерістер енгізуге ұсыныс жасадық дейсіз. Бүгінде Оңтүстікте суды көп қажет ететін мақтаны егуді азайтып, суды аз қажет ететін дақылдарды өсіру қолға алынып жатыр. Мұндай жағдайда мақта шаруашылығын дамытамыз деу бос әурешілік болып қалмай ма?
– Рас, Мақтааралда ағын су өте өзекті проблемаға айналған. Ол жақта жердің де құнары қалмаған, жерінің соры шығып жатады, айналымнан шығып қалған жерлер көп. Суармалы жер көлемін ұлғайту үшін республикалық бюджеттен 32 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға каналдар, арық-атыздар тазартылып, жердің сорын шаятын тиісті қондырғылар орнатылады. Бұл – бір. Екіншіден, дәл қазір мақта Қазақстанда өңделмей, шикізат ретінде шетелге кетіп жатыр. Мақтаны көбейткенмен, біздегі тоқыма кәсіпорындары оның бәрін игеруге, өңдеуге қауқарсыз. Жердің, судың жағдайы — анау, еккен мақтаны игере алмай жатқанымыздың түрі мынау болғандықтан, суды көп қажет етпейтін дақылдарды егуді қолға алуымыз сондықтан. Бірақ, не егу керек екенін халықтың өзі шешеді.
– Кәсіпкерлер палатасы жұмысының тағы бір бағыты – кәсіпкерлердің құқын қорғау. Біздегі кәсіпкерлердің құқы қай тұрғыда бұзылып жатады?
– Кәсіпкерлердің көбі әсіресе құжат рәсімдеу жағынан құқы бұзылып жатқанына шағымданады. Жер қатынастары, сәулет бөлімінен тиісті құжат алу өте қиын. Мұндайда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға біз кірісеміз. Екінші кедергі — Бәсекелестікті қорғау агенттігі, олар кәсіпкерлерді қорғаудың орнына азық-түлік бағасы көтерілмесе де айыппұл салады. Мәселен, олар макарон өнімдерін шығаратын «Мадина» фабрикасына 8 миллион теңге айыппұл салыпты. Кәсіпкерлер палатасы айыппұлдың негізсіз екенін дәлелдеп, «Мадинаны» ақтап шықты. Салық комитеті мақта өндірушілерге 700 млн теңге айып салып, екі тарап соттасуға дейін барған. Біздің мамандар сотқа қатысып, айыппұлдың заңсыз салынғанын дәлелдеп шықты.
Сондай-ақ, коммуналдық қызметте алдын ала төлемақы алу монополистер үшін «әдет» болып кеткен. Монополистер кәсіпкерлерден пайдаланылмаған қызмет үшін алдын ала төлем талап етеді, ол заңға қайшы. Үш-төрт ай бұрын осы мәселені шештік. Монополистер кәсіпкерлерді пайдаланып жүр.

«Отандық өнімге қолдау таныта алмаймыз»

– Кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет соңғы жылдары қыруар қаржы бөліп, жағдай жасап отыр. Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы осыны айта келе, бизнестен қайтарым болу керек дегенді айтты. Әлде қайтарым күтуге әлі ерте ме?
– Қайтарым деген шығарып жатқан өніммен өлшену керек. Егер қазір бизнес үшін 100 миллиард теңге бөлінсе, ол ертең мемлекетке 500 млрд теңге болып қайтады. Біз қазір қаржының көбін азық-түлік өнімдерін шығаруға, ауыл шаруашылығын дамытуға жұмсап жатырмыз. Азық-түліктің басым бөлігі бізге әлде де шетелден келіп жатыр, отандық өндірушілердің үлесі аз.
– Осыдан біраз бұрын Евразиялық экономикалық одақ келісім шартына қол қойылды, алайда бізде кейбіреулер «бұл Қазақстанның қайтадан Ресейдің құшағына құлауы» дегенді айтады. Сіз қалай ойлайсыз, бұл одақ расымен қауіпті ме?
