МОНОПОЛИЯНЫ ЖОЮ БОЙЫНША БІРҚАТАР БАСТАМАЛАР КӨТЕРІЛУДЕ

70
0

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ернар Қосбаев ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында бұқаралық ақпарат құралдарына арнап баспасөз брифингін өткізді. Онда департамент тарапынан атқарылған жұмыстар жайы сөз болды. 

Департамент басшысының айтуынша, агенттік құрылған сәттен бастап, агенттік төрағасының тапсырмасына сәйкес, департамент жанынан Кедергілерді жою жөніндегі кеңес құрылған болатын. Кеңестің құрамында қаламыздағы белгілі кәсіпкерлер, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы басшысының орынбасары, түрлі қауымдастық төрағалары мен заң өкілдерінен тұратын 13 адам бар. Кеңес құрылған сәттен бастап бүгінгі таңға дейін жалпы 16 жиын өткен. Онда мұнай саласы, фармацевтика, білім, денсаулық сақтау, жолаушылар көлігі және де басқа да салалар бойынша материалдар қаралып, ұсыныстар енгізілді. Нәтижесімен мұнай өнімдерін тауар биржасында сатып алу үшін ең төменгі меже мөлшері 20000 тоннадан 5000 тоннаға дейін төмендетілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы «Мемлекеттік білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларын бекіту туралы» №598 бұйрығында нарық субъектілеріне тең дәрежеде мүмкіндіктер берілмеуіне байланысты, тиісті өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар жолданды. Қазіргі таңда аталған ұсыныстар агенттік пен ҚР Оқу-ағарту министрілігі арасында жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл дегеніміз Кедергілерді жою жөніндегі кеңес жұмысының нарықтағы бәсекелестікті қорғау және дамыту бағытында тиімділігі өте ауқымды екенін аңғартады. Қазіргі уақытта Шымкент қаласы тұрғындарына, кәсіпкерлерге және де белсенді азаматтарға өз кәсібін дамыту барысында қандайда бір кедергілер кездессе, сол сұрақтарды кеңесте қарастырып, шешімін табуға мүмкіндіктері бар. Бүгіңгі таңға департаментпен 6 тауар нарығына талдау және 5 нарық субъектісіне тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Жасыратыны жоқ, бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына әсер ететін бірден-бір себеп – ол базарлардағы орынды жалдау ақысының қымбат болуы. Осыған байланысты, департамент базарларда азық-түлік тауарларына сататын жерлердің жалға алу бағасына талдау жүргізіп, 5 базар басшылығына тиісті Заң Кодексінің 169-бабы 2-тармағы бойынша, яғни нарық субъектілерінің сатылас келісімдерін жою жөнінде хабарлама шығарған. Хабарлама қорытындысымен базарлардың басшылығы базардағы орындарды тікелей жалдаушылармен келісімшартқа тұрып, ортадағы артық делдалды жоюға септігін тигізді. Қорыта айтқанда, нарықтағы монополияны жою бойынша бірқатар батыл бастамалар жүзеге асуда. Нәтиже де жоқ емес. Жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.