ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫН САТАТЫН ТАҒЫ БІР НҮКТЕ АШЫЛДЫ

93
0

Шымкент қаласында кәсіпкерлік сала қанат жайып келеді. Қала берді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сататын сауда желілері де кеңейіп келе жатыр. Мәселен, жуырда Тұран шағынауданында «GraMad» сауда желісінің кезекті супермаркеті ашылды. Бұл – аталған компанияның қаладағы 18-ші сауда нүктесі.

Жалпы үшінші мегаполисте азық-түлік бағасын тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Ол азық-түлік тауарларын өндірушілер мен ірі сауда желілеріне айналым қаражатын толықтыруға жеңілдетілген несие береді. Өз кезегінде сауда желілері әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларын келісімшарт негізінде белгіленген баға бойынша сатады. Міне, осындай келісімшартпен жұмыс істеп жатқан компаниялардың бірі — «GraMad» сауда желісі. «Тұрғындар саны жедел көбейіп келе жатқан Тұран шағынауданында кезекті, 18-ші сауда нүктесі ашылды. Компания жыл соңына дейін тағы да осындай 4 супермаркет ашуды жоспарлап отыр» дейді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Базарбеков. Сауда орталығында әлеуметтік маңызға ие тауарлар белгіленген, яғни, арзандатылған баға бойынша сатылып жатыр. Мәселен, 1 келі күрішті – 290 теңгеге, шекерді – 460 теңгеге, І сұрыпты ұнды – 170 теңгеге, пиязды – 100 теңгеге, ал картопты 90 теңгеге алуға болады. Тұран-2 шағынауданындағы «Адия» тұрғын үй кешенінің тұрғыны Хидаят Қалжанова немересімен бірге күніне 1-2 рет міндетті түрде осы дүкенге келеді. Зейнеткердің сөзінше, мұнда тауар түрі көп. Баға арзан, ал қызмет көрсету сапасы жоғары. Шымкент қалалық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жаңа мөлтекаудандарында дәл осындай сауда нысандарын ашу жұмысы жалғаса береді. Жыл соңына дейін қалада GraMad дүкендер желісінің тағы 4 нүктесі ашылады. Ол кезде қосымша 200 адам жұмыспен қамтылады.