139 МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАПҚАН

110
0

Шымкент қаласының әкімімен өткен жиынға бас-аяғы 300-ге жуық тұрғын қатысты. «Ашық диалог» форматында өткен кездесу барысында қала әкімі тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап беріп, алдағы жоспарлармен таныстырды. Көтерілген түйткілді мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары бекітілетінін түсіндіріп өтті. І жартыжылдықта Қаратау ауданының тұрғындарымен барлығы 63 кездесу өткен. Онда 328 мәселе көтерілсе, қолға алынған жедел жұмыстар нәтижесінде 139-ы шешілген. 189 мәселе бойынша тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатыр.

Орындалып жатқан жұмыстардың 71-і алдағы екі жылдың көлемінде шешімін табады. Себебі бұл бір немесе бірнеше айда шешімін табатын мәселе емес. Жүйелі жұмыс, нақты жоспармен, кезең-кезеңімен жүзеге асатын түйткілді түйіндер екенін айта кету керек. Ал атқарылатын жұмыстардың сапасын қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі қадағаламақ.

Индустриалды аймақтар кәсіпкерлік саланың дамуына тың серпін береді. Жүздеген, тіпті, мыңдаған жұмыс орындарының ашылуына да сеп болмақ. Қаратау ауданының әкімі Р.Мүлкеманов қала әкімінің тұрғындармен өткен кездесуінде негізгі көрсеткіштерді атап, жоспарлармен бөлісті. Қазіргі уақытта ауданда 12 ірі және орта кәсіпорын бар. Дегенмен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту туралы тапсырмасына сәйкес, 2 индустриалды аймақ ашу жұмыстары басталып кеткен.

Оның бірі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы. Инвестициялық жобаның құны 23 млрд теңгені құрайды. 1500 жұмыс орнын құрумен 21 жоба іске аспақ. Ал екіншісі — «Агроиндустриалды аймақ» өндірістік жылыжай кешені. Құны 11 млрд теңгені құрайды. Мұнда 14 жоба жүзеге аспақ. Соның негізінде 369 жұмыс орны құрылады.