«ДЕПУТАТТЫҚ МАНДАТЫМДЫ ЖЕКЕ МҮДДЕМЕ ПАЙДАЛАНҒАН ЕМЕСПIН»

487
0

Ғани АХМЕТБАЕВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

Ғани Ахметбаевты Оңтүстiк жұртшылығы ұлттық спорт түрлерiнiң көкжиегiн кеңейту үшiн аянбай тер төгiп жүрген азамат ретiнде етене таниды. «Соңғы отыз жыл бойына бiрде-бiр рет жөндеу көрмей, аянышты халге түскен Шымкенттегi атшабардың екiншi тынысын ашқан – осы Ғани Молдабекұлы» деседi көпшiлiк. «Халық айтса, қалып айтпайды». Сондай-ақ елге сiңiрген еңбегi де зая кеткен жоқ. Электорат соңғы екi шақырылымда да Шымкент қалалық мәслихатының депутаты етiп сайлады. Қазақстан Республикасына еңбегi сiңген жаттықтырушы деген атағы тағы бар. Мiне, осындай азаматпен сұхбаттасудың сәтi түсiп едi.  

– Ел бiлетiн Ғани Ахметбаев деген есiмнiң бiр күнде қалыптаспағаны белгiлi. Сондықтан ең алдымен өткен күндерге, Сiз туып-өскен ортаға қысқаша шегiнiс жасап көрсек.  

– Мен қарапайым ғана шаңырақта туып-өстiм. Әкем Молдабек Ұлы Отан соғысына басынан соңына дейiн қатысқан азамат едi. Бүгiнде Шымкент қаласына қарасты Қайтпас шағынауданы – әкемiздiң де кiндiк қаны тамған жер. Әрине, ол кезде бұл елдiмекен басқаша аталатын. Ауыл едi. Майдан даласынан оралған соң, партияның бастамасымен Жетiсайдағы Киров каналын қазуға атсалысты. Бұдан кейiн туған ауылына келiп, өмiрiнiң аяғына дейiн совхозда еңбек еттi. Есепшi, диқан, сушы қызметтерiн атқарды. Осы атшабардың орнында бұрындары сиыр фермасы болатын. Кейiнiрек әкем осында жұмыс iстедi, анам сауыншылықпен айналысты. Екеуi он екi баланы дүниеге әкелiп, ел қатарына қосты. Көзi тiрiсiнде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған әкемiз – бүгiнде бақилық. Ал, анамыз, Аллаға шүкiр, арамызда жүр. Сексен үш жаста. Қарашаңырақта күн кешiп жатыр.

Әке-шешемiз бейнеткеш кiсiлер болғандықтан, бiз де жұмысқа ертерек араластық. Сиыр фермасында солардың қасында жүрiп, шама-шарқымызша қолғабыс жасаймыз. Жылдар өте келе, бұл ферма басқа аумаққа көшiрiлдi де, оның орнында Асанбай Асқаровтың ағамыздың арқасында атшабар пайда болды. Мiне, сонда еңбек жолымды ат күтушi болып бастадым. Көпбалалы отбасыда өскендiктен, кешкi оқуға түстiм. Күндiз сол атшабарда жұмыс iстеймiн. Оның үстiне кiшкентайымнан жылқыға құмар болдым. Мектеп-интернатта оқып жүргенiмде, қойшылардың балалары «Атқа мiнiп, өйтiп шаптым, бүйтiм шаптым» деп мақтанады. Солардың әңгiмесiне кәдiмгiдей елiтемiн. Содан жазғы каникулда жайлауға ере-мере кетiп, жаман атқа мiнгiзгенiне мәз болып, қойын бағып беретiнмiн. Мұны қазiр бiреуге айтсаң, ертегiдей боп естiледi. «Талаптыға нұр жауар» дейдi ғой, бәлкiм, Алланың өзi тiлегiмдi қабыл алған шығар, бiр кездерi осы атшабарда жұмысты ат күтушiден бастап, қазiргi таңда ОҚО Ұлттық спорт түрлерiнен балалар мен жасөспiрiмдердiң мамандандырылған спорт мектебiнiң директоры қызметiн атқарып отырмын. Бұл менiң пешенеме жазған жетiстiгiмнiң бiрi шығар деп ойлаймын. Кей-кейде кейбiр үлкен ағаларымның «Түу, Ғани, қашанғы осы малақтың арасында жүре бересiң?..» дейтiнi бар. Әжептәуiр ренжiп қаламын ондайда. Себебi, ипподромға келiп, малақтың иiсiн бiр иiскемесем, байыз тауып жата алмаймын. Кезектi еңбек демалысында жүрсем де, мiндеттi түрде күнiне бiр мәрте осында бұрылып, аттардың қас-қабағына қарап, күтiмiне көңiл бөлудi әдетке айналдырғанмын. Iшiмнен «Ат баптаушылар «Бұл кiсi неге алаңсыз демалмайды екен?» деп ойлайтын шығар» деймiн. Бiрақ, қайтемiн, мен өмiрiмдi осы сәйгүлiктерсiз елестете алмаймын. Жанымның, жүрегiмнiң қалауы – сол. Аттарды күтiп-баптағаннан ләззат аламын. Осы жасыма дейiн дәм-тұз бұйырып түрлi салаларда еңбек еттiм ғой, әйтсе де өзiмдi дәл қазiргi жұмысымдағыдай жайлы, жайбарақат, еркiн сезiнген емеспiн. Осында жұмыс iстеуге емес, бейне бiр демалуға келгендей боламын. Қазақты жылқы мiнездес халыққа теңеп жатамыз ғой, сiрә, аттың жалын тартып мiнген ата-бабаларымыздың қанына сiңген қасиеттен бе, әйтеуiр, жылқы десе, iшкен асымды жерге қоямын.

