ПРЕЗИДЕНТ ШЫМКЕНТ МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫНЫҢ ӨНДІРІСТІК ҚУАТЫМЕН ТАНЫСТЫ

111
0

Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында Шымкент мұнай өңдеу зауытына барды.

Зауытты басқарушы компания – «Петро Қазақстан Ойл продактс» ЖШС-нің президенті Ерболат Қожабаев Мемлекет басшысына қайта жаңғыртудан өткен өндірістің қазіргі жұмысы туралы баяндады. Бүгінде зауыттың жобалық қуаты жылына 6 миллион тонна мұнай өңдей алатын деңгейге жетіп, К-4, К-5 экологиялық санатындағы жанар-жағармай өндіре бастаған. Бұдан кейін зауыт жұмысшыларымен әңгімелескен Президент өндіріс орнының стратегиялық маңызына тоқталды.

– Қазір зауыт ішкі нарықтың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Өнімнің сапасы да жақсарды. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Осының бәрі сіздердің, яғни жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Соңғы үш жылда зауыттың бензин өндірісі 2,1 миллион тоннаға, авиакеросин өндірісі 340 мың тоннаға, дизель отыны 1,9 миллион тоннаға дейін артқан. Өнім толықтай ішкі нарыққа өткізіледі.

Жалпы тіршілігі қайнаған Шымкент – тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі мегаполис. Миллионнан аса тұрғыны бар шаһарда азаматтардың үштен бірі өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Осы уақытқа дейін қаланы дамытуға 170 млрд теңге бөлінді. Құйылған инвестиция да аз емес. Енді өңірді оңтүстіктегі ірі хабқа айналдыру қажет. Осылай деген Президент экономикалық-логистикалық аймақты кеңейтуді тапсырды. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен «Көлік-логистика аймағын» кеңейту – маңызды міндеттердің бірі. Қазір қалада аумағы 90 мың шаршы метр болатын 6 қойма бар. Шымкент өте қолайлы жерде орналасқан. Мұны тиімді пайдалансақ, қаланы оңтүстік өңірдегі ірі хабқа айналдыруға болады. Әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, осы мәселені пысықтауды тапсырамын» деді мемлекет басшысы өз сөзінде.