ИГІ БАСТАМАЛАР НӘТИЖЕСІН БЕРУДЕ

116
0

Шымкент қаласындағы индустриалды аймақтар қатары толыға түспек. Нақтырағы, Абай ауданында орналасқан бұрынғы Қорғасын зауытының орнында «Стандарт» индустриалды аймағы ашылады. Бұл жөнінде ақпараттық-коммуникациялар орталығында өткен жиын барысында Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде өткен баспасөз брифингінде аудан әкімі «Мемлекет басшысы Жолдауда 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырды. Осыған орай «Стандарт» жеке индустриалды аймағы салынуда. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады. Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың шаршы метр қойма алаңдарын салу жоспарланған. Жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба аяқталған кезде 3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылады» деп атап өтті. Бұдан бөлек, аудан әкімі жиын барысында аудандағы инфрақұрылым желілерін дамыту мәселелеріне де тоқталып өтті. Атап айтқанда, аудан аумағы бойынша 34 елді мекеннің 33-і сапалы ауыз сумен қамтылғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2020 жылы ауыз суға 1,9 млрд. теңге бөлініп, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Нұршуақ, Батыс, Тәуелсіздікке 20 жыл, Ынтымақ-2, Ақтас-2 елді мекендері ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілген. Ал, 2021 жылы 6,9 млрд. теңге қаралып, 9 елді мекенге ауыз су беріліпті.  Сонымен қатар 2022 жылы бұл мақсатқа 5,2 млрд. теңге бөлініп, Құрсай елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар 2022 жылдың соңында аяқталып, елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Аудан басшысының сөзіне сенсек, аудан аумағы бойынша 34 елді мекеннің 31 елді мекені мемлекеттік электр жарығымен қамтылып отыр. Қалған 3 елді мекен жекеменшік транформаторларды пайдаланады. 2021 жылы 5 елді мекенді (Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл, Ақжар) электр жарығымен қамту үшін жалпы 7,2 млрд. теңгеге жоба жасылып, ағымдағы жылы 5,2 млрд теңге бөлінген. Биыл 3 елді мекеннің (Нұршуақ, Батыс, Жаңаталап) құрылыс аяқталып, сапалы электр жарығымен қамтылып, аудан аумағы 100 пайыз электр жарығымен қамтылатын болады. Бұдан бөлек Бұхарбай Парманов былай деді «Абай ауданының 8 елді мекені орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылған. Бұл елді мекендерде 116 мыңға жуық адам немесе аудан халқының 36 пайызы өмір сүреді. 2020-2022 жылдары аралығында 1 нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, 3 елді мекенде кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Қалған елді мекендерді қамту мақсатында 2022-2025 жылдары аралығында Абай ауданы аумағында 2 кәріз тазалау имараты (КОС) салыну жоспарлануда. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін Абай ауданы 59 пайызы орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылады деп күтілуде».