Қазақтың тойы, флешмоб және Рамазан

132
0

photo

Қазақ – тойшыл, тапқанын тойға шашатын халық. Әйтеуір, той десе қу басы домалайды да жүреді. Той деген – бардың малын шашып, жоқтын артын ашып жүрген заман бұл. Әрине, ағайын-туыс, дос-жаран, құда-жекжаттың басын қосып жақсылықты жария еткен жақсы-ақ. Тек той – өз салтымен, өз дәстүрімен өтсе ғана той. Әйтпесе, соңғы кездері қазақ тойына салт-дәстүр, жөн-жоралғыдан гөрі ұлттық болмысымызға жат «жаңа дәстүрлерді» енгізе бастады.

«Жаңа дәстүр»

«Жаңа дәстүрлердің» бірі – флешмоб. Бұл — шаңырақ құрып, бас қосып отырған екі жас бастаған қыз-жігіттердің ортаға шығып бірдей қимыл жасап билеуі. Мұндай флешмобтар соңғы кездері Шымкенттегі тойларда да көрініс тауып жүр. Той — бала-шаға мен қыз-бозбаланың ғана тойы емес, жастан бөлек бұл тойға жасамыс та қатысады. Құдай ұрып кеткен біреу болмаса, қазақтың қай-қайсысы да келінінің ибалы, ізетті болғанын қалайды. Ал, өз тойында ортаға шығып шошаңдап билеген жас келіннен қандай ізет, қандай ибалылық күтуге болады? Әйтеуір, көзге қораш, болмысымызға жат.
Жалпы, соңғы жылдары флешмоб деген жастар арасында кеңінен тараған салт- дәстүрге айналды. Қазір ақпараттарды оқып отырсақ, әсіресе саяси жаңалықтарда «бәлен жерде флешмоб ұйымдастырыпты» деп жатады. Осы «флешмоб» деген не? Осы сөздің мәнін ұғу үшін түсіндірме сөздіктерін ақтардық. Бұл – көпшіліктің қандай да бір оқиға, саяси шешімдерге қоғамдық пікірді білдірудің қарапайым, жедел және қауіпсіз әдісі. Белгіленген қоғамдық орынға бір топ адам санаулы ғана минуттарда тез жиналып, күні бұрын келісілген абсурдты, яғни таңқаларлық іс-әрекетті жүзеге асырып, сосын түк болмағандай тарап кетеді. Алайда, ол қоғамға қандай да бір қауіп төндіретін іс-әрекет емес. Мәселен, 2006 жылы Белоруссияда сайлаудан кейін Минскінің орталық алаңына 30 шақты адам жиналып, алаңдағы үлкен монитордан Белоруссияның прокуроры сөйлеп жатқанда, көздерін байлап, демонстративті түрде экраннан бастарын бұрып тұрған. Бұл жерде басты мақсат – кейбір проблемаларға қоғамның көңілін аудару.

Таңқаларлық іс-әрекет дегенде елдің қиялында шек жоқ. Кейде бір жерде тоқтап, қатып қалатындар да болыпты. Белгілі бір жерде адамдар жүріп келе жатып қатып қалады, 3-4 минуттан кейін сәл жүріп, тағы да қатып қалады. Болды. Әрі қарай әркім өз шаруасымен кете барады.
Кейбірі аспанға қарап жатып алады. Белгілі бір жерге, белгілі уақытта бір топ адам жиналып, қалтасындағы нәрселердің барлығын шығарып, жерге жата кетеді. Жерде жатып барлығы бірдей аспанға қарап жатады. 10-15 минут жатқан адамдар тұра салып өз шаруаларына кетеді. Көріп тұрған адамдар мыналардың естері дұрыс па деп ойлап қалуы әбден мүмкін.
Билейтін флешмоб, ән айтатын флешмоб бар. Флешмоб дегенде қайбір жылы Бақыт Сыздықованың қарағандылық екі студенттің оқудан шығарылғанына наразылығын қоғамдық орындардың бірінде жастармен қосыла «харлем-шейк» билеп білдіргені еске түседі. Есте болса, әлгі екі студент оқу орнында партаның үстіне шығып, мемлекеттік рәміздердің алдында билегені үшін оқудан шығарылған болатын. Қазірше біздегі жас жұбайлар тойларында билейтін флешмоб көрсетіп жүр, әйтеуір тойдың ортасында жас келіннің жұбайымен бірге аспанға қарап жатып алмағанына қазірше шүкіршілік дей тұрайық.
«Флешмоб» дегеннің мәнін мысалға текке келтіріп отырған жоқпыз, «көпшіліктің қандай да бір оқиға, саяси шешімдерге қоғамдық пікірді білдірудің қарапайым, жедел және қауіпсіз әдісі». Сонда дейміз-ау, жас жұбайлар өз тойларында қоғамдық пікірлерін кімге білдіргісі келіп отыр? Жас келін ата-енесіне ме? Күйеу жігіт қайын жұртына ма? Әйтеуір, басымыз жетпеді.

Рамазанды мойындамау – қазақты мойындамау!

Жуырда ғаламторда танымал әншілер отбасы Рамазан Стамғазиев пен Ұлту Қабаеваның кенже қыздарын ұзатқаны жайлы ақпарат тарады. Кім қызын ұзатып, ұлын аяқтандырмай жатыр дейсіз?! Мәселе мұнда емес. Мәселе мақала астындағы пікірлерде болып тұр.
Рамазан – дәстүрлі әнші, Ұлту – этрада әншісі. Әншілердің араласатын ортасы – әншілер, олардың тойына әдетте өнер мен мәдениеттің, әдебиеттің айналасында жүрген азаматтар ғана келеді. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, ғаламтор пайдаланушылардың арасындағы дау «мына адамдар кім өзі?» деген орыс тілді пікірден шыққан. Бірі оны қолдаған, басқалары Рамазан ағамызға «адвокат» болған. Біздің де қара домбырасын қолынан тастамайтын қазақтың әнші ұлына «адвокат» болғымыз келіп тұр.
Рамазан Стамғазиев — Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Қанат Омарбаев, Нұрғали Нүсіпжанов сынды ұстаздардың, мықты әншілердің алдын көрген әнші. Ол – қазақ мәдениетінің алтын өзегі болып табылатын дәстүрлі ән өнеріне сызат түсірмей, туын жықпай келе жатқан әнші. Дәстүрлі ән — бұрыннан келе жатқан халықтың мұңы, қайғысы, қасіреті, қуанышы, өмірі, тарихы. Ендеше, Рамазанды білмеу, танымау – қазақтың мұңын түсінбеу, қазақтың қайғысы мен қасіретін, қуанышын сезінбеу, тарихын тәрк ету. Рамазанды танымау – қазақты танымау, оны мойындамау, менсінбеу – қазақты мойындамау! «Бұлар кім өзі?» дегендерге осыны айтқымыз келді.
Гүлжамал МҰСАЕВА.