ШЫМКЕНТ: ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ ШТАТТЫҚ РЕЖИМДЕ ӨТУДЕ

102
0
Шымкенттіктерді  жылумен қамтамасыз ету  мақсатында он бес қазандықпен он жеті сорғы станциялары жұмыс істеп, жылу өндіруде, деп хабарлайды Uakit.kz.
Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Арман Әбдіхалықов және «Қуатжылуорталық-3» МКК инженері Нұрбек Орынбаевтың қатысуымен жылу беру масымы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде өткен баспасөз брифингте мәлім болды.
«Қалада 2022-2023 жылғы жылыту маусымы қазанның 20-на басталды. Қазіргі уақытта жылу беру барысы штаттық режимде өтуде. Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін 1 987 көпқабатты тұрғын үй мен 484 бюджеттік мекемеге температуралық кестеге сәйкес жылу беріліп жатыр. Бюджеттік мекемелерге қажетті 4,7 мың тонна көмірге және 655 тонна сұйық отынға толық келісім-шарт жасалған. Бұл – мекемелердің өтініміне сәйкес тасымалданатын болады. Төрт ауданда жылу жүйелеріне мониторинг және оперативті жөндеу жұмыстарын атқаратын тоғыз учаске қызмет етеді. Онда отыз алты бригада жасақталған. Жалпы қаланың 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымының барысы қадағаланып, тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылған. Күнделікті тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде және бақылауға алынған», — деді Н.Орынбаев.
Спикердің сөзінше, «3-Энергоорталық» АҚ-да (ТЭЦ-3) №2, №3 қазандықтар жұмыс істеуде, №1 қазандық резервте, №1, №2 турбогенератор 140 МВт электр қуатын өндіруде. Сонымен қатар «Қуатжылуорталық-3» МКК-на қарасты он бес қазандықтар мен он жеті сорғы станциялар бірқалыпты жұмыс атқарып, жылу өндіруде. Екі дана дербес қазандықтарға қажетті 1,1 мың тонна көмір қамтамасыз етілген.
Бұдан бөлек, қала тұрғындары үшін жылу маусымында орын алған ақаулықтарды оперативті түрде жөндеу үшін өтінімдерді қабылдау бойынша диспетчерлік қызмет 24/7 форматта (телефон номерлері БАҚ және әлеуметтік желілерде жарияланған: 44-81-89, 44-82-37) және бірыңғай «I-Komek-109» орталығы да 24/7 форматында жұмыс жасауда.