ӨНЕРКӘСІП ӨНІМІНІҢ КӨЛЕМІ АРТЫП КЕЛЕДІ

65
0

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың қыркүйек айында жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған басым бағыттар мен міндеттерді талқылау мен қоғамға түсіндіру мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде кездесулер ұйымдастырылып келеді. Дәл осы мақсатты көздейтін кезекті кездесу үшінші мегаполистегі «Карлскрона» ЖШС кәсіпорнының ұжымымен өтті.

Шараны AMANAT партиясының Шымкент қаласы Қаратау аудандық филиалы ұйымдастырды. «Мемлекет басшысы Жолдауда жаңа экономикалық бағдарымызды айқындап берді. Жаңадан кәсіп бастаушылар мен кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыздық мәселесін шешуде оң бетбұрыстар жасалмақ. Қазіргі таңда жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмысшыларға жағдай жасау, мамандар даярлауға көңіл бөлінуде. Нарықтық кезеңге сәйкес, шығарылған өнімдер де бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Жалпы Жаңа Қазақстанда өндірісті дамытуда бірлесе жұмыс атқаруға шақырамын» деді Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Талғат Балтабаев.  Айта кету керек, «Карлскрона» ЖШС-і сорғы жабдықтары мен құбыр арматуралары өндірісі жобасын жүзеге асыруда. Мекеме басшылары бүгінде өндірісті кеңейту жобаларын қолға алған. Кездесуде кәсіпорын жұмысшылары өз ұсыныстарын айтты. Жалпы Шымкент қаласында соңғы жылдары кәсіпкерлік сала айрықша қарқынмен дамып келеді. Күні бүгінде халықтың негізгі бөлігі дәл осы шағын және орта бизнес арқылы нәпақасын тауып жүр. Сондықтан мемлекет басшысының маңызды құжатта айтқан міндеттері мен бастамалары, сонымен қатар алдағы уақытта қолға алынатын жұмыстар жайы дәл осы саланың қызметкерлеріне кеңінен түсіндірілуде. Бұған дейін қоғамдық кеңес мүшелерінен жасақталған ақпарат-насихат тобы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Әлем-БТ» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесу өткізген болатын. Онда қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов «Қазақ халқында «Сананы тұрмыс билейді» деген сөз бар. Мемлекет басшысы Жолдауында осы мәселені көтеріп, экономикаға баса назар аударды. Ел экономикасын дамытуға Жолдаудың тұтас бір тарауы арналды. Сөздің тоқетеріне келсек, шағын және орта бизнеске қолдаудың маңызды екенін, оның ішінде банктер секілді қаржы институттары да жұмыс істеп, қолдау көрсетулері тиіс» деп атап өтті. Аталған жиында да кәсіпорын қызметкерлері өз ойларын ортаға салып, маңызды құжатта айтылған міндеттерді орындауға барынша үлестерін қосатынын айтты.