ЕСІМІНЕ ЕҢБЕГІ САЙ ЕЛЖАНДЫ АЗАМАТ

424
0

Ақпан айының басында Шолаққорған ауылында тұратын сыйлас жігіттің үйінде қонақта болған едім. Әңгімеден әңгіме туады демекші бүгінгі әркім өз басымен болған тұрымтай заманда жақсылық деген қасиеттің азайып бара жатқаны туралы сөз қозғалды. Үй иесі әңгіме арасында аудандық кірістер басқармасында қызмет атқаратын Мәдина есімді қызы Нұр-Сұлтан қаласына қызмет орнын ауыстырғанын, оның жұмысқа орналасып, одан әрі аяқтан тұрып кетуіне елорда да тұратын ауданымыздың бір азаматы көмек қолын созып жақсылық істегенін айтты.

Бұдан оншақты жыл бұрын да, бір топ азаматтар бас қосқан жиында ауданымыздың сол азаматы Сызған ауылынан шыққан Қаршыға аға екенін, ол Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орындары мен колледждеріне бірнеше жағдайы төмен отбасыдан шыққан балалардың оқуға түсулеріне көмектескені туралы жағымды жаңалықты естіген болатынмын. Мына әңгімені естігесін құлағым елең ете қалды. Себебі ол кісіні мен жастайымнан танитынмын. Және 1995-ші жылдары Алматыға жұмыс іздеп жұрт сарсылып жатқанда менде барғанмын. Сол жақта Қаршыға ағаны іздеп тауып алып, қасында жүріп, өмірдің көп сабағын үйренгенмін. Мінезі ашық, ақылы адами қасиетіне сай Қаршыға аға үлкен демей, кіші демей сыйласқанмен сыйласатын, тау тұлға екенін аңғартатын.
Сол таныстығымды пайдаланып Қаршығабек Мұхамбекұлының ұялы телефонын алып, естіген әңгімем жайында өзінен сұрадым. Ол кісі алдымен «мұсылман қауымында істеген жақсылықтарын айтпайды және мен өзім бұл істерді жақсылық деп айта алмаймын, бұл менің азаматтық борышым, ренжіме інім» деді. Аға, сіз қазіргі заманды білесіз біреуге біреу қайырласуды, амандасуды ұмытып бара жатыр. Сіздің еткен игі істеріңіз өзге жандардың жүрегіне намыс отын салар, жігерін жаныр, «алма алмадан рең алады» демекші, ертең басқа да азаматтар сізге ұқсап елге бір шөкім болса да пайдасын тигізер,-деп ақ жүректі ағамызды әзер көндірдім.
Ол кісі аз-кем үнсіз тұрды да, жарайды, айтайын.-деді.
— 2009 жылы Үкімет халықты жұмыстен қамту, мамандыққа қайта даярлау, жоғарғы оқу орындарына қосымша мемлекеттік грант бөлу жөнінде Жол картасы бағдарламасын іске қосты. Сол жылдың 10-қыркүйегі бейсенбі күні таңертең жоғарғы оқу орнының оқу ісінің меңгерушісі таныс азамат қызметтік телефоныма қоңырау шалды. Аз-кем әңгімеден соң, сөз арасында жоғарғы оқу орындарына, колледждерге мемлекеттік бағдарлама бойынша қосымша гранттар бөлінгенін, соған адамдар іздестіріп жатқандарын айтып қалды. Мен әңгімені қайта сұрадым, егер ондай тегін оқу болатын болса 10 баланы мен тауып берейін ол үшін қандай құжаттар керек? — дегенімде, ол талапкердің қажетті құжаттарының тізбесін айтты. Ал жатақхана жағы, стипендиясы қалай болады деген сұрағыма, әрине жатақханада стипендияда болады деді және талапкерлер алдағы дүйсенбіде университетте болулары қажет деп ескертті.
Бұл жаңалықты естігесін мен дереу ауылға хабарласып Сызғандағы бас көтерер азаматтарға мән-жайды түсіндіріп, мүмкіндігінше бір-екі күнде, оқығысы келетін ауылдың балаларын тауып, 10 баланы астанаға оқуға тезірек жіберіңдер және менің телефон нөмірімді беріңдер, олар сенбі, жексенбі күндері келетін болса дұрыс болар еді дедім.
Сонымен ауылдан он емес он үш бала шықты. Олардың Елордаға келгенін келгенінше күтіп алып алдымен үйіме жинадым. Үш күннің ішінде бәрі түгел келіп болды. Дүйсенбі күні таңертең оқу орнына бәрін алып бардым. Балаларды қабылдау бөлмесінде қалдырып басшының орынбасарына құжаттарды бердім. Ол құжаттарды тексерді. Одан кейін қабылдау комиссиясы құжаттарды қабылдап, қосымша қажетті тестілеуден өткізіп, 10 баланы оқуға қабылдады.
Одан кейін мен оқу орнының басшысына кіріп, ол балаларды әр жерге жатқызбай бір қабатта, бір-біріне жақын бөлмелерге орналастыруын өтіндім.
