ШЫМКЕНТ: РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА АЙТУЛЫ ШАРА ӨТТІ

83
0

Шымкентте 25 қазан — Республика күні мерекесіне орай «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық форум өтті. Аталған іс-шараны Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Серпіліс» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Салтанатты іс-шараның ашылуында сөз алған басқарма басшысы форум қатысушыларын Республика күні мерекесімен құттықтап, өскелең ұрпаққа шараның маңыздылығын айтып өтті.

«Республика күні — еліміздің әрбір азаматы үшін айтулы мереке. Бұл — ата-бабамыздың арманы орындалып, еркіндікке қол жеткізген күн. Осыған орай қаламызда мемлекеттік рәміздерді насихаттау, мемлекеттік Туымызды дәріптеу, оның қадірін жас ұрпаққа ұғындыру мақсатында осындай патриоттық форум ұйымдастырылып отыр», — деді Мұратжан Шүкірханұлы. Жиында медицина ғылымдарының докторы, профессор Иманәлі Байдәулетов қатысып форум қатысушыларына рәміздердің құндылығын түсіндіріп, еңбек жолында маңызды шешімдер жайында сөз қозғады. Сондай-ақ, ҚР Қарулы күштерінің Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Омбаев бастаған ел ағалары сөз сөйлеп, жастарға Тудың қадірі мен Отанға адал қызмет ету туралы өнегелі әңгімелерін айтты. Айтап айту керек, форум барысында мемлекеттік рәміздердің насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Үздік пост», «Үздік бейнеролик» және «Үздік іс-шара» байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Айта кету керек, бүгінгі күнге дейін 16-желтоқсан – Тәуелсіздік күні, егемендігімізді алған күн ретінде тойланып келді. Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздік алған күн мен Республика күнінің ара-жігін ажыратып, 25-қазанды «Республика күні» ұлттық мереке ретінде бекітті. Жалпы Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болған. Алайда 2009 жылы алынып тасталып, 2022 жылдың 16-шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. Қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, «25-қазан Республика күні» – ұлттық мерекеге, ал «16-желтоқсан Тәуелсіздік күні» – мемлекеттік мерекеге айналды.