Ақтөбеде биіктен секіріп, мерт болған оқушы смартфонынан күмәнді нәрселер табылды (видео)

1755
0

Ақтөбелік 12 жастағы қызды қолындағы смартфоны көрге сүйреді. Ата-анасының айтуынша, қыздарының планшеті мен блокноттарын тексере келе, әртүрлі аниме суреттері мен көпке танымал «Among Us», яғни «Арамызда» деген компьютерлік ойынның мобильді нұсқасын тауыпты, — деп хабарлайды zakon.kz.

Қайғылы жағдай жексенбі күні болған. 13 жастағы қыз құрбысымен киноға кетіп, үйіне оралмаған. Артынша мүрдесі көпқабатты үйдің ауласынан табылған. Ата-анасы бұл үйде қызының сыныптасы әрі құрбысы тұрғанын айтты. Полицейлер жасөспірімнің өліміне не себеп болғанын анықтап жатыр, деп хабарлайды «Еуразия» бірінші арнасы.

ЕРБОЛАТ САРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

20-қабаттан секіріп кеткендігі анықталды. Осы дерек бойынша қазіргі таңда ҚР ҚК 105-бабының 3-тармағы бойынша қылымыстық іс қозғалды.

Қайғыдан қан жұтқан әкеге тұңғышы туралы өткен шақта айту оңай емес. Қызы 10 күн бұрын ғана алғашқы мүшеліне толыпты. Оның құлазып, көңілсіз жүрген сәті болмады дейді. Адамдармен тіл табысқыш, сабақ үлгерімі де жақсы болыпты. Музыкаға әуестенген екен. Гитарада ойнап, сурет те салған. «Қызымның өліміне онлайн ойын себеп болды ма деген ой да маза бермейді» , — дейді әкесі.

МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:
— Ата-ана ретінде айтасыз ба, сондай бір әсері болды ма, депрессияға түсіретін?
— Иә, болуы мүмкін. Мен ата-аналарға бәріне ақылым телефондарын қараңдар. Телефонды, блокнотты кеше тергеушілер алып кетті. Блокноты бар, сол жақта «Among us» суреттері, жапондық аниме, сондай суреттер бар.

Марқұм оқушы қыз мектепте де белсенді болған. Ұстаздары лидерлік қасиеті бар еді деп еске алды. Ұнжырғасы түсіп, психологтың көмегі керек деген кезі болмаған.

БАҚЫТБЕК ЕРЖАН, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Ол баладан ондай шығады деп біз ойламадық, төбемізден тас түскендей болды. Психологарымыз жұмыс істеп жатыр. Енді мұндай белгі болмағаннан кейін әрі ата-ананың бірінші рұқсаты керек, бірақ баладан ондай бір сезікті нәрсе көрінген жоқ.

— Психологтың көмегіне жүгінген жоқ па, бұрын-соңды?
— Иә.

Балаға бар керегі ата-ананың махаббаты мен назары. Соған көңіл бөліңіздер! Қызынан көз жазып қалған келіншек өзге ата-аналар осы кеңеске құлақ асса дейді.

МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Қатты өтініп айтқым келіп тұр… Қандай жастағы бала болса да, балаларыңызға қараңыздар, балаға қалай жақсы көретініңізді айту керек. Жаман жағы қандай болады, неге жаман, түсіндіру керек. Балаларға жақсы не екенін айту керек! Сондай жағдайды маған айту, оңай емес,,айтқым да келмейді, бірақ тағы осындай қате болып қалмасыншы, ата-аналарға қатты өтініш!

Білім және ғылым министрлігіндегілердің де пікірі осыған саяды. Суицид көп жағдайда білім ошағында емес, үйде болады. Сондықтан, күдігі, алаңдаушылығы бар ата-ана дер кезінде мамандардың көмегіне жүгінгені абзал дейді.