ШЫМҚАЛАДА ЖӨРГЕК ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ

99
0
Шымкентте келесі жылдан бастап жылына 345 миллион жөргек өндіретін жаңа зауыттың құрылысы басталмақ, деп хабарлайды Uakit.kz.
Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда 145 азамат жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, мал азығы өндірісі мен пластик шығаратын ірі кәсіпорын салынуы мүмкін. Бұл туралы бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен инвестициялық штаб отырысында айтылды.
Шаһар басшысы үшінші мегаполистің импортқа тәуелділігін азайтып, экспортты көбейту бағытында инвестиция тартуды жалғастыра беретінін, сол арқылы жаңадан ашылған жұмыс орындарының қатары көптеп артанын атап өтті.
Жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері мен инвесторлар басқосқан жиында жалпы 12 жаңа жобаның таныстырылымы өтті.
«Амина Интекс» ЖШС басшысы Али Гохар «Бозарық» агро-индустриалды аймақтан мал азығы өндірісін ашуды көздейді. 1 млрд теңгені құрайтын инвест жобаның қуаттылығы жылына 1200 тонна өнім болмақ. 2023 жылы жүзеге асырылатын жоба нәтижесінде 200 адам жұмыспен қамтылады.
«SAN GRAND» ЖШС басшысы Бағлан Таженов «Жұлдыз» индустриалды аймағынан 9 га жерге бірнеше жоба салуды ұсынды. Біріншісі — 13 млрд теңгені құрайтын отандық жөргектерді шығаратын ірі кәсіпорын, ал екіншісі — 9,3 млрд. тенгені құрайтын шыны талшықты терезе профильдерін шығаратын өндіріс ошағы. Аталған жобалар арқылы жұмыссыз жүрген 300-ге жуық азамат тұрақты жұмыс табатын болады.
«AnDa Company» ЖШС басшысы Дмитрий Таранов биофармацевтикалық зауыттың жобасын ұсынды. Жылына 500 000 мың доза вакцина шығаратын қуатты өндіріс ошағын «Тассай» индустриалды аймағынан салуды жоспарлауда. Жобаның құны 1 800 млн теңге болмақ. Нысан құрылысы 2023-2024 жылдары салынып, сәтті жүзеге асса 35 азамат жұмыспен қамтылатын болады. Инвестор бұл үшін электр жарығымен, газбен, ауыз су, ағынды су, телефониямен қамтуды сұрады.
Штаб отырысында бұдан басқа аяқ киім, картон қораптарын шығаратын, денсаулық саласына қажетті препараттарды өндіретін, тұрғын үй және коттедж салатын, тағы да басқа ірі 10-нан астам жобалар қаралды.
Мұрат Дүйсенбекұлы әрбірімен жеке танысып, мемлекеттік қолдау түрлері мен қаланың жоғары мүмкіндіктерін айтып, барлығын зерделеу үшін жетекші сала басшыларына тапсырма берді.
Айтып өтейік, жыл соңына дейін дәрілік заттар мен гигиеналық өнімдерді өндіретін өзбекстандық «Dentafill» және шұлық өндірісін дамытатын түркиялық «Ekol Ihracat» зауыттарының лентасы қиылатын болады.
Сонымен қатар басқосу барысында 35 елден 310 компанияны көшіру мәселелері де қаралды. Қазіргі таңда АҚШ-тың медициналық жабдық өндіретін «GE Healthcare» компаниясымен, тұрмыстық-техникалық жабьдықтар өндірісінің көшбасшысы «Haier» компаниясымен, италияндық «Maire Tecnimont», жапондық «RP Canon Medical Systems» сынды 8 алып компанияларды Шымкентке тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде.