ШЫМКЕНТТІК 44 ДӘРІГЕР ИЗРАИЛЬ МЕМЛЕКЕТІНДЕ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРАДЫ

196
0
Шымкент қаласының медицина мамандары Израиль мемлекетінде біліктілігін арттыруда. Бұл тәжірибе жинақтау жұмыстары үшінші мегаполис медицинасының сапасын арттыруға зор мүмкіндік береді.
Шет елде оқуда жүрген дәрігерлер жедел медициналық көмек, ана мен бала саулығын жақсарту мен емдеу жұмыстары бойынша шеберлігін шыңдауда. Оқыту жұмыстары екі аптаға жалғасады. Жалпы шымкенттік дәрігерлер ағымдағы жылдың тамыз, қыркүйек, қазан айларында үш топ бойынша Израиль елінде тәжірибе жинақтауға жіберіледі. Қазір бірінші топтағы мамандар аталған елдегі медициналық ұйымдарда кәсіби білімін жетілдіруде. Израиль мемлекетінде білімін жетілдіретін топтың құрамында реаниматолог, пульмонолог, акушер-гинеколог, кардиолог, педиатр сынды дәрігерлерден жинақталған 44 медицина қызметкері бар. Айта кету керек, Шымкентте 2023 жылдың 5 айында нәресте өлімі 20,6%-ға төмендеген. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков мәлімдеді. Өз сөзінде «Шымкент қаласында жалпы өлім көрсеткіші 8%-ға және нәресте өлімі 20,6%-ға төмендеді. Жыл басына бері қалада Ана өлімі тіркелмеді. Ал туберкулезден болатын өлім-жітім 66%-ға төмендесе, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 6,5%-ға төмендеді», — деді спикер. Спикердің айтуынша, сонымен қатар халыққа сапалы, уақтылы медициналық қызмет көрсету мақсатында 10 медициналық ұйым аккредиттеуден өтті. Осы жылға 17 медициналық ұйымда аккредиттеуді жүргізу жоспарда бар. Жалпы Шымкентте балаларды оңалту қызметі дамып келеді. Жыл басынан бері «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесінде 162 бала қалпына келтіру және оңалту емінен өтті. Бұл туралы басқарма басшысы «Биыл сәуір айында неврологиялық және басқа да патологиясы бар 3 жасқа дейінгі балаларға арналған №2 оңалту орталығының базасында «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесі ашылды. Ол жерде барлығы 162 бала қалпына келтіру және оңалту емінен өтті. Балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында қалалық клиникалық балалар ауруханасында 180 төсектік жаңа корпус ашылды. Төсек саны 315-тен 495-ке дейін ұлғайтылды» деп атап өтті.