ЖЫЛ ЖЕМІСТІ АЯҚТАЛДЫ

Биылғы оқу жылындағы тамыз мәслихатының тақырыбы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» деп аталды. Осы тақырыпты басшылыққа алған аудандық білім бөлімінің басшысы Ақбала Құлымбет ханым «Бәйдібек ауданының білім беру жүйесінің жетістіктері, 2018-2019 оқу жылының міндеттері» атты баяндама жасады.
«Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» депті Ахмет Байтұрсынов. Осы бала оқыту ісін түзетуден бастау үшін 2018 жылы қазынадан 5 млрд. 815 млн. 673 мың теңге қаралыпты. Бұл бір оқушыға шаққанда 359 мың 194 теңге екен. Өткен жылға қаралған қаржыдан (әр оқушыға шаққанда) 10 пайызға артық.
Аудандағы 12114 оқушы оқитын 49 білім беру мекемесінің 37-і типтік үлгіде салынса, 12-і ыңғайластырылған жайда орналасқан. Алдағы аптада қаржылары облыстық бюджеттен қаралған О.Орманов, Б.Момышұлы, «Ақтау», Ж.Жүнісбеков, жергілікті бюджеттен қаралған С.Жиренов мектептері пайдалануға беріледі. Жаңа оқу жылының қарсаңында 3,6, және 8-сынып оқушылары 5 күндік оқыту жүйесіне көшкелі отыр. Сонымен қатар биылғы оқу жылында 3-сыныптан информатика пәнін оқыту қолға алынбақ.
Оқушыларға білім берудің негізгі тұтқасы – оқулықтар және олармен толық қамтамасыз ету екендігі белгілі. Ол үшін (жаңа оқу жылында жаңартылған білім беру мазмұнына көшетін 3, 6, 8-сыныптар үшін) жергілікті бюджеттен 140 млн. 052 мың теңге қаралып отыр.
Жаңартылған білім беру мазмұнына көшкен сынып мұғалімдерінің лауазымдық жалақысының 30 пайызға көбейгендігімен қатар, біліктілік санатын көтерудің жаңа қағидаларына сәйкес барлық талаптарды қанағаттандырған ұстаздардың айлық жалақыларын 30-50 пайыз көлемінде, 1 қыркүйектен бастап үстеме ақы төлеу көзделуде екен.
ХХІ ғасыр – білім беру жүйесін ақпараттандырудың ғасыры. 16 білім беру мекемесіне қажетті мамандықтар бойынша 23 бос орынға (Jumys.sitcen.kz электронды порталына) конкурстар жарияланып, хабарландырулар бойынша қажетті мамандықтарға автоматты түрде сұраныстар қабылдануда. Сонымен қатар 1 сынып оқушыларын «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында білім мекемелерінде электронды түрде қабылдау жүзеге асырылуда.
Мұғалімдер үшін де, оқушылар үшін де барынша жағдайлар жасалуда. Ал, нәтижесі қалай? Нәтижесі сол: өткен оқу жылында 688 мектеп бітіруші түлектердің 452-і ҰБТ-ке қатысып, 86,2 орта балл нәтижесін көрсетіп, облыс көлемінде ауданымыз алдыңғы үштіктен көрініп отыр. Жүлделі орындарға «Жиенқұм», Ө.Жолдасбеков, Комсомол, «Теректі», Қайнар мектептері шықты.
Аудан әкімі Бақытбек Танагөзов тамыз мәслихатында осы мектептің директорларына алғыс жариялады. Аудан көрсеткішін артқа тартқан мектеп директорларымен алдағы уақытта жеке әңгіме жүргізетін болды.
Тамыз мәслихатында «Зейнеткер тынысы» газетінің бас редакторы Серікбай Тұржан, «Борлысай» мектебінің мұғалімі Жандос Теміржанов пен «Досан» негізгі орта мектебінің ардагер ұстазы Жұмакүл Омарханова және Ө.Жолдасбеков мектебінің ағылшын тілі маманы Жадыра Сыздықова мінбеге шығып, өз ойларын айтты, ұсыныстарын жеткізді.
Жиын соңынан құрметті қонақ, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Әлібек Сағымбекұлы сөз алып, білім беру мәселесіндегі соңғы жаңалықтармен көпшілікті хабардар етті.
Тамыз мәслихатында жыл ішінде жемісті еңбек еткен мектеп ұжымдары, басшылары, үлгілі ұстаздар тиісті дәрежеде түрлі марапаттауларға ие болды.
* * *
Мұғалімдердің тамыз салтанатына арналған «Көгілдір от» кеші «Тәуелсіздік» алаңында «Ұстаз – ай мен күннің құдіретті сәулесіндей» тақырыбында өткізілді. «Көгілдір от» кешіне аудан әкімінің орынбасары Айкен Темір қатысып, мұғалімдерді мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Кеште ұстаздардың құрметіне ән айтылып, би биленіп, түрлі ойындар ұйымдастырылды.
Бұл кеште озат ұстаздар аудан әкімінің, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының және білім бөлімінің «Алғыс хаттарымен» марапаталды.
Жібек НҰРБАЙҚЫЗЫ.

63