– Бүгiнде Қазақстан Республикасына еңбегi сiңген жаттықтырушысыз, Қазақстан Республикасының Құрметтi спорт қайраткерiсiз. Бұл салаға қалай келдiңiз?

– Мен, негiзi, мектеп қабырғасында жүргенiмде, грек-рим күресiмен шұғылдандым. Спорт шеберлiгiне үмiткер атандым. Өкiнiшке қарай, мектеп бiтiрген соң спортты одан әрi жалғастыруға мүмкiндiк болмады. Жоғарыда айқанымдай, көпбалалы шаңырақтан шыққаннан кейiн әке-шешемiзге көмектесу керек болды. Менiң артымнан ерген бес iнiм, бiр қарындасым бар-тын. Дегенмен уақыт өте келе, көкпарға қызығушылығым арта түстi де, 2000 жылдан берi қарай шындап ден қойдым. Өзi Оңтүстiк көкпардың отаны ғой: жiгiттердiң басын қосып, түрлi деңгейде өтетiн спартакиада, фестиваль, чемпионаттарға қатыстырып, талай рет биiк тұғырларға көтерiлдiк. Мүмкiн, осы еңбегiмiз еленген болар, Қазақстан Республикасына еңбегi сiңген жаттықтырушы деген атақ бердi. Менi «Қазақстан Республикасының Құрметтi спорт қайраткерiсiз» деп қалдыңыз, айтқаныңыз келсiн, алайда бұл атақты әзiрге ала қойған жоқпын. Бiрақ сондай ұсыныстар болып жатқанын естiп, қуандым. Бiлуiмше, Құрметтi спорт қайраткерi атағы 50 жастан асқаннан кейiн ғана берiле бастайды.

– Ұлттық спорт түрлерiнiң көкжиегiн кеңейтуде мемлекеттiң қамқорлығы қандай? Әлде олимпиадалық спорт түрлерiне енбейтiндiктен, көбiнесе қалтарыста қалып келе жатыр ма?

– Мемлекет тарапынан өте жоғары деңгейде деп айта алмаймын, бiрақ қолдау көрсетiлiп жатқаны жасырын емес. Ол үшiн мемлекеттi де кiналауға болмайды, өйткенi ұлттық спортты көтеру үшiн арнайы бағыт-бағдар белгiленiп, жоспарлар түзiлiп, бағдарламалар жасалуы қажет. Ал, оны iстейтiн – осы ұлттық спорттың басы-қасында жүрген азаматтар. Қаражаттың қандай мақсаттарға қажет екенiн тайға таңба басқандай етiп көрсетiп, дәлелдеп, құжат түрiнде апарсаң, ешкiм меселiмiздi қайтармайды деп есептеймiн. Себебi, билiк басында ұлттық спортты дамытуға құмбыл, ұлтжанды азаматтар жеткiлiктi.

Бiз көбiне-көп қаражат алуға негiз боларлық осы құжат жағынан ақсап жатамыз. Құдайға шүкiр, бүгiнде ҚР Ұлттық спорт түрлерi қауымдастығы құрылған. Оған 26-ға жуық спорт түрi тiркелген. Басшысы – Қайрат Сатыбалды деген азамат. Сол кiсiнiң қолдауымен ұлттық спорт түрлерiнiң қанат жаюына мейлiнше жағдай жасалуда. Күнтiзбелiк жоспарымыз бектiлген, соған сәйкес, бүкiл жарысқа қаражат бөлiнедi. Ешбiр сайыстардан шет қалған емеспiз. Қауымдастық қазiргi таңда ұлттық спортты Қазақстанның солтүстiк облыстарында дамытуға ерекше күш салып жатыр. Осыған байланысты көкпардан бастап бiрқатар ұлттық ойындар тек сол жақтарда ұйымдастырылуда. Мысалы, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Көкшетау қалаларында бiрнеше жарыстар өттi. Өскемен мен Орал да қалысар емес. Әсiресе, көкпар ойыны соңғы уақытта тек Оңтүстiк өңiрiнде ғана емес, күллi Қазақстан бойынша өте жоғары деңгейде дамып келедi. Бұрындары қарсыластарымыз аз болатын, қазiр мықтылардың қатары артқан. Бұл бiр жағынан жақсы, көкпаршыларымыз босаңсымайды, тоқмейiлсiмейдi, тақымын үнемi қысып жүредi. Биылғы Қазақстан чемпионатында 3-орын алып қалдық. Бұл бiздi де едәуiр ойландырып тастады.

