СУ ТАСҚЫНЫ КЕЗІНДЕ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

1243
0

Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері қала тұрғындарына су тасқыны кезіндегі жүріс-тұрыс ережелерін сақтауды ескертеді және оның ережелерін еске салады,-деп хабарлайды uakit.kz.

Өз кезегінде төтеншеліктер су тасқыны қаупі туғанда немесе су тасқыны кезінде төмендегі ескертулерді еске түсіруді баса айтады.

Қажетті құжаттарды, құндылықтарды, дәрі-дәрмектерді, азық-түлік және басқа да қажетті заттарды тез жинау қажет. Балаларға, мүгедектерге және қарт адамдарға көмек көрсетіңіз. Оларды бірінші кезекте эвакуациялау қажет. Мүмкіндігінше су тасқыны аймағынан дереу кету керек. Үйден шықпас бұрын электр және газбен жабдықтауды өшіріп, пештердегі отты сөндіріңіз. Терезелер мен есіктерді жабыңыз. Малды босатыңыз. Жоғарғы қабаттарға көтеріліңіз. Су астында қалсаңыз ауыр киім мен аяқ киімді шешіп алыңыз, көмек келгенге дейін қолдануға болатын заттарды тауып алыңыз. Су азайғаннан кейін үзілген және салбыраған электр сымдарынан сақ болыңыз. Суға түскен азық-түлікті пайдалануға және тиісті санитарлық тексерусіз суды пайдалануға қатаң тыйым салынады. Тұрғын үйге кірер алдында су азайғаннан кейін сақтық шараларын сақтаңыз: бөлмені желдету үшін есіктер мен терезелерді алдын ала ашыңыз, желдету алдында ашық отты пайдаланбаңыз (газдардың жарылғыш өрт қауіпті концентрациясы болуы мүмкін), электр желілерінің жарамдылығын тексермес бұрын жарықтандыру және басқа да электр құрылғыларын қосуға тыйым салынады.

Айта кетейік, бүгін 26 қазанда сағат 01.00-ден 6.00-ге дейін Түркістан облысында жауған нөсер салдарынан облыстың  үш ауданында атап айтқанда,  Қазығұрт, Бәйдібек, Сарыағаштағы жеке тұрғын үйді, 21 аула аумағын су басты. Табиғи құбылыстың салдарынан 13 ірі қара мал қырылды. Орын алған жағдай Түркістан облысы әкімдігі мен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бақылауында. Табиғи құбылыс салдарынан зардап шеккендерді құтқару мен оның зардабын жоюға тиісті күштер мен құралдар құрылды.

Қазіргі уақытта Түркістан облысының жергілікті атқарушы органдары мен Төтенше жағдайлар департаментінің күштерімен су айдау жұмыстары жүргізілуде.

Десе де қауіптің беті қайтты деп арқаны кеңге салуға болмайды. Синоптиктер алдағы үш күнге ауа райы болжамын ұсынды. «Қазгидрометтің» хабарлауынша  27 қазанда еліміздің солтүстігінде жауын-шашын, ал 27-28 қазан күндері шығыс аймақта нөсер жауын (жаңбыр, қар) болады. Аптаның ортасында солтүстік-батыс антициклоны батыс облыстарға, одан кейін Қазақстан аумағының басым бөлігіне ауысып, жауын-шашын тоқтайды және ауа температурасы төмендей түседі. 28 қазаннан бастап еліміздің батысына циклон ықпал етіп, жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады. 27 қазанда оңтүстікте, 27-28 қазанда оңтүстік-шығыста атмосфералық фронталды жүйелердің өтуіне орай жауын жауады. Таулы аймақтарда нөсер жауын (жаңбыр, көктайғақ) жауады. Республика бойынша жел күшейіп, батыс, солтүстік және шығыста көктайғақ болып, тұман түседі.