– Кейбіреулердің ондай қауіпті айтып жүргенін естіп жатырмыз, кезінде Кедендік одақ туралы да түрлі алыпқашты әңгімелер айтылған. Бірақ, мұндай одақ құрылғаннан Қазақстан ұтпаса, ұтылмайды. Ресейде 170 миллион халық бар, ал Қазақстанда 17 миллион. Халқының саны он есе көп бола тұра, Ресей нарығы Қазақстан нарығынан аса үлкен емес. Ол біз үшін пайдалы. Ресей жуырда шетелден келетін тауарларға эмбарго қойды, бұл онымен одақтас болып отырған Қазақстан мен Белоруссия үшін дұрыс болды. Ресей нарығына кіруде бізге бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Бұрындары Ресей өз нарығын қорғау үшін сырттан келіп жатқан тауарларға сертификат талап ететін, тауарды олардың талаптарына сәйкестендіріп, әлгі сертификатқа қол жеткізу үшін бір жыл уақыт кететін. Расы керек, олардың нарығына кіру қазақстандық өнім өндірушілер үшін өте қиын еді. Қазір Россияның да, Белоруссияның да нарығына кіру үшін техникалық талаптар жеңілдетілді, кедендік салық та оңтайландырылған. Енді шетелдік өнім өндірушілерге Ресей нарығына кіру қиындаған соң, олар завод-фабрикаларын Қазақстаннан салуға ниет танытып жатыр. Қазірдің өзінде консерві өнімдері, жүгері, қоюлатылған сүт шығаратын компаниялардан ұсыныстар түсіп жатыр. Осы орайда, Ресей халқын жеміс-көкөністермен қамтамасыз етіп келген Өзбекстан, Тәжікстан секілді елдерге де жол жабылды. Бұл, біріншіден, Оңтүстік Қазақстан шаруаларының жеміс-көкөністі көптеп өсіруіне мүмкіндік берсе, екіншіден, ол мемлекеттерден шикізатты сатып алып, өңдеп, дайын азық ретінде Ресейге сатуымызға жол ашып отыр. Қазақстан Ресей нарығын ауыл және мал шаруашылығы өнімдері, азық-түліктерімен ғана жаулай алады.
– Мәселен, біздегі үлкен кәсіпкерлер Қытайдың кәсіпкерлікке жасап отырған қолдауын дұрыс санайды. Ол жақта кәсіпорындардың көбі провинцияларда, шағын қалалар мен поселкелерде салынған дегенді айтады. Біз ауылдарда бизнесті дамыту үшін несиені көбіне мал бордақылау немесе жылыжай салуға ғана бөлеміз. Кәсіпкерлік палатасы ауылдарда завод-фабрика салуға қаншалықты ат салысып жүр?
– Үлкен бизнесті бастау үшін үлкен қаржы керек, ал кепілге қойылатын мүлік соған лайық болуы керек. Бізде ауылдағы үйлер өте төмен бағаланады, несие де соған сәйкес беріледі. Яғни, кепіл мүлік деген ауылдарда үлкен бизнес тұрмақ, шағын бизнесті бастау үшін де қолбайлау болып тұр. Оңтүстік Қазақстан облысында «Максимум» дейтін инвестициялық орталығымыз бар, олар мүмкіндігінше шаруаларға көмектесіп жатыр. Алайда, бұл – қарлығаштың қанатымен су тасығанындай ғана әрекет. Мәселен, ауыл шаруашылығы министрлігінен жыл сайын ауыл шаруашылығын дамыту үшін қаржы бөлінеді. Бір ғана көктемгі егіс жұмыстары үшін 40 миллиард теңге бөлінеді екен. Көктемгі егіс дегенде ол көбіне бидай егетін солтүстік облыстарға кетеді де, оңтүстік жаққа түк те тимейді. Сол қаржыдан 5-10 миллиард теңге оңтүстіктің үлесіне тисе, соны Кәсіпкерлер палатасына беру туралы министрлікке ұсыныспен шықтық, Егер қаржы палатаға берілсе, оны ауылдарға жеткізейік, өзіміз игерейік дедік. Игеру, жеткізу, қайтарымын қайтару палатаның мойнына жүктелсін. Екіншіден, «Даму» қорының қаржысы да көбіне қаладағыларға тиеді, біз олардың ауыл халқына көмектесуі үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз.