Оқуға қабылданған күні барлығын үйіме шақырып ақыл-кеңесімді айттым. «Енді сендер ауылдағыдай бос жүрмейсіңдер. Оқу орнының талаптарын орындап жақсылап білім алуға ұмтылыңдар. Сабақтан еш кешікпеңдер және осы астанада жұмысқа тұрамыз осы астаналық боламыз деп мақсат қойыңдар. Егер мен қажет болсам хабарласып тұрыңдар, дедім. Себебі араларында ауылдан ешқайда шықпаған балалар мен қыздар болды.
Содан соң, жаратушымыз сендерге зор мүмкіндік жасап отыр балалар, қазіргі заманда кез-келген жанның қолы жете бермейтін оқуға түстіңдер, студент атандыңдар. Ендігі өмірлерің өз қолдарыңда. Егер бір келеңсіз жағдай болып жатса, әділетсіздік орын алса өз беттеріңше жұмыс жасамаңдар, бірінші маған айтыңдар дедім. Жатақханада студенттер тамақтарын өздері істеп ішуі керек екен, оған алғашқыда кейбірінің қаржылары болмады. Сосын алғашқы шәкірт ақысын алғандарынша азық-түліктерін жеткізіп бердім. Кейін стипендияларынды алғасын, ең бірінші кезекте стипендияларыңнан бәрің ортаға ақша шығарып азық-түліктеріңді алып қойыңдар деп кеңес бердім.
Бір күні олардың ішінен бір-екі баланың көлік жуатын жерге барып сабақтан бос уақытта ақша тауып жүргенін есіттім. Жексенбіге барлығын үйге шақырттым. Түскі аста барлығы тамақтанып болған соң, көлік жууға барып жүрген балалардан мән-жайды сұрадым. Оларға «мен сендерді мұнда білім алуға шақырдым ғой, бұл жақта қыс ұзақ күн салқын ауырып жатсаңдар сабақтан қалып қоясыңдар, ал сабақтан қалсаңдар оқудан шығып қалуларың мүмкін»,- деп ескерттім. Сол кезде, ішіндегі ересектеу бала. Аға ол айтқаныңыз орынды. Бірақ алдымызда қыс келе жатыр ғой, үйден көмек болса да жоқ, «енді бос уақытымызда осылай қысқы киімге қаржы тапқымыз келді» — деді.
Әлгі баланың айтқанына ойланып қалдым. Расында мен бұл жағын ойламаппын. Олай болса ертеңнен бастап ол жұмысқа бармаңдар. Мен сендерге бос уақыттарыңда істейтін «жұмыс іздестіремін»-дедім. Содан бір астаналық қонақ үйдің басшысы таныс азамат еді соған хабарласып, жағдайды түсіндіріп айтып, осы балаларға жұмыс табу қажет болып тұрғанын өтіндім. Ол кішкене ойланып қонақ үйге келген адамдарды күтіп алып, шығарып салып тұратын жұмыс бар екенін айтты. Осылайша біразы сабақтан бос уақытында айлық алатын қосымша жұмысқа орналасты.
Сондай-ақ, осы он жылдан аса уақыт ішінде жағдайларын айтып, өтініш жасаған біраз адамдардың балаларына жол көрсетіп қолымнан келгенше көмектесіп келе жатырмын. Олар қазір бір қауым ел болды. Оқуларын бітіріп дипломдарын алды. Біразы мамандықтары бойынша қызмет істейді. Жалпы барлығы да бос емес. Жұмыс істеп жүр. Біразы отбасылы, бала-шағалы, үйлі-жайлы. Біреулері кішкентайлы болып жатса «атын қойыңыз» дейді. Кейбіреулері балаларының тұсауын кескізеді. Сол балалар қазіргі уақытта қалаға үйреніп, сіңісіп кетті. Барлығы да адал, жақсы азамат-азаматшалар болып өсті. Олардың бәрі маған ыстық. Өз балаларымдай көремін. Біразы үй алды. Көлік алды. Біразының қызметтері өсіп жатыр. Біреулері оқуларын ары қарай жалғастырып, магистратура бітіруде. Сондай-ақ бәрін сырттарынан сұрастырып, жеткен жетістіктеріне қуанып отырамын. Мен бұл істерімді жақсылық деп емес, азаматтық парызым деп есептеймін, — дейді Қаршыға аға.
Енді көпшілік оқырманға түсінікті болу үшін, Қаршыға ағамыз туралы шағын ақпарат бере кетсем. Қаршығабек Мұхамбекұлы 1961 жылы дүниеге келген. Созақ ауданы, Сызған елді мекенінің Қозмолдақ ауылында өскен. 1978 жылы мектеп бітірген соң еңбек жолын қарапайым жұмыстан бастаған. 35 жасында Алматыдағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен тәмәмдаған. Ағамыз кәсіби еңбек жолын 39 жасында Алматыдағы «Халық банктен» бастап, кейіннен мемлекеттік қызметке ауысып салық комитетінде қызмет істеген. Одан кейін 2003 жылы Астана қаласындағы Қаржы министрлігі Салық комитетінің орталық аппаратына ауысқан. Қазіргі кезде де мемлекеттік кірістер комитетінде басшылық қызметте бірнеше рет Алғыс хаттар мен, Құрмет грамоталарымен және кірістер органының үздігі төс белгілерімен марапатталған.
