«БIЗГЕ БҮГIН РУДЫҢ ЕМЕС, ҰЛТТЫҢ БIРЛIГI ҚАЖЕТ»

Зардыхан ҚИНАЯТҰЛЫ, тарихшы:

— Ұлт ретiнде бiздiң қазақ алдында тұрған мақсат әлi де күрделi. Әсiресе, мына екi жағдай қатты мазалайды: бiрiншiсi – бiз орысқа әсiре жақындап бара жатқан сияқтымыз. Неге десеңiз, бiз орыстың қол астында үш жүз жылдай болдық. Әсiресе, Кеңес өкiметi кезiнде орыстанып кеттiк. Ресей деген машинаның бұрамасына айналдық. Менiң негiзi, орыс халқына деген ешқандай қарсылығым жоқ. Өзiм Мәскеуде оқып, бiлiм алдым. Орыс достарым баршылық. Бiрақ кешегi «қожайынымыздың» қолтығына қайта кiрiп, ұлтымызды, тiлiмiздi сақтай аламыз ба? Әңгiме осында. Менiң ойымша, екi ел арасындағы достық қарым-қатынасты сақтай отырып, әуелi ел сияқты ел, ұлт сияқты ұлт болып алып, еппен жақындасуымыз керек едi. Ұлтымыздың алдындағы мұрат-мақсаттар әлi шала күйiнде тұр.

Мәселен, Абайдың ескерткiшiне қатысты айтсам, ескерткiшке Абайдың «Орысша оқу керек. Орыстың бiлiмiнен, ғылымынан хикмет алу керек» деген сөзi жазылыпты. Бұл – қазақтың надандықтан көзiн ашу үшiн сонау XIX ғасырда айтылған сөз. Әр кезеңнiң өз ерекшелiгi бар. Бүгiн бiз орыс болып кеткен қазақты қазақ болғыза алмай әуремiз. Абай осы қоғамда өмiр сүрсе, осы сөздi айтар ма едi? Абайды қазақты орысқа жақындатудың құралына айналдырып алған жоқпыз ба деп қорқамын. Екiншi мәселеге тоқталсам, бiз алғаш Қазақстанға келген жылдары қазақта ұлттық ояну айрықша байқалатын едi. Ұлттық нышан түлеп-түрленгенiн көрiп, iштей қатты қуанған едiм. Қысқасы, басталуы жақсы едi. Қазiр осының бәрi басылып қалғандай сезiледi. Рас, тiлге жанашарлық айтылып жатыр. Бiрақ тек сөз жүзiнде. Ал бұл салада iс жүзiнде бiтiрiп жатқанымыз шамалы сияқты. Ресми тiлге қайта бет бұру байқалады. Жоқ, әлде мен қателесiп отырмын ба? Орыс емес-ау, осы бетбұрысты күтiп отырған қазақтар бар арамызда.

 «Намыс.kz» порталы.