Айтқандай, біз Үкіметке ауыл шаруашылығын дамыту бойынша екі ұсыныс жасағанбыз, бірі – Палата жанынан «Даму» қоры сияқты қор ашу. Ауыл кәсіпкерлерін зерттеп, жұмыс істей алатын, несиені қайтара алатын адамды өзіміз таңдап, сол адамға кепілдік береміз. Ол үшін әр ауылда комиссия құрылады, комиссия оң шешім қабылдаса, палата сол кәсіпкерге кепіл болады. Екіншісі — тауармен несие беру. Кәсіпкерге 10 қой немесе 5 ірі қара мал береміз, екі-үш жылдан соң сол малдың басын түгел қайтарып алғанның өзінде, шаруаға төлі қалар еді. Бұл ұсыныстар Үкіметте қаралып жатыр.
– Қазақстандағы ең үлкен фармацевтика заводы осы оңтүстікте, Шымкентте, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Жалпы, оңтүстік — фармацевтика кластерін дамытуға сұранып тұрған өлке. Осы бағытта облыста жүзеге асырылып жатқан жобалар бар ма?
– Бізде фармацевтика саласымен айналысатын кәсіпорындарды шоғырландыратын арнайы аймақ жоқ. Фармацевтерді завод салатын жер алу мәселесі қинап тұр. Шымкенттің іргесіндегі Тассай елді мекенінен индустриалды аймақ ашылып жатыр, сол жерден үш завод ашылмақ. Олардың жер мәселесін, инфрақұрылымын шешіп бердік, әрі қарай өз шаруаларын өздері дөңгелетуге әзір. Алайда, шығарған өнімдерін өткізу олар үшін тағы бір бас ауруы. Қазақстан бойынша дәрі-дәрмекті сатумен айналысатын бір ғана оператор бар, ол — «СК- фармация» компаниясы. Олардың реестрлеріне кіру, одан өткізген тауардың қаржысын алу да оңай емес. Олардың талабы бойынша, өнімді өткізген соң бір тоқсаннан соң ғана қаржысын береді. Бұл біздің фармацевтер үшін тиімсіз. Мұндай жағдайда олардың айналымға кіре алмай қалуы мүмкін.
«ҚазМедПрибор» дейтін тамаша кәсіпорын бар, медицина саласына қажетті құрал-жабдықтар шығарады. Олардың құрал-жабдығы 1 миллион теңге тұрса, біздің ауруханалар сондай жабдықты шетелден бес есе қымбат бағаға сатып алады. Әйтпесе, сапасы шетелдік құралдардан ешбір кем емес. Соған қарағанда, біз отандық өнімге қолдау таныта алмаймыз, әйтеуір бағаламаймыз. Тиісті органдарға шығып, кәсіпкерлерге көмектесіп жатырмыз.

«Колледждер қажетсіз мамандыққа оқытып жүр»

– Мәселен, Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін арнайы бағдарламалар қабылданған, алайда оны ауыл халқына түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы осы мәселеге назар аудару керектігін тапсырған. Расында да, қазір ауылдардан көктемнен күзге дейін еркек кіндіктіні емге таппайсыз, тепсе темір үзетін азаматтарымыз жан-жақта құрылыста жүр. Олар бизнес үшін жасалып жатқан қамқорлықтан да, жеңілдіктерден де бейхабар. Оларды ауылда қалдыру, бизнеске тартуда Кәсіпкерлер палатасы қандай да бір жұмыстар атқарып жатыр ма? Әлде үгіт-насихат жүргізу тек жергілікті әкімдердің ғана жұмысы ма?
