ШЫМКЕНТ: 11 АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР
Арнаулы әлеуметтік қызметтер әлеуметтік салада психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған мүгедек балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті І-ІІ топтағы мүгедектер мен қарттарға стационар, жартылай стационар, үйде қызмет көрсету жағдайында мемлекеттік мекемелерге альтернатив ретінде үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүзеге асырылады.
Осы бағытта басқармаға қарасты 11 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы бар. Онда 1030 қызметкерлер қызмет көрсетеді. Орталықтардың 2023 жылға жоспарланған қаржысы – 4 258,8 млрд теңге болса, оның 24,8%-ы игерілді. Есепті 3 ай кезеңге 2723 адам оңалту шараларымен қамтылғанын да айта кету керек. Бұл туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова ақпараттық-коммуникациялық орталық алаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне өткізген брифинг кезінде айтты.
Сонымен қатар 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Шымкент қаласында 219 отбасы, 299 адам «қандас» мәртебесін алған. Ал 6 айға қандас мәртебесін ұзартқандар саны 12 отбасынан 18 адамды құрап отыр. Көшіп келген қандастардың басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан келгендердің үлесінде.
Қоныс аударған қандастардың басым бөлігі құрылыс саласында жұмыс істейді, сауда-саттықпен және басқада жалдамалы жұмыстармен айналысады. Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына бүгінгі таңға дейін 47 қандас жүгінген. Олардың ішінен 29 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Атап айтқанда, 4 адам бос жұмыс орындарына, 2 адам жастар практикасына, 4 адам қоғамдық жұмыстарға, 18 адам «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде оқуға жолданған.
Айта кету керек, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Бастаманың берер мүмкіндігі көп. Біріншіден, қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады. Екіншіден, карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік санатына және отбасылық әл-ауқат дәрежесіне қарап мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы қызметін атқаратын болады. Үшіншіден, мемлекеттік қолдауды проактивті форматта жүргізу көзделген. Яғни азаматтарға әлеуметтік төлемдер мен көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп тағайындалады. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылатын болады. 2023 жылдың қаңтарынан бастап әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтердің 10 түрін көрсету бойынша 59 мыңнан астам СМС-хабарлама жолданып, 38,2 мың адамға төлемдер тағайындалды, оның 5,6 мыңы проактивты форматта жүзеге асырылды.