ШЫМКЕНТТЕ СПОРТ ИНДУСТРИЯСЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

86
0
Үшінші мегаполистте бұқаралық спортты дамыту мақсатында бірқатар жобалар іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда шаһарда статистикалық есеп бойынша 1077 спорттық нысан тіркелген (оның ішінде, дене шынықтыру және спорттық мәндегі – 521, білім мекемелерінде – 503, спорт мекемелерінде – 53).
Жалпы 1077 спорт нысанның 150-і жеке меншікте. Биылғы жылдың 1 тоқсанында шаһарда «Үстел теннисі спорт кешені» және «Жаңа ипподром құрылысы» пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін қосымша 4 спорт кешенінің құрылысы аяқталып, халық игілігіне тапсырылмақ. Олар – «Металлург» стадионы, №12 спорт мектебінің қосымша корпусы, №20 спорт мектебінің спорт кешені және «SPORT LIFE» футбол орталығы. Шымкентте бұқаралық спортпен шұғылдануға барлық жағдай бар. Бұқаралық спортпен қамтылғандардың үлесі жылдан-жылға артып келеді. Айта кетейік, «1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесі аясында Шымкент қаласы Еңбекші ауданында елімізге танымал боксшы, Олимпиада жүлдегері Еркебұлан Шыналиевтің спорт залының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Спорттық нысанның ашылуына бокстан Қазақстан Республикасы құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов, бокстан әлем чемпиондары Махмұт Сабырхан, Сәкен Бибосынов, Қайрат Ералиев және т.б. белгілі спортшылар қатысты. Даңқты спортшылар жергілікті тұрғындарды жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, болашақ чемпиондар тәрбиелейтін орталыққа айналуына тілектерін білдірді. – Балалардың спортқа деген ынтасы жоғары. Ата-аналар да оларды үнемі қолдайды. Жаттықтырушылар да жеткілікті. Осыған дейін Көксай елді мекенінде спорт залы болмаған. Сондықтан осындай спорт залын ашуды жөн көрдік. Ауданның балаларын бір орталыққа жинап, бокс, дзюдо, каратэ, таэквандодан жаттықтырсақ деген мақсатымыз бар, – дейді спортшы Еркебұлан Шыналиев. Мерекелік кеште Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Жайлауұлы барша спортшыларды, тұрғындарды, балаларды мерекемен құттықтап, аталған залдан елдің абыройын әлемдік ареналарда асқақтатып, көк туымызды биіктен желбірететін мықты спортшылар тәрбиеленіп шыға берсін деген ізгі тілегін білдірді.