ШЫМКЕНТ: БИЫЛ КҮЗГІ ЖИЫН-ТЕРІМ НАУҚАНЫНДА 94 МЫҢ 320 ТОННА ӨНІМ ЖИНАЛДЫ

106
0

Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Талғат Мекамбаев мәлімдеді.

«Күзгі дала жұмыстарын толығымен мерзімінде аяқтау үшін 725 доңғалақты трактор (жалпы 780 дана трактор, қалған 55 трактор ағымдағы жөндеуде) және 35 комбайн (жалпы 38 дана комбайн, қалған 3 комбайн ағымдағы жөндеуде) жұмыс атқарды. Нәтижесінде 30,0 мың гектар егістік алқабынан бүгінгі таңда 94 мың 320 тонна өнім жиналды. Олар: дәнді дақылдар — 20,1 мың тонна, майлы дақылдар — 3,2 мың тонна, картоп — 4,4 мың тонна, көкөніс және бақша — 48,3 мың тонна, мал азықтық дақылдар — 18,3 мың тонна. Күзгі егін жинау жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп, толығымен аяқталды», — деді Т.Мекамбаев. Спикердің сөзінше, осы жылы 30,0 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,7 мың гектарға артты (2021 жылы 29,8 мың га.).  Күзгі дала мен жиын терім жұмыстарын жүргізуге 1 000 тонна дизель отыны бөлініп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің өтінімдеріне сәйкес берілді. Сонымен қатар тыңайтқыштар құнын субсидиялауға 122,1 млн теңге бөлініп, бүгінгі күні 91,04 млн теңгеге 752,4 тонна тыңайтқыш субсидияланды. Айта кетейік, қала аумағында қосымша өнеркәсіптік үлгідегі 10,0 гектар жылыжай жаңадан іске қосылды («Отан Agro» ЖШС-10 га).

Айта кету керек, үшінші мегаполисте ауыл шаруашылығы саласын дасыту бағытында қыруар іс қолға алынып жүзеге асырылуда. Бүгінде Шымкенттің өнімдері елімізде ғана емес шетелдердің сауда сөрелеріне дейін шығарылуда. Алдағы уақытта да азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы іс жалғасын табатын болады. Бұдан бөлек, қала аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін «Бозарық» индустриалды аймағының құрылысы жүргізілуде. Мұның өзі салаға серпін беріп, дамуына ықпал етері белгілі.