– Жоқ, біздің бірінші мақсатымыз – осындай бағдарламаларды насихаттау. Естеріңізде болса, палата кезінде «Бизнесті бастауға арналған 100 жоба» деген кітап шығарған. Бұл халықтың өзіне ыңғайлы, қолынан келетін жобаны таңдауына мүмкіндік береді. Осы кітаптың ішінде жай жоба ғана емес, оның технологиялары, Үкімет тарапынан жасалатын қолдау, жеңілдіктер, субсидиялар туралы айтылады. Мәселен, 1 гектар жылыжайға қияр өсірсе, 1 миллион теңге субсидия бөлінеді. Қажетті құрал-жабдықтарды қайдан алуға болады, оны жасайтын компаниялардың тізімі, өнімді қайда өткізу, сату – бәрі-бәрі көрсетілген.
Палатаның тағы бір қызметі — сервистік қызмет. Аудандардан кәсіпкерлерге бизнес-жоспар, маркетингтік жоспар, бухгалтериялық есеп-қисапты жасауға, салықтарын төлеуге көсектесетін бөлімшелер аштық. Олар кәсіпкерлерге тегін қызмет көрсетеді. Келесі жылдан бастап кәсіпкерлікке оқытуды қолға алсақ деген жоспарымыз бар. Қазір есеп-қисап, бизнес-жоспар жасап беретін мекемелер көп, бірақ олар кәсіпкерге оны қалай жасау керектігін үйретпейді, одан тек ақысын алады да отырады. Егер кәсіпкер өз бизнесінің ұңғыл-шұңғылын білмесе, шығын-пайдасын өзі есептемесе, әркімге жем болады. Мәселен, жылыжай салу үшін ол алдымен агроном болуы керек. Көкөнісін қай кезде егу, қай кезде суару, қашан жинап алу керегін, оған қандай техника қолдану керектігін білуі керек. Одан кейін ол бухгалтер болуы керек, шаруаны бастағаннан қанша шығын жұмсалды, қанша пайда көрді – тиындап есептей білуі керек. Бизнес есепті жақсы көреді.
– Соңғы жылдары Елбасы дуальді білім беру мәселесін көп айтып жүр. Бізде өндіріс бір жақта, оқу орны бір жақта, екеуінің арасында ешқандай байланыс жоқ. Кәсіпкерлер палатасы оқу орны мен өндірістің арасын жақындатуда қандай да бір дәнекерлік жұмыс бастады ма?
– Егер осы екеуінің арасын жақындастыруда қандай да бір кедергі болса, ол — әкімшілік тарапынан болып жатқан кедергі. Әкімшілікке жала жапқымыз-ақ келмейді, бірақ… Жыл сайын маман даярлау үшін бюджеттен 10 миллиард теңге бөлінеді, оның 8 миллиарды – облыс бюджетінен, 2 миллиард теңгесі республика бюджетінен келеді. Сол 10 миллиард теңге қайда кетіп жатыр, оны ешкім білмейді. Мұны қысқаша түсіндіріп көрейін: бізде жұмыспен қамту орталығы бар, олар бос жұмыс орындарының тізімін жинайды, кәсіпкерлерден ұсыныс жинап, орталыққа жібереді. Колледждер сол мамандықтар бойынша маман даярлауы тиіс. Бірақ біздегі колледждер қажетсіз мамандықтарға оқытып жүр. Облыс әкімдігі жұмыспен қамту орталығынан жіберілген ұсыныстарды білім басқармасына жібереді, олар сол ұсыныс бойынша қажетті мамандықтарға оқытуға қаржы бөліп, конкурс жариялауы тиіс. Алайда, бұл жүйе бізде дұрыс жұмыс істемей тұр. Колледждер аспаз, кондитер, шаштараз, тіпті машина жөндейтін мамандар, дизайнер даярлаудан аспайды. Кәсіпорындарға аспаз-кондитер керек емес. Бізде қазір техникалық мамандықтарға сұраныс үлкен, механик, құрал-жабдықпен жұмыс істейтін маман, дәнекерлеуші керек. Шетелден сатып алған құрал-жабдықпен жұмыс істейтін маман жоқ. Бірақ, соған қарамай колледждер тендер алады. Сол қаржыға олар құрал-жабдық, станоктар сатып алса, қажетті мамандықтарға оқытса, жастар жұмыссыз жүрмес еді. Техникалық мамандықтарға даярлау үшін қажетті жабдықтарға ақша қимайды. Аспаз мамандығына оқыту үшін 1-2 кастрюль сатып алса жеткілікті. 50-100 мың доллар тұратын құрал-жабдық сатып алса, шетелден соны пайдалануды үйрететін маманды қоса шақыру керек, оған айына кемі 3-5 мың доллар жалақы төлеу керек, ал аспаздыққа оқытатын ұстаз 50 мың теңге жалақыны қанағат тұтады. Біздегі колледж басшылары тендерден түскен қаржыдан пайда көргісі келеді. Бар проблема осыдан шығып жатыр. Не қажетті мамандыққа оқытпайды, не маман шақыртып, артық шығындалғысы келмейді, не құралдарды сатып алмайды. Облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасарының кемшілігі бұл.