Жалпы, жылқымен байланысты ұлттық ойындар әжептәуiр шығынды талап етедi. Мысалы, футбол ойнау үшiн добыңызды құшақтайсыз да, жүре бересiз. Ал, бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге iлу, қыз қуу секiлдi спорт түрлерiне қатысу үшiн жылқыларды әрлi-берлi тасымалдаймыз. Соның өзi ауыр соғады. Жүз, екi жүз емес, екi мыңнан астам шақырым жол жүруге тура келедi. Мал дәрiгерiнен бастап ат күтушiге дейiн бiрге жүредi. Осының барлығына мемлекет тарапынан қаржы бөлiнуде. Рас, «олимпиадалық спорт түрi емес» деп бiздердi кей-кейде шетқақпайлайтыны бар. Бiрақ түбiнде бiздiң Оңтүстiкте ұлттық спорт кенже қалмайтынына сенiмдiмiн. Оның үстiне облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Полат Қырықбаевтың ұлттық спортты дамытуға деген көзқарасы айрықша. Қай жарысқа қатыссақ та, басы-қасымызда жүредi. «Неден ұттық, неден ұтылдық?» деген мәселелерге тiкелей өзi араласып, сараптау жасайды. Орайы келгенде айта өтейiн, облыс әкiмi Асқар Мырзахметов 1979 жылдан берi бiрде-бiр рет жөндеу көрмеген ипподромымызға 150 миллион теңге қаржы бөлiп, ғимараттарымыздың шатырларын жаңаладық, атқора, атшабар, мiнберлердi бiрсыпыра жөндеп алдық. Спортшылардың киiм ауыстыратын, жуынатын бөлмелерi заман талабына сәйкестендiрiлдi. Мединалық тексеру бөлмесi бар. Тағы да қосымша құрылыстар жүргiзсек деген ой да жоқ емес. Басшылармен, мамандармен ақылдасып, келiсiп жатырмыз. Келешекте бастамаларымыз өз шешiмiн табады деген үмiттемiн. Қазiргi таңда атшабардың төңiрегiн көгалдандыруға қатысты жобалық-сметалық құжат дайындап жатырмыз, егер қолдау тапса, нұр үстiне нұр болар едi. Былтыр көкпар мен аудырыспақтан Асанбай Асқаров атындағы халықаралық турнирдi оныншы рет өткiздiк, сонда сырттан келген спортшылар мектебiмiздiң жаңарған келбетiн көрiп, таң-тамаша болысты. Өйткенi осыдан 3-4 жыл бұрын атшабарға бас сұққан адам бiздiң жағдайымызды көрiп, шошитын. Жаңбыр мен қардан ғимараттарымыздың қабырғалары құлап, шәкiрттерiмiз бүрсең қағып, тұмауратып, қатты қиналатынбыз. Қазiр, құдайға шүкiр, ахуалымыз әлдеқайда жақсарды. Ендiгi мақсат – сапалы жұмыс iстеп, балаларды тәрбиелеп, ауыз толтырып айтарлықтай жетiстiктерге жету.

Бүгiнде 60-тан астам жылқымыз бар. Мемлекет жылқыларды сатып алуға жыл сайын белгiлi бiр мөлшерде қаражат қарайды. Мектебiмiзде балалар мен жасөспiрiмдер сегiз спорт түрi бойынша жаттығатындықтан, ара-тұра тұлпарлар жетiңкiремей жатады. Сондықтан тай-торпақтарды да осы спортқа бейiмдеп өсiрудi қолға алдық.

– Ұлттық спорт түрлерiн дамытуда кадрлардың тапшылығы сезiлетiнiн бiлемiз. Бұл ретте қалай жол тауып жатырсыздар?

– Бiзде кадр табу өте қиын. Айта берсем, ол – ұзақ әңгiме. Өзiңiз жақсы бiлесiз, ұлттық спорт түрлерiне баулитын мамандар Қазақстандағы жоғары оқу орындарында дайындалмайды. Бiрақ қол қусырып отыру жараспайды, дене шынықтыру факультетiн бiтiрiп, спорт шеберi атағын иеленген мамандармен жұмыс iстеудiң арқасында кадр мәселесiн де оң шешуге тырысып бағудамыз. Әйткенмен соңғы уақытта «Алматыда, Павлодарда ұлттық спорт түрлерi кафедралары ашылып жатыр» деп естимiз. Бұл – үлкен жетiстiк.

– Қазақ дейтiн ұлт болғандықтан, оның өзiне тән спорты болуы, ал ұлттық спорт түрлерi болған жерде мамандардың да сақадай сай тұруы қажеттiлiк һәм заңдылық емес пе?! Шындап, бiлек сыбана кiрiссек, бiздiң ойымызша, бiлiктi мамандарды дайындау – қолдан келетiн тiрлiк. Оның үстiне «ұлттық спорттарыңызды дамытыңыздар» деп, сырттан келiп бiздi ешкiм жарылқап тастамайтыны да анық. Ең бастысы, құлшыныс, талпыныс керек-ақ.

