ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯ МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫНА ЫҚПАЛ ЕТІП КЕЛЕДІ

90
0

Соңғы әлемде орын алған оқиғалар медицина саласының қоғам өміріндегі маңызын арттыра түсті. Сәйкесінше, елімізде аталған саланың дамуына айрықша назар аударылып келе жатыр. Ауруханалар мен емханалар заманауи технологиямен қамтылуда. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, «Samruk-Kazyna Trust» берген гипотермия аппараттары 22 нәрестенің өмірін сақтап қалды. Оның ішінде Қарағанды облыстық көпбейінді аурухананың перинаталдық орталығында автоматты гипотермия аппаратында ауыр және орташа ауыр асфиксиямен туған 16, Ақтауда 3, Талдықорғанда, Өскеменде және Шымкентте сәбилер аман қалды.

Бұл туралы Шымкент қаласы перинаталдық орталығы директорының міндетін атқарушы Дәулет Сатов былай деді «Көмек сұраған өтінішімізді «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен «AYALA» қайырымдылық қорының жауапсыз қалдырмағанына шексіз қуаныштымыз. Жақында орнатылған жабдықтардың арқасында біз ауыр асфиксиямен туған баланың өмірін сақтап қалдық. Бұл осы жабдыққа деген жоғары сұранысқа айқын дәлел. Шымкент қаласының болашақ аналары осы құнды сыйлық үшін демеушінің атына айтылатын алғысымызға қосылатынына сенімдімін». Жалпы терапиялық гипотермияны жаңа туған нәрестенің өмірінің алғашқы сағаттарында қолдану қажет. Бұл жаңа туған нәрестенің дене температурасын автоматты түрде біртіңдеп төмендетеді және ондаған сағат бойы оны қажетті деңгейде ұстайды. Сонымен қоса, бала ағзасындағы метаболизмді өзгертуге, оның бас миын глюкозамен қамтамасыз етуге және сол арқылы орталық жүйке жүйесінің жасушаларын қорғауға және қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Мамандандырылған жабдық пайда болғанға дейін реанимацияда бар құралдармен механикалық гипотермия қолданылып келген. Дегенмен нәтиже қанағаттанарлықсыз еді. Қажетті температураны 72 сағат бойы тура 34 градус ұстап тұру, содан кейін баланы біртіңдеп жылыту өте қиынға соқты. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның «AYALA» қайырымдылық қоры демеушілігімен перинаталдық орталықтардың реанимацияларында еңбекті көп қажет ететін бұл үдеріс енді толық автоматтандырылды. Жалпы соңғы жылдары заманауи технологияның арқасында медицина саласы ілгерілеп келе жатыр.