ШЫМКЕНТТЕ СҰЙЫҚ ЖӘНЕ ҚАТТЫ САБЫН ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ САЛЫНУДА

76
0
Шымкент қаласындағы «Тассай» индустриалды аймағында тұрмысқа қажетті ылғалды сүрткіштер, сұйық сабындар, сондай-ақ антисептик секілді тазалағыш құралдарын шығаратын зауыт құрылысы жүріп жатыр.
Жоба «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, аталған жоба бастапқыдан баспалдақтан маңызды сатыға өтті. Зауыт жоспарға сай биыл іске қосылып, 40 адам жұмыспен қамтылатын болады. Айта кетейік, кәсіпорын қуаттылығы жағынан жылына 6 000 тонна ылғалды майлықтар, 500 тонна антисептик, 3 000 тонна сұйық сабын, 6 000 тонна қатты сабын өндіруге қауқарлы. Тұрмысқа қолданатын тазалық бұйымдарын шығаратын бұл жобаның құны 4 900 миллион теңгені құрайды. Бүгінде зауыттың іргесі мен қаңқасын тұрғызуға «Тассай» индустриалды аймағынан арнайы 0,8 гектар жер бөлініп, инфрақұрылым жүйелері жүргізілген. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде нарықта отандық тауар өндірісінің көлемі ұлғаятын болады. Жалпы Шымкентте экономиканың дамуына тың серпін беріп отырған саланың бірі – өнеркәсіп. Бүгінде Шымкентте жұмыс істеп тұрған 5 өндірістік алаң бар. Онда жалпы құны 350 миллиард теңгенің 335 инвестициялық жобасы жүзеге асып жатыр. Өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты, жаңадан жалпы аумағы 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аймағын құру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, жаңадан 3 индустриалды аймақ ашылып, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен Шымкент көлік-логистикалық аймағын кеңейту көзделуде. Бұл аймақтарда жалпы жиынтығы 400 млрд. теңгеге 284 инвестициялық жоба іске асырылады. Онда 12 мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Жаңадан құрылатын «Жұлдыз» индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Онда машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 200 млрд. теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Бұл 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған аймақта инвестициялық құны 147 млрд. теңге құрайтын, 42 жобаны іске асыру жұмыстарын бастап кеттік. Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 7 млрд. теңге құрайтын, 400-ден аса жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу көзделуде.