– Құдайға шүкiр, басқасы басқа, көкпаршыларды дайындаудағы алғашқы қадамдарымыз нық басылып жатыр. Мамандарымыздың баршасы – спорт шеберлерi. Олардың да көрген-түйгендерi жетерлiк. Аттың құлағында ойнайтын жiгiттер қазiр бiздiң мектепте жаттықтырушы болып еңбек етуде. Ендi ұрпақтар сабақтастығын үзiп алмасақ болды.

– Жастардың ұлттық спорт түрлерiне деген қызығушылығы қандай?

– Өкiнiшке қарай, қала жастарының қызығушылығы төмен. Олар көбiнесе темiр тұлпарды бiрiншi орынға қояды. Сондықтан әзiрге ауыл жастарына көбiрек үмiт артатынымыз жасырын емес. Бұған бiр жағынан қуанамын. Себебi, ауыл балалары табиғи жаратылысынан-ақ бiрнеше спорт түрiн меңгеруге қабiлеттi. Зерек, қандай тәсiлдi үйретсең де, қағып алады. Кейде көкпар тартады деп таңдаған жiгiттердiң футболға икемi болып жатады. Мысалы, Сарыағаш ауданындағы Құдайберген палуанның немересi Дiнәш деген жiгiт 2 айдың iшiнде мықты футболшы болып шыға келдi. Бойы қандай ұзын!  Клубтар арасындағы ойынын көрiп, таңғалдым. Допты аяғымен ауадан тоқтатады. Қазақстан чемпионатында Қостанайға барып, финалдық ойында бiр өзi 3 гол соқты. Сондықтан олимпиадалық спорт түрлерiне спортшыларды ауылдан селекция жасап алса, әлемдi мойындататын сайыпқырандар шығар едi. Ауыл – алтын бесiк. Таланттылардың баршасы – ауылда. Елбасымыздан бастап билiкте жүрген азаматтардың барлығы дерлiк ауылдың түлектерi ғой. Қаланың балалары жаттығуға 1-2 күн келедi де, бетi қайтып қалады. Жанын қинағысы келмейдi.

– Өзiңiз басқарып отырған мектептiң жетiстiктерiне тоқталыңызшы.

– Оңтүстiк Қазақстан облысына Өмiрзақ Шөкеев әкiм болып тағайындалғасын 2007 жылы ОҚО Ұлттық спорт түрлерiнен балалар мен жасөспiрiмдердiң мамандандырылған спорт мектебiн ашты. Сол кезден берi аталмыш мекеменiң директоры болып еңбек етiп келемiн. Рас, атшабар бұрыннан-ақ бар едi. Ол кезде мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорын-тұғын. Сол 2003 жылдан директор болып бекiтiлгенге дейiн жаттықтырушы, директордың орынбасары қызметтерiн атқардым. Бағындырған белестерiмiз көңiл көншiтерлiк. Спорттың барлық түрiнен жақсы көрсеткiштерге иемiз. Бразилияда қазақ күресiнен жасөспiрiмдер арасында өткен жарыстан спортшымыз әлем чемпионы атанып қайтты. Азия чемпиондарынан да кенде емеспiз. Тоғызқұмалақты бүгiнде төрткүл дүние тани бастады. Осы спорт түрiнен 2 дүркiн әлем чемпионымыз бар. Биыл Чехияда өтетiн әлем чемпионатына жолдама алды. Яғни «қазына қоржынынан бөлiнген қаржыны, үкiлеген үмiттердi толық немесе асыра ақтап отырмыз» деп айта аламын. Сiрә, соның нәтижесi шығар, бiздiң мектептiң спортшылары мен жаттықтырушылары жылдың қорытынды есебi бойынша жыл сайын Спорт министрлiгi тарапынан марапатқа ие болады.

– Спортта «ұстаз», «шәкiрт» деген ұғымдардың қадiр-қасиетi жоғары екенi белгiлi. Сiз кiмдердi ұстаз тұтасыз, кiмдердi шәкiрт санайсыз?

