Облыс әкімінің сый-сияпатын тапсырды

722
0

1941-1945 жылдардағы Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орай Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов ауданымызда тұратын үш ардагер Тәжі Нұрқожаев, Шәміл Тағиев, Мырзахмет Жылысбаев есімді қариялардың отбасында болып облыс әкімінің Құттықтау хаты мен арнайы жіберген сый-сияпаттарын табыс етті. Жалпы Созақ ауданынан соғысқа аттанған 6000-ға жуық жауынгердің біршамасы жат жерде мәңгілікке көз жұмса, біршамасы туған жерге келіп, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қайта өркендету жұмыстарына бел шеше кіріскен болатын. Содан бері 76 жыл өтіпті.

Аудан әкімі ардагер аталарымызды облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің атынан және аудан халқы атынан құттықтау сәтінде «Бұл – Отан қорғаудағы өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратының ең айтулы мерекесі. Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Аға буынның теңдессіз ерлігін құрметтеп, зұлмат соғыстың зардаптарын ұмытпау – біздің қастерлі борышымыз» деп айтқандай, майдангерлердің иығына аса ауыр жүк түсіп, Отаны, елі үшін от болып жанды, оқ болып атылды. Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды. Тылда жүріп, белуардан су кешіп бел шешпей еңбек етті. Осындай ерлік көрсеткен алдыңғы толқынды құрметтеу, ұмытпау біздің парызымыз», – деп жүрекжарды ақжолтай тілегін білдірді. Майдангер ақсақалдар аудан, облыс басшыларына, жалпы халқымызға бүгінгі қиын-қыстау күндерде бірауызды болып бірлік пен тірлікті ұштастыра еңбек ете берулеріне тілектестігін білдіре отырып, ақ батасын берді.

Мақсат Қарғабай.