ҚЫС МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ
Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес, Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев «Build stroi» ЖШС базасына барып, техникалардың қыс мезгіліне дайындығын пысықтады.
Аудан әкімі қыс айларында аяқжолдардағы қарлар уақытында күреліп, мұздан тазалануы, техника санының жеткілікті болуы және инертті заттардың қолданысқа дайын болуының маңыздылығына тоқталып өтті. Биыл Әл-Фараби ауданы бойынша қыс мезгілінде көшелерді тазарту үшін 44 техника мен 285 жұмысшы тартылмақ. Қазіргі таңда қоймада мұз ерітетін 5 300 м3 инертті зат бар. Бұдан бөлек, жылыту мәселесіне келсек, «Қуатжылуорталық-3» МКК-на қарасты 15 қазандықтар мен 17 сорғы станциялар бірқалыпты жұмыс атқарып, жылу өндіруде. Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін 1987 көпқабатты тұрғын үйлер мен 484 бюджеттік мекемелерге температуралық кестеге сәйкес жылу беріліп жатыр. Бюджеттік мекемелерге қажетті 4,7 мың тонна көмірге және 655 тонна сұйық отынға толық келісім-шарт жасалған, мекемелердің өтініміне сәйкес тасымалданатын болады. Сонымен қатар, қаладағы 4 ауданда, жылу жүйелеріне мониторинг және оперативті жөндеу жұмыстарын атқаратын 9 учаске қызмет етеді, онда 36 бригада жасақталған. Бұдан бөлек, қала тұрғындары үшін жылу маусымында орын алған ақаулықтарды оперативті түрде жөндеу үшін өтінімдерді қабылдау бойынша диспетчерлік қызмет 24/7 форматта (телефон номерлері БАҚ және әлеуметтік желілерде жарияланған: 44-81-89, 44-82-37) және бірыңғай «I-Komek-109» орталығы да 24/7 форматында жұмыс жасауда. Айта кетейік, Шымкент қаласының көмірге қажеттілігі 72 мың тонна, Атап айтқанда, бюджеттік мекемелерге (білім, денсаулық, спорт, мәдениет, жұмыспен қамту — 4,7 мың тонна) және дербес қазандықтарға («Қуатжылуорталық-3» МКК 1,1 мың тонна ) қажетті 5,8 мың тонна, толық қамтамасыз етілген (100%). 1 тонна көмірдің бағасы 15 100 — 15 300 теңге аралығында.