– Жылқыға құмарлығымды ашқан, осы салаға келуiме түрткi болған адам – менiң нағашым. Ретi келгенде айта кетейiн, осы жерде көкпардан iрiктеу жарысы өтiп жатты. Еш дайындығым жоқ, аяғыма ештеңе оралмаған, етiк кимегенмiн, нағашым бiр атқа мiнгiздi де, қамшылап кеп жiбердi. Ат жөнелген күйi додаға кiрдi де кеттi. Алқам-салқамым шығып, арғы беттен бiр-ақ шықтым. Қанша дегенмен додаға бiр кiрген соң делебең қозады екен. Тағы да қойдым да кеттiм… «Сен көкпардан қорықпайды екенсiң ғой» деп мақтап-мақтап қояды. Не керек, сол атты нағашым маған сыйға тартты. Сондықтан осы уақытқа дейiн жеткен жетiстiгiмде Сайрам ауданының құрметтi азаматы Нұрдәулет Мырзабаевтың зор үлесi бар деп есептеймiн. Әлi күнге дейiн көкпар өткiзу, ат таңдау мәселелерiнде сол кiсiмен пiкiрлесiп, ақылдасып отырамын. Жалпы, Нұрдәулет аға қазақ топырағындағы ат спортының дамуына  өлшеусiз үлес қосып жүр. Қазақта қалталы азаматтар көп-ақ, бiрақ дәл Н.Өсерұлындай  атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық ойындарымыздың көсегесiн көгертiп, әлем жұртшылығына танытуға жанын салып жүргендер некен-саяқ. Ұлттың рухын асқақтату үшiн жүрегiн суырып беруге дайын осындай ағалардың барына шүкiр. Бiздiң спорт мектебiмiзге жанашырлығының өзi — бiр төбе. Демеушiлiк жасап, бiрнеше ат сыйлады. Өзi қазақ жылқының табиғатын терең түсiнетiн халық қой. Сондықтан бiзде Күреңбайлар көп. Өмiрiн тұтастай жылқы баптауға арнаған небiр мықты атбегiлердi көрiп жүрмiн. Солардың әрқайсысынан сабақ алуға болады. Сондай-ақ спорттық көкпар ойынының ережесiн түбегейлi зерттеп, оның қалыптасуына бiрден-бiр үлесiн қосып, жоғары жетiстiкке жетуiне ат салысып жүрген тағы бiр азамат бар. Ол — ОҚО көкпар федерациясының президентi Нұрмахан Жолдасов.

– «Жақсыдан үйренiп, кәдеге асырамын» дейсiз ғой.

– Әлбетте. Мысалы, бұрындары аттарымыз 6-7 күн шапса, жiп-жiңiшке боп қалатын. Ал, қазiр қанша күн шапса да, сауырсындары бөлiнiп, қоңын бермейдi, қатты қиналмайды. Осының бәрiне ауыл-ауылдардағы атбегiлердiң тәжiрибелерiне сүйене отырып қол жеткiздiк. Шәкiрт деген ұғымға келсек, осы спорт мектебiндегi өзiмнiң орынбасарым Еркеғали Мырзабаевты шәкiртiм деп есептеймiн. Алла жар болса, менен кейiн осы жұмысты сол iзбасарым жалғастырады деп ойлаймын. Арагiдiк темiр тұлпарға қызығып кететiнi бар, бiрақ тұтастай алғанда, жылқыны өте жақсы көредi. Сонымен қатар жастар арасында еркiн күрестен Азия чемпионатында 2-орынды еншiлеген Болат Қонаев деген жiгiтке, Қазақстанға әйгiлi көкпаршы Ақылбай Манкеевке бүйрегiм бұрып тұрады.

– Спортта «жеңiс», «жеңiлiс» деген ұғымдар бар. Жеңiске, әрине, бәрi масаттанады, марқаяды. «Жеңiлсең, жер көтередi» дегендi қалай қабылдайсыз?

– Жеңе бiлетiн адам жеңiле де бiлуi керек екен. Жеңiлгеннiң де пайдасы тиедi. Шыңдаласың, келесi жолы қателiк жiбермеуге тырысасың. Әдепкiде ұлттық спорт түрлерiнен командамыз жеңiлiс тапса, қатты қиналып, жүрегiме салмақ түсiретiнмiн. Кейiн «Күш атасын танымайды» дегенге келiсетiн болдым. Бұрын, мысалы, көкпар тартудан Оңтүстiктiң шашасына шаң жұқпайтын, ал, қазiр Жамбыл, Алматы, Астана, Өскемен қалалары, Ақмола облысы iлгерiлеп барады. Сайысқа барғанда, етек-жеңiмiздi жинап баратын болдық.

– Бұрындары «Спорт мектебiнiң директоры лауазымына қол жеткiзу аудан әкiмi болумен пара-пар» деген әңгiменi жиi құлағымыз шалатын. Сол әлi күшiнде ме?

– Жоқ, бұл әңгiмеге сәл түзету енгiзейiн. Осы ыңғайдағы әңгiменi ОҚО-ның бұрынғы әкiмi Болат Жылқышиевтiң айтқаны есiмде. Бiр жiгiттерге «Ауданға әкiм боласың» деп ұсыныс жасаса, «Жоқ, маған спорт басқармасын берiңiз» деген екен. Пайымдауымша, сiз айтқан алыпқашпа әңгiме содан шыққан-ау. Дегенмен басқарма мен мектептiң арасы жер мен көктей ғой. Қазiргi таңда Болат Қырықбаевтың командасына өте сауатты азаматтар топтасқан. Облыстағы барлық спорт мектептерiнiң тiзгiнi – нағыз шеберлердiң қолында. Әр директор – өз саласының маманы, бiлгiрi. Биыл – жұмысымыздың нәтижесi көрiнетiн жыл. Лондон төрiнде Олимпиада алауы жағылар күн де таяу.

– Шымкент қалалық мәслихатының депутатысыз. Бұл реттегi мақсатыңыз не?

