МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАУ ӘРІ ҚАРАЙ ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ

71
0

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова ақпараттық-коммуникациялық орталық алаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап брифинг өткізді. Жүзеге асқан жұмыстар жайын тарқатайық…

Басқарманың негізгі жұмыс бағытының бірі – әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беру. Бұл көмек бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Олар — аз қамтамасыз етілген отбасыларға ақшалай төлем, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша шаралар, яғни оқытуға, жастар практикасына, қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына, грант беруге және тұрақты жұмыс орындарына жолдама беру, табысы аз отбасылардың құрамындағы 1-6 жасқа дейінгі балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау, яғни бұл бастама бойынша ақшалай түрде әр балаға 5 175 теңге түріндегі көмек әр алушының жеке есепшотына жіберіледі. Атаулы әлеуметтік көмекке және кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға 2023 жылға бюджеттен 10,4 млрд теңге бөлінген. 2023 жылдың 3 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек аз қамтамасыз етілген 9 437 отбасыға немесе 47 751 қала тұрғынына тағайындалып, 1,2 млрд теңге атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген.

Бұдан бөлек, Шымкент қаласы бойынша 2023 жылы мүгедектігі бар азаматтарға қолдау шараларын көрсету үшін бюджеттен 7,3 млрд теңге қарастырылған. Спикердің айтуынша, жыл басынан мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беру іске қосылды. Яғни мүгедектігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс бере алады. Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес, әлеуметтік такси қызметі 2023 жылдан бастап ай сайын 5 АЕК немесе 17 250 теңгеден есеп шоттарына аударылуда. Әлеуметтік портал мен ЭЦҚ-мен жұмыс істеу үшін мүгедектігі бар азаматтарға басқарма ғиматарында өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылған және басқарма қызметкерлерімен әрбір адамға жеке-жеке көмек берілуде.