ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ІСІ ЖАЛҒАСАДЫ

89
0

Құрылысына қыруар қаржы кететін кәріз жүйесі бойынша Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығаруға болмайды. Қала берді, қала жан-жақты кеңейіп барады. Сондықтан бұл мәселе күн тәртібіндегі өзекті түйткілге айналып отыр. Мәселен, үшінші мегаполисте 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Әйткенмен көрсеткіш өзгеріссіз қалады дегенді білдірмейді.

Ағымдағы жылы кәріз жүйесіне қосылған елдімекендер саны 6-ға артады. Нәтижесінде Шымкенттің кәрізбен қамтылу көрсеткіші 54 пайыздан 60 пайызға жетпек. Аталған межеге жету үшін бүгінде 16 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Атап айтсақ, 2 магистралды кәріз коллекторы,  1 кәріз сорғы станциясы және 13 елді мекенде ішкі орамдық кәріз құбырлары тартылуда. Биыл жыл соңына дейін Арғынбеков, Тұран магистралды  кәріз коллекторларының және Достық кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік-Шығыс, Хлопзавод, Жұлдыз тұрғын алабтарындағы ішкі орамдық кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталып, осы 6 елді мекен орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады. Айта кету керек, бүгінде Абай ауданының 8 елді мекені немесе жалпы өңірдің 36 пайызы аталған инженерлік инфрақұрылым жүйесімен қамтылған. Бұл 115 мыңнан аса адамды қамтиды. Ал қалған 26 елді мекен немесе 207 мыңнан астам тұрғын кәріз жүйесімен қамтылмаған. Десе де дәл осы 64 пайызды құрайтын тұрғындарды кәрізбен қамту бойынша игі бастамалар көтеріліп, жұмыстар қолға алынған. Мәселен, 2020 жылы 1 нысанның жобалық сметалық құжаттамасы дайындалды. 2021 жылы 1 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталса, 2022 жылы Самал-3 және Солтүстік-батыс шағынаудандарында құрылыс жұмыстары бітті. Қалған елді мекендерді қамту бойынша 2022-2025 жылдары аралығында Абай ауданы аумағында 2 кәріз тазалау имараты (КОС) салыну жоспарлануда. 1-кәріз тазалау имаратынан (КОС) – 11 елді мекен орталықтандырылған кәрізбен қамтылатын  болады. Олар – Ақниет, Қатынкөпір, Телман, Агрпром, Самал-1, Жайлау, Қорғасын-1,2, Нұршуақ, Қызылжар, Ынтымақ. 2-кәріз тазалау имаратынан (КОС) – 3 елді мекен орталықтандырылан кәрізбен қамтылатын  болады. Олар — Қазығұрт, Құрсай, Карл Маркс. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін Абай ауданы 59 пайызы орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылады деп күтілуде. Қорыта айтқанда, аталған инженерлік инфрақұрылыммен қамту ісі қарқынды жүріп жатыр. Жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.