– Халықтың қолдауының арқасында Әл-Фараби ауданына қарасты №1 сайлау округiнен Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болып осымен биыл екiншi мәрте сайландым. Маған негiзiнен ұлттық құндылыққа жаны ашитын адамдар дауыс бердi деп топшылаймын. Оның үстiне өзiм Қайтпас елдiмекенiнде өсiп-өнгенмiн. Қазiр де осында өмiр сүрiп жатырмын. Төртiншi шақырылымда да жұртшылыққа берген уәдемдi орындадым, сайлауалды бағдарламаларымды толық жүзеге асырдым деп есептеймiн. Барынша елдiң көңiлiнен шығуға тырыстым. Ақсақалдарымыз рахметiн жаудырып жатыр. Депутат болып сайланудағы ең негiзгi мақсатым – туып-өскен жерiме титтей де болса пайдамды тигiзу.

– Бiздiң естуiмiзше, депутаттыққа әркiм әртүрлi мақсатпен түсетiн сияқты. Бiреуге атақ-абырой керек, бiреуге бизнесiн өркендету керек дегендей…

– Менiң көкейiмде ондай жеке бастың мүдделерi жоқ. Тек ұлттық спортқа ғана емес, жалпы спорт саласына қала әкiмдiгi тарапынан қандай жәрдем қажет болса да, хал-қадерiмше ықпал етсем деймiн. Қалада бiрнеше спорт мектептерi бар, бәрiнiң жағдайы жаман емес. Бұқаралық спортты дамытуға үлесiмдi қосқым келедi. Бiрiншiден, спортпен айналысқан адамның денi сау болады, екiншiден, уақытын бекерге өткiзбейдi. Нешеме жылдан берi байқап жүрмiн, спортпен айналысқан балалар үлкенге құрмет, кiшiге iзет көрсетудi бiледi. Жүрегi таза, отансүйгiш болады. Ешқашан адам баласына қысастық жасамайды, жамандық ойламайды. Қалалық мәслихатта 29 депутат болса, соның екеуi – спорт саласының маманы. Бiрi – мен, екiншiсi – ОҚО Футболдан олимпиада резервiн дайындайтын балалар мен жасөспiрiмдердiң мамандандырылған спорт мектебiнiң директоры Ермек Дәрменов.

– Ғанеке, өзiңiздi қайырымдылық iс-шараларының басы-қасынан жиi көзiмiз шалады.

– «Жаман адам өзiнiң бергенiн айтады» дейдi. Осы сауалыңызға жауап бермей-ақ қойсам бола ма?

– «Оң қолың берген садақаны сол қолың көрмесiн» деген қағидамен келiсемiз. Бiрақ бiздiкi Сiз секiлдi азаматтардың игi iстерi көпке үлгi-өнеге болса деген ниет қана.

– Қайтпас шағынауданында мешiт салдырдық. Жыл сайын күнкөрiсi нашар отбасылардың балаларына киiм-кешек әперемiз. Ұлы Отан соғысы мен тыл, спорт саласының ардагерлерiне құрмет көрсетiп, қолымыздан келген көмегiмiздi көрсетудi дәстүрге айналдырғанбыз. Спорт мектептерiне жәрдем берiп, кембағалдарға қол ұшын созып жүрген жайымыз бар. Бозарық ауылының халқы құдықтан су iшiп отыр, ол бұзылмай тұрмайды, жәрдем беремiз, орталықтандырылған ауызсу жүйесiмен ендi-ендi қамтылып жатыр. Бiраз мешiттерi бар, соларға қолғабыс жасаймыз. Облыстық мәслихаттың депутаты, немере ағамыз Абай Көмекбаевтың да мен сайланған округке қатысы болғандықтан, жұдырықтай жұмыла отырып, елдiң игiлiгi үшiн бiраз түйткiлдердiң түйiнiн тарқатуға атсалысудамыз. «Бiреуге алтыннан мүсiн жасап бердiм» айта алмаймын, әйтеуiр, шама-шарқымша жұмыс iстеп, қалың бұқараның сенiмiн ақтауға талпынып жатырмын.

– Соңғы кездерi сайлаушыларыңызды қай мәселелер көбiрек толғандырып жүр?

– Күнделiктi тұрмысқа қажеттi ауызсу, «көгiлдiр отын», электр жарығы, көшелердi асфальттау мәселелерi күн тәртiбiнен түскен емес. Алайда, Құдайға шүкiр, қазiргi таңда кез келген депутат халықтың алдына еңсесiн көтерiп бара алады. Өйткенi бюджетте ақша жеткiлiктi, жүзеге асырылуы тиiс жобаларды рет-ретiмен қала бюджетiне енгiзiп қойып жатырмыз. Қайтпас, Бозарық, Самал-2 шағынаудандарында асфальтталмаған бiршама көшелер ғана қалды.

– Жергiлiктi билiкке халық қалаулыларының сөзi қаншалықты өтiмдi?

