КӘСІПКЕРМЕН КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

98
0
Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жас кәсіпкер Омар Сағдат Абдімәлікұлы Shymkent жоғары педагогикалық колледжі студенттерімен кездесті.
Іс-шараның мақсаты- қаламыздағы жас кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыз жастардың санын азайтып, өз кәсібін ашуға баулу. Сонымен қатар, мемлекеттің қолдауымен кәсіп бастауға болатындығын насихаттау. Кездесу барысында кәсіпкерлердің алдында кездесетін кедергілер мен оларды шешу жолдары және бизнес жүргізудің қыр-сырын, бизнесмен сипатын шыңдайтын табыстар мен сәтсіздіктер туралы өз тәжірибесімен және жетістік құпияларымен бөлісті. Табысты кәсіпкердің басты қасиеттері еңбекқорлық, өмір бойы білім алу мен өзін-өзі жетілдіру екенін атап өтті. Студенттер өздерінің көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алып, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дағдарыс кезінде кәсіпкерлік саласына қолдау көрсету тапсырмасы негізінде бүгін Шымкент қаласында «Бизнеске арналған Үкімет- Shymkent INVEST» кеңсесі жаңа форматта қайта ашылды. Бұл жоба кәсіпкерлерге бір көзден орталықтандырылған мемлекеттік және сервистік қызметтерді жедел алуға көмектеседі. Мұнда жобаларды сүйемелдеу, жеңілдетілген 1% несие беру, «1000 сауда орны» бағдарламасы бойынша жер учаскелерін алу және қаржы секторы, тауарды жылжыту, инвестиция, цифрлық, құқықтық, компетенция және мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Осылайша, кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін бірыңғай хаб құрылады. Сонымен қатар, мұнда бастауыш кәсіпкерлерге «Бизнес-мектеп», «Бастау-бизнес» оқыту бағдарламалары бойынша кәсіпкерліктің негізі оқытылады. Ашылу рәсіміне қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов өңірдегі экономикалық жағдайды жақсарту бойынша қабылданған антикризистік шаралар өз жемісін беретініне сенімді екенін жеткізді. Сондай-ақ, бағдарламада межеленген микроқаржы ұйымын құрып, жеңілдетілген несие, нишалық жобалар мен «егістіктен дүкен сөресіне дейін» және мемлекеттік бағдарламалардың бүкіл мүмкіндіктерін барынша қолдануды айтты. Іс-шара барысында сөз алған Шымкент қаласы кәсіпкерлер Палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік саласында жыл соңына дейін жалпы 29,5 млрд. теңге игеру жоспарланғанын атап өтті.