КӘСІПКЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨП
Бүгінде кәсіп бастап, нәсібін көрем деушілерге арналған мемлекеттік бағдарламалар баршылық. Осының арқасында өзі пайдаға кенеліп, өзгелерді жұмыспен қамтып отырған азаматтар көп. Сәйкесінше, мемлекеттік бағдарламаларды қоғамға насихаттау ісі де қарқын алған. Мәселен, Шымкент қаласында аталған бағдарламалар жан-жақты түсіндірілуде. Нәтиже де жоқ емес.
Нақтырағы, Шымкент қаласында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге ауқымды қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламаның арқасында 13,3 млрд теңге қарастырылып, бүгінде 4,1 млрд теңгеге 1 830 жобаға қолдау көрсетілген. Яғни қаладағы кәсіпкерлік сала уақыт өткен сайын дамып келеді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 74 жобаға 1,1 млрд теңге қолдау көрсетілді. Жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы аясында 944 млн теңге бағытталып, бүгінде 183,4 млн теңгеге 19 жоба қаржыландырылды. Кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі үшін «Shymkent–Atameken» микроқаржы ұйымы арқылы кәсіпкерлерге 25 млн теңгеге дейін 6 пайыздық мөлшерлемемен несие беріледі. Жыл басынан бері 865,6 млн теңгеге 86 жобаға қолдау көрсетілген. Үшінші мегаполис аумағында «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығы жұмыс істеп жатыр. Онда 24 мыңнан астам кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға байланысты қолдау көрсетілген. Айта кету керек, қазіргі уақытта үшінші мегаполисте индустриалды аймақ ашу бойынша қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Атап айтқанда, инфрақұрылым тарту жұмыстары қолға алынған. Аумақтың инфрақұрылымы толық аяқталса, мұнда бірнеше кәсіпкерлік нысанда жұмыс басталады. Сәйкесінше, қыруар қаржы тартылып, жүздеген, тіпті, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Мұның өзі екі қолға бір күрек таппай жүрген жандарға үлкен қолдау болары сөзсіз. Қала берді қаладағы кәсіпкерлік саланың қанат жайып, саланың дамуына да тың терпін берері белгілі.