МИНИСТРДІҢ ТУҒАН АҒАСЫ ЖЕМҚОРЛЫҚ ДАУЫНАН КЕЙІН ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТТІ

210
0

Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Біржан Нұрымбетовтың бауыры Тимуржан Нұрымбетов жемқорлық дауынан кейін Жамбыл облысы еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы қызметінен өз еркімен кетті. Бұл туралы ОрталықАзия Жаңалықтары қызметі KazTAG агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Ол бұл қызметке былтыр 18 ақпанда келген.

Бұған дейін, 14 сәуірде «Время» басылымы Тимуржан Нұрымбетов тоғыз миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Ақпаратқа қарағанда басқарма басшысы жемқорлыққа қарсы қызметтің күдігіне былтыр желтоқсанда ілінген.

Тимуржан Нұрымбетовке қатысты қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу мәліметтерін жариялауға болмайды.

Тимуржан Нұрымбетов — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың туған ағасы. Ол 1966 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Мамандығы — инженер-технолог.

Нұрымбетов 2013-2019 жылдары Жамбыл облысы әкімі аппарат басшысының орынбасары болған. Ол 2019 жылдың ақпанынан бастап облыстың Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы қызметін атқарған.