ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ: 11 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛЕДІ
Бүгінде Еңбекші ауданындағы Базарқақпа елдімекенінде бірқатар көше асфальттелуде. Ал Қараөткел көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Асфальтбетон жабындысы төселетін жолдың ұзындығы 0,9 шақырымды құрайды.
Заманауи құрылғылармен жабдықталған жылжымалы зертхана арқылы асфальт қабатының тығыздығы мен сапасы, қолданыстағы материалдардың талапқа сәйкестігі тексерілді. Жыл соңына дейін аумақтағы 6,6 шақырымды құрайтын 11 көшеге асфальт төсеу жоспарлануда. Олар: Атауы жоқ No1,2,3,4,5, Кеңгір, Қараөткел, Балқан, Алай, Қызылата, Сазқұндыз көшелері. Биыл жалпы қаладағы жол жабындысы жағдайын жақсарту мақсатында 297 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Айта кетейік, бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Шымкент қаласында қыруар іс атқарылып жатыр. Бұл жөнінде өткен аптада Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Қоқанбаев ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында БАҚ өкілдеріне арнап өткізген баспасөз брифингінде айтты. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, бүгінде Ташкент — Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Аталған жол 31 шақырымды құрап, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары және Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. 2023 жылы 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар ұзындығы 16 шақырымды құрайтын «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан Шымкент қаласы аумағы арқылы қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін сейілтуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек. Қаланың оңтүстік бағыттағы жалғыз кірме-шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы да салынуда.