БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫ БАСТЫ НАЗАРДА

391
0

Білім – қай заманда болсын, қоғамның дамуына ықпал етіп келген, ықпал ете бермек те. Бұл тұрғыдан келгенде, мемлекетімізде қолға алынып жатқан шаралар аз емес. Ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қала берді, жүзеге асып жатқан жұмыстар жайы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында десек, артық айтпаған болар едік. Өйткені ел Президенті әрбір Жолдауында аталған салаға айрықша тоқталып, тиісті тапсырмаларды жүктеп келе жатыр. Мәселен, биылдың қыркүйек айында жариялаған «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет» деп атап өтті.

Жалпы мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру бойынша Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес. Соңғы жылдары қаладағы мектептердегі орын тапшылығын жою мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ауқымды жұмыстар атқарылды. Кейбір білім ордаларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Материалдық-техникалық база да заман талабына сай жаңғырып келеді. Бұл оқушылардың ғылыммен, шығармашылықпен айналысуына жол ашуда. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, жуырда Шымкент қаласындағы № 8 мамандандырылған гимназияның 11 сынып оқушысы – Смайыл Мөлдір жаңартылатын энергия көзін құру тәсілі ретінде гидроэнергетикалық жүйелерге негізделген қосымша энергия өндіруді болжау және басқару ғылыми жобасын жасап шығарды. Жас ғалым «Ғалымдар 50 жылдан кейін адамзат көміртегі отынының жетіспеушілігі проблемасына тап болады деп болжайды. Ал, 100 жылдан кейін бұл отын болмауы мүмкін. Демек біз жаңартылатын энергияға көшуіміз керек» — дейді. Ол  ғылыми жобаны қолға алғанда  жартылай өткізгіш материал қабаттарының кең жолақты аймақпен және электрліктің  су тамшыларымен өзара әрекеттесуі арқылы электр энергиясын өндіру мүмкіндігін зерттеп көрмекші болған. Жоба іске асқан жағдайда тұтыну үшін жеткілікті ток генерациялау мүмкіндігін тексеру және практикалық зерттеу арқылы электр энергиясын өндірудің оңтайлы жағдайларын жасауды көздейді. «Жобада тамшылардың кинетикалық энергиясын түрлендірудің бірегей әдісіне және далалық жартылай өткізгіш құрылым мен электрет арқылы трибоэлектрлік және баллдық электр энергиясының электр энергиясына әсеріне назар аударылады. Зерттеудің негізгі аспектілеріне құрылғының жұмыс принципі, арнайы полимер бетіне (политетрафторэтилен) түсетін су тамшылары онымен әрекеттесіп, электр өрісін тудыратын, электр тогының пайда болуына әкелетін құрылғының жұмыс алгоритмі ұсынылған. Практикада жаңартылатын энергия көзі ретіндегі маңыздылығын көрсете отырып, әртүрлі салаларда әзірленген әдісті енгізу және пайдалану бойынша ұсыныстар ұсынылды. Бұл технологияны қолдану дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділікті едәуір төмендетіп, тұрақты энергетиканың дамуына үлес қоса алады» -деді Мөлдір Смайл. Смайыл Мөлдір Ю.П. Грязновтың жетекшілігімен гимназистердің шығармашылық тобының қатысушысы. Өткен жылы Ө.Жолдасбеков атындағы механика және математика бойынша Халықаралық жобалар байқауының жүлдегері атанған. Бүгінде Ю.П.Грязнов балалардың жұмысы мен идеясын жетілдіруді жалғастырып келеді. Айта кету керек, Шымкент қаласының мектептеріндегі жалпы компьютерлік құрылғылар саны – 56 746 дананы құрайды. Қала мектептерінде орта есеппен 1 компьютерге келетін оқушы саны 4-ті құрайды Интернетпен қамтуға келсек 2022 жылы мектептердегі интернет жылдамдығы 20 Мбит/с төмен болған. Аталған мәселені шешу үшін 2023 жылдан бастап Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты Цифрландыру басқармасы арқылы мектептердің цифрлық білім беру ресурстарының қолжетімділігін арттыру үшін жылдамдығы 100 Мбит/с кем емес интернетпен, бейнебақылау және дабыл батырмаларын Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына интеграцияланып, 50 Мбит/с қамтамасыз етілген. 2022 жылы 12,8 млн теңге қаржы қаралып, 133 758 оқушы ыстық тамақпен қамтылса, 2023 жылы 134 228 оқушы қамтылған.