ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ 8 МЕМЛЕКЕТТІҢ 10 ҚАЛАСЫМЕН БАУЫРЛАС ҚАЛА ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНА ИЕ
2023 жылдың басынан бері Сыртқы байланыстар бөлімімен қала әкімі және қала әкімінің орынбасары деңгейінде шетел өкілдерімен әкімдік ғимаратында 16 кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында қалада инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізілді және елшілердің сыпайылық кездесулері ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, ҚХР-ның Сиань, Грузияның Кутаиси және Италияның Генуя қалаларымен бауырластық қатынас орнату бойынша келіссөздер жүргізілуде. Өз кезегінде, қазіргі уақытта, Шымкент қаласы 8 мемлекеттің 10 қаласымен бауырлас қала ынтымақтастығына ие. Атап айтқанда; Худжанд, Могилев, Байинь, Стивенэйдж, Измир, Паттайя, Ахарнон, Гросетто, Эскишехир, Адана. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Шымкент қаласымен бауырлас қалалардың басын қосу арқылы, бауырлас қалаларда қала экономикасын дамыту, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, мәдени құндылықтарды арттыру бағытында тәжірибе алмасу, бауырластық қарым қатынасты одан ары нығайту үшін дипломатиялық корпусқа арналған форум ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Айта кету керек, бүгінде үшінші мегаполисте туристерді тарту бағытында қыруар іс атқарылып келеді. Мәселен, кәсіпкерлердің ұсынысы бойынша қалаға келетін қонақтарға арналған креативті тақырыптық маршруттар дайындалып, арнайы буклеттер жасалды. Наурыз айында «Шымкент қаласы креативті индустрия ассоциациясымен» бірлесе Нью-Йорк, Милан, Париж секілді ірі сән апталықтарының негізін қалаушылар бастаған 30 шетелдік дизайнерлердің қатысуымен «Responsible Fashion Series» іс-шарасы ұйымдастырылды. Шара барысында қатысушылар «ShymQala» тарихи-мәдени кешенімен танысып, ұлттық киімдердің сән көрсетілімін тамашалады және ұлттық тағамдар дайындаудың шеберлік-сағаттарына қатысты. Бұдан бөлек, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ және «Jusan» банкінің бірлескен бастамасы аясында Шымкент қаласында «Креативті art» жобасы бастау алуда. Жобаға сәйкес, қаланың орталық көшелерінің біріндегі көпқабатты ғимаратта «Этно стильдегі мурал» салынатын болады. Бүгінгі таңда муралды салу үшін орын таңдалып қалалық сәулет басқармасымен келісілуде. Креативті индустрия саласында тәжірибе алмасып, халықаралық эксперттерді тарту мақсатында тамыз айында «Креативті апталық» өткізу жоспарлануда.