– Бізде кез келген оқу орны мамандық алып шығуға оқытады да, кәсіпкер болып шығуға оқытпайды екен. Осы олқылықтың орнын Кәсіпкерлер палатасы мен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы қолға алып жатыр. «Адамның істегенін адам істейді» дейтін қағида бар, алайда кәсіпкерлік те екінің бірінің қолынан келе бермейді…
– Қазір кәсіпкер болуға ниет еткен адамды оқытатындар көбейіп кетті, «Даму» қоры, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы азаматтарды жеке кәсіпкерлікті қалай ашу, есепті қалай жүргізуге үйретіп, 2-3 парақтық бизнес-жоспар жасауға оқытады. Оған көп қаражат керек емес. Кәсіпкерлікке оқыту үшін алдымен азамат қай саланы таңдайды, соны айқындап алған соң ғана бір бағытта оқытқан жөн. саласын анықтап, сол сала бойынша оқыту керек.
Кәсіпкер, ең алдымен, саудагер болу керек. Өзі шығарған өнімін сата алмаса, түк те шықпайды. Мұндайда психологиялық, маркетингтік тренерлердің көмегі аса қажет. Олар адаммен қалай сөйлесу, тауарына презентация жасап, жарнамалауды үйретеді. Біз осы жағына мән берсек дейміз. Жасыратыны жоқ, біздің кәсіпкерлер кісімен сөйлесуді біле бермейді. Ал, кісімен сөйлесе білу де – үлкен өнер.
– Біздегі кәсіпкерлердің көбі тендермен жұмыс істейді. Елбасы былтыр да, биыл да Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында тендер мәселесінде шикілік көп дегенді айтты. Палатаға мемлекеттік сатып алудың әділетсіз өтетіні туралы шағым айтып келушілер бар ма?
– Кәсіпкерлер палатасы үшін тендерлік комиссия құрамына кіру есігі тарс жабық. Біз ең әрісі тендерді кім алып жатқаны туралы мәлімет те ала алмай отырмыз. Ондай мәлімет Кәсіпкерлер палатасы үшін аса қажет еді. Тендерді өнім шығарып жатқан кәсіпкер алып жатыр ма әлде делдал алып жатыр ма? Басқа облыстың кәсіпкері ала ма, шетелдік кәсіпкер ала ма? Белгісіз. Сондықтан, палата қай кәсіпкердің қандай өнім шығаратыны, бұған дейін тендерге қатысқан-қатыспағаны, конкурстан өткен-өтпегені туралы мәліметтерді жинақтап, тізім жасап жатыр. Облыста өтіп жатқан конкурстардан отандық өнім шығарып жатқан кәсіпкерлердің өткеніне біз тікелей мүдделіміз. Сондықтан олардың құжаттарын рәсімдеуге, оның тендерден ұтып шығуына қызмет жасаймыз. Кәсіпкерлер мықты болса, экономика мықты, экономика мықты болса, еліміз мықты. Мен кәсіпкерлікті қолдау дегенді осы мәнінде түсінемін.
– Жеңісбек Камалдинұлы, «Уақыт» газеті үшін арнайы уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз!

Гүлжамал МҰСАЕВА