ҚОС ҚАЛА АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС НЫҒАЯ ТҮСПЕК

78
0

Кутаиси қаласының мэрі И.Хахалейшвилидің шақыруымен Шымкент қаласы туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Қалкабаев пен жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова Грузияның үшінші ірі қаласына іс-сапармен барды.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Сапар аясында Шымкент пен Кутаиси арасындағы туризм саласында екіжақты ынтымақтастықты дамыту бағытында кездесулер жоспарланған. Кутаисиде бүгін қала күні аталып өтуде. Шымкенттік делегация мерекелік салтанатты шараға қатысып, «Достық” аллеясында ағаш көшеттерін отырғызатын болады. Айта кетейік, мамыр айының соңында «Flyarystan» әуекомпаниясы Шымкент-Кутаиси бағытында аптасына екі күндік әуе қатынастарын жаңғыртпақ. Еске сала кетейік, 2023 жылдың басынан бері Сыртқы байланыстар бөлімімен қала әкімі және қала әкімінің орынбасары деңгейінде шетел өкілдерімен әкімдік ғимаратында 16 кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында қалада инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізілді және елшілердің сыпайылық кездесулері ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ҚХР-ның Сиань, және Италияның Генуя қалаларымен бауырластық қатынас орнату бойынша келіссөздер жүргізілуде. Ал, қазіргі уақытта Шымкент қаласы 8 мемлекеттің 10 қаласымен бауырлас қала ынтымақтастығына ие. Атап айтқанда, Худжанд, Могилев, Байинь, Стивенэйдж, Измир, Паттайя, Ахарнон, Гросетто, Эскишехир, Адана. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы Шымкент қаласымен бауырлас қалалардың басын қосу арқылы, бауырлас қалаларда қала экономикасын дамыту, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, мәдени құндылықтарды арттыру бағытында тәжірибе алмасу, бауырластық қарым қатынасты одан ары нығайту үшін дипломатиялық корпусқа арналған форум ұйымдастыру жоспарланып отыр.