КҮНГЕЙДЕ ЖҮРГІЗУШІЛЕР СМАРТФОН АРҚЫЛЫ КӨЛІКТІ ҚАЙТА ТІРКЕЙ АЛАДЫ

473
0
КҮНГЕЙДЕ ЖҮРГІЗУШІЛЕР СМАРТФОН АРҚЫЛЫ КӨЛІКТІ ҚАЙТА ТІРКЕЙ АЛАДЫ

Шымкентте бүгінге дейін автокөлікті мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында немесе egov.kz электронды үкімет порталы арқылы тіркеуге болатын. Енді азаматтар артық сабылмай-ақ темір тұлпарды тіркеу рәсімін kaspi.kz қосымшасы арқылы реттей алады.

Автокөлікті қосымша арқылы қайта тіркеу үшін автокөлік сатушысы мен сатып алушы қосымшада көрсетілген арнайы жолдарға барлық қажетті мәліметтерді толтыруы керек.
Атап айтқанда сатушы kaspi.kz қосымшасына кіріп, мемлекеттік қызметтер бөлімінен «Автокөлікті қайта рәсімдеу» қызметін таңдауы тиіс. Әрі қарай көлікті тіркеуден шығару батырмасын басып, айыппұл мен салық берешегі туралы ақпаратты тексере алады. Бұдан кейін сатып алушының жеке сәйкестендіру нөмірі мен көліктің сатылымға қойылған бағасы толтырылады. Егер сатушы көліктің нөмір белгісін сақтап қаламын десе, тиісті жерге белгі қоюы тиіс. Соңында сатушы электронды қолтаңбасы арқылы көлікті тіркеуден шығарады.
Ал сатып алушы болса, қосымшаға өтіп, «Автокөлікті тіркеуге қою» батырмасын басып, көлік жайлы мәліметтерді растайды. Көлікті сатып алу құнын төлеп, мемлекеттік тіркеу нөмірін қай мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығынан алатынын көрсетеді. Бұдан кейін нөмір белгісі мен техникалық паспорт, тіркеу үшін мемлекеттік баж салығын төлеуі қажет. Көліктің тіркелгендігі жайлы хабар kaspi.kz қосымшасына 3 сағат ішінде келеді.
Техникалық паспорт үшін қызмет кұны 3646,25, көліктің жаңа нөмірі 8167,60, тіркеу үшін 729,25 теңге.
Көлікті тіркеуді қосымша арқылы рәсімдемес алдын Kaspi электронды қолтаңбасын алдын ала алған абзал.
«Азаматтар автокөлік орталығына бармай-ақ, көлікті қайта тіркеп, тіпті жүргізуші куәлігін ауыстыра да алады. Бұл азаматтардың уақыты мен шығындарын үнемдеп қана қоймай, қызмет алу барысындағы адами факторды толығымен жояды. Сонымен қатар ол адамдарды кезекте тұру қажеттігінен босатып, цифрлық сауаттылығының артуына ықпал етеді. Бұл ретте, халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлері тарапынан шымкенттік автожүргізушілерге смартфон арқылы көлікті қайта тіркеуге алу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде», — деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.