УЛЫ ГАЗБЕН УЛАНУДЫҢ АЛДЫН АЛУ

Түркістан қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №11 жалпы орта мектебінде дәл осындай тақырыппен іс-шара өтті,-деп хабарлайды uakit.kz  қалалық адами әлеуетті дамыту бөліміне сілтеме жасап.

Шараның мақсаты –  оқушыларға улы газдың қаупі туралы жан-жақты түсіндіру арқылы, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақыру.

Орта буын сыныбының оқушылары қатысқан іс-шара кезінде мектеп мұғалімдері улы газдың тілсіз жау екенін жан-жақты түсіндірді.

Улы газ адам өмірі үшін өте қауіпті
Оның ең қорқынышты қасиеті ешқандай иісінің жоқтығы. Яғни, ауада оның бар  жоғын арнайы жабдықсыз анықтау қиынға соғады. Жалпы улы газбен улану күтпеген жерде болады. Себебі зардап шегуші біраз уақыт оның буымен тыныс алғанын мүлдем сезбейді.
Улы газбен уланудың белгілері не? Бастың айналуы және бастың ауруы, бұлшық еттердің әлсіреуі, құлаққа шудың естілуі, лоқсу, құсу, ұйқышылдық болып табылады. Егер зардап шегушінің тыныс алуын дер кезінде таза ауамен қамтамасыз етпесе, оның қайтыс болуы әбден мүмкін.

Улы газдың қаупі туралы осы және өзге де түсіндірулер айтылған соң оқушыларға одан уланудың алдын алу үшін газ құралдары пайдаланатын бөлмелерде ұйықтамау ескертілді.

Іс- шара кезінде оқушыларға  шұғыл қызметтердің телефондары және дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету, сондай-ақ тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы түсіндірілді.