– Бiздiң корпус өте ұйымшыл. Әкiмдiкпен қоян-қолтық байланысып, өзара түсiнiстiкпен бiрталай шаруа атқарудамыз. Депутаттар мен әкiмдiк өзара ырғасып-тартысқаннан, мәселенi әрi тарт-берi тарт еткеннен ештеңе ұтпайтыны сөзсiз. Әкiмдiк алдын ала ұсыныс түсiруiмiздi өтiнедi. Менiң түсiнiгiмше, депутат – халық пен билiк арасындағы алтын көпiр. Тұрғындардың мұң-мұқтажын билiктiң құлағына жеткiзiп, күн тәртiбiне шығарып, соның шешiлуiн талап ететiн – бiз. Халық бiзге сенiм артқаннан кейiн, соның үдесiнен шығу – негiзгi мақсатымыз. Төртiншi шақырылымда берген уәделерiм толығымен орындалды. Осы шақырылымдағы сайлауалды бағдарламамды да бiраз еңсерiп тастадым. Талай жолдар жөнделiп, газ кiрiп, жарық мәселесi шешiмiн табуда. Өмiр болған соң, жұмыс бiтпейдi. Бiрiнен соң бiрi жалғаса бередi. Қарияларымыздан, көше комитетi төрағаларынан түрлi ұсыныстар түсiп жатады. Дәнекер болып, сол мәселелердi дер уақытында дiттеген жерiне жеткiзсек, бiраз шаруаны еңсергенiмiз деп ойлаймын.

– Депутаттық мандаттың құдiретi қандай?

– Әрине, бiр жағынан өзiңнiң отбасың, туған-туысқандарың үшiн – үлкен мәртебе. Өйткенi ел сенiм артып отыр. Екiншi жағынан, жауапкершiлiгi өте ауыр. Мен депутаттық мандатты мойныма жүктелген зор мiндет деп санаймын. Алғаш депутат болып сайланарда халыққа алуан-алуан уәде берiп, құрғақ сөзбен өтiп кетуге болатын шығар. Ал, екiншi рет сайлану – көпшiлiктiң көңiлiнен шыққанымыздың белгiсi. Қазiр халықтың көзi ашық, көкiрегi ояу. «Өткен шақырылымда сен не iстеп едiң?» деп талап қойса, мен не iстер едiм?! Құдайға шүкiр, мемлекет бiзге үлкен құзiрет берiп отыр, артымызда дүйiм жұрт тұр. Сондықтан қай жерде де, қандай мәселенi де көтеруге тиiстiмiз, құқылымыз.

– Мандатыңыздың өзiңiзге пайдасы тиетiн тұстары бола ма?

– Шынымды айтсам, депутаттық куәлiгiм үнемi қалтамда жүредi. Мандатымды еш  жерде пайдаланған емеспiн.

– Бизнесiңiзге, мәселен?

– Менiң бизнесiм жоқ. Бала-шағамның, жұбайымның бизнестерi бар. Алайда оларға депутаттық мандатымның пәлендей пайдасы тимейдi. Олардың тiрлiктерi қаланың әкiмiне немесе қаланың қазынасына қатысты емес. Мысалы, әйелiм Италиядан киiм-кешек тасымалдайды. Оған мандатымды қалай пайдаланамын?!

– Дос-жаран, ағайын-туыстарыңыз бар. Сiзге ешкiм өтiнiш айтып, қолқа салмай ма сонда?

– Менiң басымда ондай жағдай кездескен емес. Рас, «Пәленшенi қызметке қой» дейтiндер болды. Оны жасырмаймын. Бiрақ әкiмдiк қызметке араласып, бiреудiң алдына барып, басымды игiм келмейдi. Әркiмнiң өз деңгейi болуы керек қой. Өз азаматтық келбетiм мен абыройым мен үшiн қымбат. Бүгiн бiреуден бiр нәрсе сұрасаң, ертең төмен қарап тұрасың. Айтар сөзiңдi айта алмай, аузыңа құм құйылып тұрады. Одан да өз абыройыммен өз жұмысымды әрi қарай атқара бергенiм жөн.

– Шымкент қаласына жаңа әкiм тағайындалғалы, 3 айға жуықтады. Қайрат Молдасейiтов жайлы көзқарасыңыз қандай?

– Алдыңғы әкiм Арман Шәрiпбайұлымен бiраз жыл бiрге жұмыс iстедiк. Бизнестен келген азамат-тын. Шама-шарқынша қалаға көп еңбек сiңiрдi. Туындаған проблемалардың барлығы дер кезiнде шешiмiн тапты. Шенеунiк ретiнде бiршама ширады. Ал, қазiргi әкiм Қайрат Молдасейiтов бiраз жылдан берi Оңтүстiкте еңбек етiп жүр. Бизнеспен айналысты. Төртiншi шақырылымда облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Қызыл тiлмен сайрап, елдi алдаған жоқ, уәделерiн нақты iсiмен көрсетiп, дәлелдедi. Қолдау көрсеттiк. Одан мемлекеттiк қызметке ауысып, Түркiстан қаласына кеттi. Әкiм болып. Қазақтың рухани астанасын көтеруге едәуiр тер төктi. Кейiн «Шымкент қаласына басшы болып тағайындалады» дегенде, шынымды айтсам, мен де қуанғандардың қатарында болдым. Себебi, мұндай iскер азаматтар қалаға керек-ақ. Атқарылатын жұмыстар өте ауқымды. Осы тұрғыдан алғанда, Қайрекеңнiң таңдалуы өте орынды деп санаймын. Ол Шымкенттiң өсуiне, дамуына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға зор үлесiн қосатынына сенемiн. Әзiрге командасының беталысы жақсы. Жоқтан бар жасаған Қ.Молдасейiтов шаһарға да лайықты еңбек сiңiре алады. Бизнесте жүргенде компаниясын аяғына нық тұрғызды. Жамбыл облысының шалғай ауылында жатқан жылқышының баласы бизнесте өзгелерге өзiн мойындата бiлдi. Көпбалалы отбасыдан шыққан ол талай қиналды да. Үлкендерден ақыл һәм көмек сұраудан арланған жоқ. «Алдымен досыңды көрсет, сосын сенiң кiм екенiңдi айтамын» дегендей, қазiргi таңда қазақтың небiр жақсы-жайсаң азаматтарымен аралас-құраластықта өмiр сүрiп жатыр. Өз атын қалыптастырды.