Ал ағамыздың жұбайы Асылбекова Мәрзия Пәзілқызы туралы айтсақ. Ол кісі де жерлесіміз Созақ елді мекенінің орта мектебінің түлегі. Елордадағы «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті» Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты.
Жерлесіміздің үлкен ұлы Қаблан Қаршығабекұлы әке жолын қуып қаржы саласының маманы болған. Қаржы министрлігінде, оның бөлімшелерінде басшылық қызметтерде істеген. Қазіргі уақытта бір облыста департамент басшысы. Ал кіші ұлы Бауыржан жастар арасында бокстан біраз жетістіктерге жеткен.
Кіші қызы Ділнұр астаналық «Зерде» дарынды балалар мектебінің үздігі. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында және Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында өткен жарыстарға қатысып бірінші орындар алып келген.
Ағамыз бір сөзінде «осынау ширек ғасырдан аса ғұмырыма көз салсам, көңілімнің төрінен орын алған соқпағы көп қиын жолдар мен қимас сәттер баршылық екен. Негізінде осы менің сүрген ғұмырымда жайқалып өскен үш ортам бар. Олар – туып өскен жерім. Жоғары білім алған ортам. Достарым және саналы ғұмырымда қызмет еткен ұжымым. Абыроймен қызмет етуіме осы орталардағы абзал жандардың ықпалы орасан зор болды. Өйткені, осы жерде менің мінез-құлқым, қадір-қасиетім, әдет-дағдым, өзіндік келбетім мен қолтаңбам қалыптасты. Сол орталарда өстім, қалыптастым, азамат ретінде танылдым. Сондықтан да олардың әрқайсысы бір белес және үлкен өмір мектебім болды»,-дейді.
Қаршығабек Мұхамбекұлының әкесі Мұхамбек Қамбарбекұлы Сызған елді мекенінің тумасы. Екі соғысқа қатысқан офицер. Өз заманында басшылық қызметтер істеп ел басқарған. Теріскей өңіріне танымал кісі болған. Ал анасы Бәтима Омарқызы Семейдің Аягөз ауданының тумасы. Мектепте ұстаз болып шәкірттер тәрбиелеген. Өз анасы ерте қайтыс болғандықтан, екінші анасы жартытөбелік Аякүл Зейілбекқызын сағына еске алып отырады. «Әкеміз екеуі тату-тәтті жақсы сыйластықпен өмір сүрді. Өкініштісі кенже бауырымызға бір жас алты ай болғанда анамның қан қысымы көтеріліп, ол кісіде өмірден өтті. Сол уақыттан бастап арттарында қалған үш қыз, төрт ұл «ана» деген сөзді айта алмай өстік. Бірінші анам қайтыс болғанда бес жаста, екінші анам қайтыс болғанда он бір жаста едім. Аналарымның жатқан жерлері жарық болғай,-деп Қаршыға аға тағы да аз-кем үнсіз қалды.
Байқаймын ағамыз әңгімесін қысқаша сыпайылап айтқан сияқты болды. Сосын мен өтініп, «Қаршыға аға 2008 жылы Сызғандағы аурухана жабылып қалғанда Сіз, аудан орталығынан 70 километрден жақын, халқының саны 5000 адамға жетпейтін ауылдық ауруханаларды жабуға қатысты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 28 желтоқсандағы №1304 қаулысына өзгерту енгізу немесе күшін жою туралы Премьер-Министрге ауыл тұрғындарының, ардагерлердің атынан хат жазып ауылыңыздағы аурухананың қайта ашылуына, қасынан емхана салынуына Үкіметке жеткізе жүріп оң шешілуіне қол ұшын берген деп естідім»,-дегенімде, «иә, солай болған»,- деді. Ол аудан көлеміндегі басқа да жерлерге жасаған көмектері туралы сөз қозғауды кейінге қалдыруды сұрады.
Айта кеткен жөн, менің ойым тек қана Созақ ауданының емес, еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген балалардың оқуға түсуіне, жұмысқа орналасып аяқтан тұруына септігін тигізіп, елдің ақ алғысын алып жүрген Қаршығабек Мұхамбекұлының еңбегін ел білсе екен деген ой ғана.
Қазақтың әр баласы осындай бір-біріне бауырмал, қамқор болса қазақ халқының алмайтын қамалы болмайтыны шындық.

 

Мақсат Қарғабай,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
2021 жыл 15 наурыз