ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК ЖӘРМЕҢКЕСІНДЕ ЖЕҢІЛДІКТЕР ҰСЫНЫЛДЫ

101
0
Бүгінде Отбасы банкпен жеке құрылыс компаниялары арасында ипотекалық кредиттерді рәсімдеудің жаңа жағдайлары бойынша өзара келісім шарт жасасқан. Онда сатып алушы пәтердің жалпы сомасының 30 пайызын немесе 50 пайызын төлей отырып Отбасы банк арқылы ипотекалық кредит рәсімдей алады. Жылжымайтын мүлік жәрмеңкесіне арнайы қатысқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, өз сөзінде бұл формат қала тұрғындары үшінде өте ыңғайлы екендігін атап өтті.
Жылжымайтын мүлік жәрмеңкесіне 1000-нан астам адам қатысты. Келушілерге жылжымайтын мүлік нарығының ұсыныстары таныстырылып, жәрмеңкеге алғаш келген 30 азаматқа банктің сыйлықтары табысталды. Қала тұрғындары құрылыс салушыдан ең өзекті ақпарат пен кеңес ала отырып, Отбасы банктің кеңесшілеріне есептеулер жасатып, қолайлы нұсқаны таңдай отырып, жеңілдікке ие болу қарастырылған. Жыл басынан бері Шымкенттегі Отбасы банкпен 3 мыңнан аса азаматқа ипотекалық заем мақұлданған. Бұл күн сайын 11 адамның қолжетімді кредитті рәсімдеп, қоныс тойын тойлайтындығын білдіреді. Шымкентте “Отбасы банк” арқылы жинақтау және әрі қарай тұрғын үй сатып алу үшін тағы 27 мыңнан астам жаңа салым шоты ашылған. Шотта бастапқы жарнаға қаражат жинақтай отырып, азаматтар тұрғын үй сатып алу үшін 3,5%-дан 11,5%-ға дейінгі мөлшерлемелер бойынша әрі қарай кредит алу мүмкіндігі бар. Айта кету керек, Шымкент қаласында биыл бюджет есебінен көпқабатты 51 тұрғын үй салынып жатыр. Оның 31-і кредиттік, 20-сы арендалық үйлер. Қалалық құрылыс басқармасы мамандарының мәліметі бойынша, осы үйлердің жалпы ауданы 239 300 шаршы метрді құрайды. Онда 2 972 пәтер бар.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы Тұран шағынауданы мен әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтерген 7 арендалық үйдің құрылысы аяқталып, ондағы пәтерлер баспана кезегінде тұрған отбасыларға шілде айында тапсырылған. Жыл соңына дейін қалған 24 кредиттік және 20 арендалық үйді ел игілігіне беру жоспарлануда. Сонымен қатар биыл Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тарапынанан білім беру саласында 4 600 орынға арналған 11 білім ғимаратының құрылысы жүруде. Оның ішінде 4 орта мектептің жанынан салынған қосымша ғимараттар жаңа оқу жылы басталғанға дейін салынып бітті. Ал, жыл соңына дейін білім саласында тағы 3 нысан пайдалануға беріледі. Қалған 4 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі. Оған қоса, бүгінгі таңда білім саласында жалпы 6 690 орынға арналған 16 ғимараттың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.