– Сұхбатымыздың соңында отбасыңыз жайлы айтып өтсеңiз.

– Құдай қосқан Күмiскүл есiмдi қосағым бар. Темiрлан елдiмекенiнде туылған. Екеуiмiз 2 ұл, 1 қыз өсiрiп отырмыз. Әзiрге екiншi ұлымыздан бiр немере сүйiп, ұрпағымызды жалғастырып жатырмыз.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

 

  • Сiз не дейсiз?

Уәлихан СҮЛЕЙМЕНОВ, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы:

– Ғани Ахметбаевтың адамгершiлiгi өте мол. Ылғи жүзi жарқырап жүредi. Кез келген кiсiнiң бетiне тура қарайды. Бiр кездерi Асанбай Асқаров салдырған ипподромның бүгiнде Ғани iнiм басқаратын спорт мектебiнiң қарамағында болғанына қатты қуанып жүрмiн. Қиын-қыстау кезеңдерде сол атшабарды ұстап тұрудың өзi қиямет болды. Алқам-салқамы шығып, қараусыз жатты. Басшылық тiзгiн Ғ.Ахметбаевтың қолына тигелi берi ипподромның жаңа өмiрi басталғандай көрiндi маған. Оның үстiне оны жылқыларсыз елестету мүмкiн емес. Бүгiнгi таңда ұлттық спорт түрлерiн дамыту мақсатында бiрнеше атты күтiп, баптап жатқаны қуантады. Бұл – қазақтың келешегiн ойлағандығы және ұлттық құндылықтарға жасаған ерекше қамқорлығының белгiсi. Талай азаматтар осы Ғанидан үлгi алуы керек деп ойлаймын. Сондықтан оны тәуелсiз елiмiзге қомақты үлес қосып жүр деп есептеймiн.

  •  Сіз не дейсіз?

Полат ҚЫРЫҚБАЕВ, ОҚО Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы:

– Ғани Ахметбаевты жұмысына адал, iскер азамат ретiнде жақсы бiлемiн. Әсiресе, ат спорты десе, шығар жаны бөлек. Оңтүстiк Қазақстан облысындағы ат спортын, әсiресе, көкпарды дамытуға күш салып жүрген бiрден-бiр азамат. Өте сауатты басшы. Спорт мектебiне директор болып тағайындалған бес жылдың iшiнде қыруар тiрлiк тындырды. Шымкенттегi ипподромның бұрынғы жай-күйi қандай едi, қазiр қандай?! Iшкi һәм сыртқы көрiнiсi адам танымастай өзгердi. Заман талабына сәйкестендiрiлiп жатыр. Ол ұлттық спорт түрлерiн өркендету жолында уақытпен санаспай тер төгiп жүр. Барлық нәрсеге жанашырлықпен қарайды.

 

 

 

 

 

  • Сiз не дейсiз?

Ермек ДӘРМЕНОВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

– Ғани Молдабекұлымен жұмыс барысында да, өмiрде де тығыз қарым-қатынастамын. Ол – өсiп-өнiп отырған өнегелi шаңырақтың иесi. Жора-жолдастары дегенде, iшкен асын жерге қояды. Уәдеге берiк. Жан-тәнiмен әдiлдiктi сүйедi. Басшылық тiзгiндi қолына алысымен-ақ облыстық ұлттық спорт түрлерiнен балалар мен жасөспiрiмдердiң мамандандырылған спорт мектебiнiң көшiн тек алға сүйреп барады. Қай түкпiрде жарыс өтсе де, күн-түн демей, бiлгенiн үйретiп, спортшыларының басы-қасында жүредi. Атты баптаудың нағыз шеберi. Қазақтың ұлттық спортының көсегесiн көгертуге бiр кiсiдей атсалысып жүрген азамат ретiнде ол кiсiге деген құрметiм ерекше. Шыққан биiгiне тоқмейiлсiгенiн байқаған емеспiн. Командасы екiншi немесе үшiншi  орын алса, «Осыған да қанағат» дейтiн небiр азаматтарды көрiп жүрмiз ғой, Ғанекең ондай қағиданы ұстанбайды, тек жоғары нәтижеге ұмтылады. Қысқасы, Ғ.Ахметбаев – сегiз қырлы, бiр сырлы жiгiт.